Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
«Ақмола – жырымның арқауы» - АРҚА АЖАРЫ

«Ақмола – жырымның арқауы»

Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінде облыстық халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығының ұйымдастыруымен «Астана ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесіне арналған «Ақмола – жырымның арқауы» атты жекпе-жек айтыс болып өтті.

Айтыс облыстық мәдениет басқармасының қолдауымен өңірімізде ақындар айтысын жандандыру мақсатында қолға алынып отыр. Ақындар шешендік өнердің асыл қазынасы – айтыс аламанында өз жырларымен жас ұрпақтың бойындағы патриоттық сезімді,  Отанға, елге деген сүйіспеншілікті арттыруға үлес қоспақшы.   
Жас ақындардың жыр додасы түре айтыс, қайым айтыс және тосын тапсырма секілді үш кезеңнен тұрады. Түре және қайым айтыс түрлері бұрыннан белгілі болғанымен, жұртшылықты қызықтырған тосын тапсырмада ақындар төрт конвертке салынған қызықты суреттерді көрерменнің алдында ашып, сол суретке қатысты өлең шығарып, екі жақты жырлайды. Және бір ерекшелігі, айтысты бағалау үш бөліктен тұрады. Мәселен, арнайы құрылған қазылар алқасы ақындарға бір баға берсе, залдағы көрермендер де дауыс беру арқылы бағалайды және Интернет желісі арқылы дауыс беру де бір ұпай саналады. Жүзден жүйрік шығып, оза шапқан жыр сүлейіне «Ең үздік жас ақын» дипломы мен арнайы бағалы сыйлық тапсырылады деп күтілуде.
Алғашқы жұпта Аршалы ауданының атынан шыққан Құрмет Құралхан мен бұландылық Нұрислам Әбділдің сөз тартысы тартымды өтті. Бағалаудың үш кезеңі бойынша да озып шыққан Нұрислам жеңіске жетіп, екінші айналымға жолдама алды. Ал, Құрмет Құралхан енді бұл аламанға тек келесі жылы ғана қатыса алады. Әр жолы бір ақындар жұбы ғана айтысатын бұл айтыстың келесі жұбы – ерейментаулық Ерлан Дәулет пен бұландылық Қожаберген Қоңқай ақпан айының 15-і күні сөз өнерінің додасында бақ сынайды. Сол сияқты алдағы уақытта Қуаныш Оспанов пен ақкөлдік Нұрболат Серік, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің студенті Мұхамед Қоңқаев пен зеренділік Екпін Советхандардың аламаны болады деп жоспарланған.
Бір атап өтерлігі бұл айтыс дәстүрлі түрде жыл сайын өткізілетін болады деп жоспарлануда. Әзірше биылғы жоба сегіз ақынмен шектелген. Алдағы жылдары ақындыққа ден қойған жастардың қатары көбейіп, олар да жыр додасында бақтарын сынайды деген ойдамыз.
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар