Шахмат
Астанада Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының шахматтан «Senat Оpen» – II Ашық кубогы турнирінің финалы мәреге жетті.
Турнирді Қазақстан шахмат федерациясы Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты мен Freedom Broker компаниясының қолдауымен ұйымдастырды. Шараға барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары, облыстық және қалалық қоғамдық кеңестердің мүшелері, ардагерлер мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты
Естеріңізге сала кетейік, турнир идеясын ҚР Парламенті Палатасының төрағасы Мәулен Әшімбаев ұсынған болатын. Бұл бастаманы Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Турлов қолдады.
Финалдың ашылу салтанатында Сенат спикері Мәулен Әшімбаев соңғы жылдары елімізде зияткерлік спорт түрлерін дамытуға ерекше көңіл бөлінгенін және оның жастардың бойында ойлау мен патриотизмді қалыптастырудағы маңызды рөлін атап өтті. Елімізде кәсіби және әуесқой деңгейлерде осы ойынды үйрету үшін жағдайлар жасалған.
Ауқымды шахмат марафонының финалдық кезеңіне Көкшетау, Түркістан, Семей, Орал және Талдықорған қалаларында өткен жартылай финалдардың жеңімпаздары мен жүлдегерлерінен құралған 215 қатысушы жиналды.
Ақмола облысының командасы турнирге 10 ойыншы ұсынды. Олар қоғамдық кеңестердің мүшелері Баянбек Бақтыбаев, Рашид Галимжанов, Досбол Келденбек, Сергей Катревич, Қуаныш Иманбаев, ардагерлер Андрей Вишнев, Рымбек Ғабдуллин және мәслихат депутаттары Мереке Жүсіпов, Амангелді Жүсіпов және Ерлан Хасенов. Жарыс жекелей және командалық есепте өтті.
Шілде айында Көкшетауда өткен іріктеу турының жеңімпазы атанған Ақмола облысының командасы Астанада шағын кубокқа ие болды. Сонымен қатар, біздің шахматшылар солтүстік өңірлердің командалары арасында үздік атанып, жалпыкомандалық бесінші орынға ие болды.
–20 команданың ішінде бұл керемет нәтиже. Барлық қатысушыларды осы жетістігімізбен құттықтаймын және лайықты ойын өрнегін көрсеткендері үшін әр спортшыға алғыс айтамын, – деп атап көрсетті өз сөзінде құрама капитаны Серік Биғожин.
Ақмола облыстық мәслихатының баспасөз қызметі.
![]()

