Ел ырысы

Облысымызда орақ науқаны қызу қарқын алуда. Диқан қауымы бүгінгі күнге дейін 2 миллион тоннадан астам дәнді және дәнді-бұршақты дақылдарды бастырды.

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Шортанды ауданына  жұмыс сапары барысында «Петровское» акционерлік қоғамының егін алқаптарын аралап, ауданның ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен кездесті.

Аймақ басшысы Ақмола облысы елдің астықты әрі басты бір аграрлық өңірі екенін атап өтті. Ендеше дәл біздің агроқұрылымдар саланың дамуына драйвер болуы тиіс:

– Мол өнім, жоғары қайтарым және әлеуметтік жауапкершілік қатар ұштасуы қажет. Жер құнарлылығын тиімді пайдалану, ғылыми тәсілді енгізу және мемлекеттік қолдауды орнымен қолдану керек. Мемлекет басшысы Ұлттық Құрылтайда, күні кешегі ел халқына Жолдауында да ауыл шаруашылығы экономиканың басты драйверіне айналуы тиіс екенін айқын атап өтті, – деді Марат Ахметжанов.

Шортанды ауданында биыл көктемде 199,5 мың гектар дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар, шамамен 40 мың гектар мал азығы дақылдары егілген. Бүгінгі күнге дейін егін алқаптарының 30 пайызы жиналды, орташа өнімділік гектарына 15,5 центнерді құрап, 108,9 мың гектар алқаптың астығы бастырылды.

Облыс әкімінің жұмыс сапары Петровское ауылында жалғасты. Мұнда шаруашылық халыққа қомақты көмек көрсетіп келеді. Оның балансында спорт кешені мен демалыс орталығы бар. Сонымен қатар, акционерлік қоғам мектеп пен балабақшаны тамақпен қамтамасыз етеді, жолдарды жөндейді және көшелерді абаттандыру жұмыстарымен айналысады.

Компания президенті Данияр Абентаевтың айтуынша, шаруашылық алдағы уақытта да бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін барынша түсініп, ауыл тұрғындарына қол ұшын бере түспекші.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар