Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Кәсіптік білімнің ойлантар тұстары көп - АРҚА АЖАРЫ

Кәсіптік білімнің ойлантар тұстары көп

Облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркеновтың қатысуымен «Кәсіби білім және бизнес: серіктестер дөңгелек үстелі» VI өңірлік форумы болып өтті.
Осы күні форумға қатысушылар алдымен, Көкшетау қаласындағы «Достар» мәдениет сарайының кіреберісінде қойылған «Жастардың ғылыми әлеуеті – ЭКСПО-2017  көрмесіне қосқан үлесі» тақырыбындағы көрмені аралап  көрді. Көрмеге облыстағы бірқатар колледждердің озық ойлы өнертапқыштары өз еңбектерін қойыпты. Форумға облыстық басқармалар, мемлекеттік емес ұйымдар, кәсіпкерлер мен  техникалық және кәсіби білім беру мекемелерінің басшылары қатысты. Олардың алдында облыс әкімінің орынбасары сөз сөйлеп, форум жұмысына сәттілік тіледі.
– Елбасының Қазақстан халқына арнаған Жолдауына сәйкес, биылғы жылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің Жарлығымен бекітілген тиімді жұмыспен қамтуды және бұқаралық кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында «Баршаға тегін кәсіптік-техникалық білім» жобасы жүзеге асырылуда. Осыған байланысты бағдарламаның бірінші бағытының аясында қажетті кәсіби білім алудың, сондай-ақ, жұмыс берушілердің сұранысын есепке алып мамандар даярлаудың тиімді жүйесін құру жоспарлануда. Біздің өңір үшін жаңа әдістемелік оқытуды қолданып, өнеркәсіп орындарымен және ауыл шаруашылығы кәсіпорындарымен бірлесіп мамандар даярлау тиімді. Оқу орындары мен әлеуметтік серіктестердің бірлесе жұмыс істеуі әртүрлі формада жүргізіліп, техникалық және кәсіптік білімді жаңғыртудың барлық негізгі аспектілерін қамтамасыз етуге бағытталған. Әлеуметтік серіктестер кәсіптік-техникалық білімнің мазмұнын жаңартуға қатыса алады. Студенттер қазіргі заманғы технология мен техниканы толық меңгеріп, алдыңғы қатарлы кәсіпорындарда тәжірибеден өтулері тиіс, – деді Нұрлан Нұркенов өз сөзінде.
Мамандар даярлау жүйесіндегі маңызды орынды кәсіптік-техникалық мамандарды даярлаудың тиімді формасының бірі – оқытудың дуальді жүйесі алады. Бұл жүйе студенттердің тәжірибелік біліктілігін дамытуға және кәсіпорындағы жұмысының сапалы болуына мүмкіндік береді. Форум барысында облыстық кәсіпкерлер палатасы мен колледждердің кәсіптік-техникалық мамандарды даярлаудағы бірлескен қызметі, облыстың агроөнеркәсіптік кешеніндегі мамандар қажеттілігі туралы кеңінен сөз болды. Сондай-ақ, дуальді оқыту жүйесін енгізу аясында мамандар даярлауда серіктестікті дамыту, колледжде жұмысшы мен мамандарды даярлаудың келешегі, еңбек нарығының талаптарына сәйкес білім беру мазмұнын жаңарту назардан тыс қалмады.
Бұдан соң VI өңірлік форумның қатысушылары өз ұсыныстарын айтты. Жастарды оқыту, жүйемен  оқыту арқылы жұмысшы мамандығына тарту, тәжірибеден өткізу тәрізді өзге де жұмыстар белсенді жүргізілмек. Форум соңында облыстық білім басқармасы мен кәсіпкерлер палатасының, әлеуметтік серіктестер мен техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының арасында меморандумға қол қою рәсімі болып өтті. Бұдан соң облыстық білім басқармасының басшысы бірқатар әлеуметтік серіктестерді Алғыс хатпен марапаттады.

Рамазан Тілеуов.

Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар