Батыр ерлігі мен есімін асқақтатқан киелі орта

Мәлік Ғабдуллин музейіне – 30 жыл

Биылғы 2025 жыл Көкшетау қаласындағы Мәлік Ғабдуллин музейі үшін ерекше маңызды жыл болып табылады. Өйткені, осы жылы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығы, Кеңес Одағының Батыры, академик, жазушы Мәлік Ғабдуллиннің 110 жылдығы және аталмыш музейдің 30 жылдығы сияқты аса мәнді оқиғалар атап өтілуде.

Үстіміздегі жылдың 15 қарашасында Кеңес Одағының Батыры, академик, филология ғылымдарының докторы, профессор, КСРО Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, жазушы, Қазақстан Республикасының ғылым саласының үздігі, Ш.Уәлиханов атындағы сыйлықтың лауреаты, қоғам қайраткері Мәлік Ғабдуллиннің туғанына 110 жыл толғалы отыр. Мәлік Ғабдуллиннің өнегелі өмірі ел тарихында жарқын із қалдырды. Ол өскелең ұрпақтың есінде Батыр ғана емес, қазақ фольклорының зерттеушісі, көрнекті қоғам қайраткері, ғылым мен педагогика саласының дамуына елеулі үлес қосқан ғалым-педагог ретінде сақталады. Оның бай шығармашылық мұрасы әлі күнге дейін ғылыми-зерттеулердің, әдеби еңбектердің жазылуына және деректі фильмдердің түсірілуіне арқау болып отыр.

Отыз жылдық тарихы бар Мәлік Ғабдуллин музейі Көкшетау қаласындағы рухани орталықтың  біріне айналды. Музей – Мәлік Ғабдуллиннің ерлігін қоғамдық санада орнықтыру, оның ғылымды дамыту мен өскелең ұрпақты тәрбиелеудегі үлесін жоғары бағалау мақсатында, 1995 жылдың 4 қыркүйегінде Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1993 жылғы 7 мамырдағы Қаулысы мен сол кездегі Көкшетау облысы әкімінің №1391 өкімі бойынша ашылды.

Музейдің құрылу тарихы оны жүзеге асырған адамдардың тағдырымен де тікелей байланысты. Олар бұл музейді Кеңес Одағының Батыры, академик, даңқты жерлесіміз Мәлік Ғабдуллиннің 80 жасқа толуына арнап ашуды ұйғарған болатын. Мәлік батырдың есімі мәдени және ғылыми саланың және қазақ фольклорының даму тарихымен тығыз байланысты. Сол себепті, туған жерінде оның өмірі мен еңбегіне арналған музей ашу қазақ халқының тарихында өшпес із қалдырған тұлғаны ел есінде қалдырудың маңызды қадамына айналды.

Мәлік Ғабдуллин музейін ашу идеясы кездейсоқ пайда болған жоқ. Бертін тарихи-мәдени ескерткіштерді, әсіресе, ұлттық әдебиет пен ғылымның дамуына үлес қосқан көрнекті тұлғаларды еске алатын нысандарға ерекше назар аударылды. Музейде жазушы және ғалымның құжаттары, кітаптары, қолжазбалары, фотосуреттері, жеке заттары жинақталған. Музей Мәлік Ғабдуллинді есте сақтайтын орын ғана емес, бүгінде өскелең ұрпақ рухани азық алатын орталыққа айналды.

Музей ашу тек ғимарат тауып, экспонаттарды орналастыру ғана емес. Бұл – тарихты әңгімелейтін, жастарды тәрбиелейтін, оларды музейге келгеннен кейін де әрбір экспонат арқылы тиісінше ойландырып, көкейде ізгі әсер қалдыра алатын кеңістікті қалыптастыру деген сөз. Бұл ойды және осы жерді мекендеген көпшілік тілегін алғашқы болып осы музейді ұйымдастырған ерлі-зайыпты абзал жандар, Мәлік ағаның немере інісі, журналист-жазушы Жанатай Бекенов пен келіні, аталмыш музейдің тұңғыш директоры Мәриям Кенжеахметова ойдағыдай жүзеге асырды.

Музей қорында музейді ашу барысында атқарылған үлкен жұмыстарды растайтын құнды түпнұсқа құжаттар сақталған. «Музей тарихы» атты папкада сол кездегі Көкшетау облыстық әкімдігінің 1993-1995 жылдардағы қаулыбұйрықтары, Көкшетау облыстық әділет басқармасының мемлекеттік тіркеу куәлігі, музейдің алғашқы ережесі, даңқты жерлесімізге бюст орнату мен музей үйіне бөлінген ғимаратты жаңарту үшін көмек көрсеткен кәсіпорындар мен ұйымдардың тізімі бар.

Сонымен қатар, музей ашу үшін алғашқы материалдар жиналып, олар талданып, тақырыптық-экспозициялық жоспар жасалып, дизайн жобасы бекітіліп, ғимарат монтаждалып, витриналар дайындалып, экспонаттар жинақталды. Мәриям Кенжеахметованың сол кездегі Көкшетау қаласының әкімі мен оның орынбасарына, Қазақстан Республикасы Парламентінің төрағасына жазған хаттары сақталған. Сондайақ, Мәскеу мэрі Юрий Лужковқа Мәлік Ғабдуллиннің Екінші дүниежүзілік соғыстағы Мәскеуді қорғауда көрсеткен ерлігі мен батырлығына қатысты тарихи маңызы бар құжаттар және экспонаттармен мүмкін болса, осы музейге көмек-қолдау көрсету жөнінде жазған хаты да бар. Сарғыш тартқан қағаздардан музейді ашу идеясы мен оны жүзеге асыру бастамаларының маңызын түсінесің. Соның нәтижесінде қаламызда ерекше мақтанышпен айтып жүретін музей жұмыс істеп жатқанын баса атап өтуге болады.

Музей сол жылдары қаланың Горький мен Урицкий көшелерінің қиылысында орналасқан ғимаратта ашылғанды, қазіргі уақытта бұл Нұрсұлтан Назарбаев пен Еркін Әуелбеков көшелері. Бертін қайта жаңартылып, бұрынғы үлгісімен қарағайдан қиылып салынған ғимарат сол кезде де, қазір де қаланың ең таныс өзгеше ғимараттарының бірі болып есептеледі. Алғашқы ашылғаннан бері музей ғимараты бірнеше рет осындай үлкенді-кішілі қайта жаңарту жұмыстарынан өтті, көшелердің аттары өзгерді, бірақ, сыртқы сол келбетін сақтап, халыққа күткендегідей қызмет көрсетуде. Сонау 1912 жылы әйгілі саудагер Багаутдин Баязитовтің баспанасы ретінде салынған үйдің тағдыры уақыт өте келе осылай өрбіді. Өткен ғасырдың ортасында мемлекет меншігіне өтіп, 1995 жылға дейін түрлі мекемелерге пайдалануға берілді, қазіргі уақытта бұл ғимаратта келген қонақтарға есігін айқара ашқан біздің музей орналасқан.

Музей ашылған алғашқы кезде оның қорында бар болғаны 978 экспонат болды. Бір жылдың ішінде 2000-нан астам құнды материалдар мен құжаттар жиналып, сол жылдың соңына қарай музейдегі заттар саны 3281-ге жетті. Мұндағы әрбір экспонаттың өз тағылымды тарихы бар. Көбі даңқты жерлесіміз Мәлік Ғабдуллиннің өзіне қатысты тіректеп жиналған көнермес дүниелер. 1997 жылдың ақпанында ҚР Қауіпсіздік кеңесі мен Қорғаныс министрлігінің қолдауымен, музейдің сол кездегі директоры Мәриям Кенжеахметованың бастамасымен Алматыдан Көкшетауға Батырдың жеке кітапханасы көшірілді. Сол жылдың сәуір айында музей қорын М.Ғабдуллиннің шахматы мен белгілі қазақ жазушысы У.Балқашевқа жазылған хат толықтырды. Мемлекеттік архивтен 100ден астам фотосуреттердің көшірмелері, қолжазбалары және М.Ғабдуллиннің жеке қорының сипаттамасы әкелінді. Сол жылы заттық құжаттар мен қолжазбалардан бөлек, қорға 1943 жылғы деректі-хроникалық фильмнің көшірмесі келіп түсті, фильмде майданнан Қазақстанға қысқа мерзімді демалысқа келген М.Ғабдуллиннің туған жеріне, яғни, біздің өңірге сапары баяндалған.

Осының бәрінде музей жүріп өткен жол даңғыл болды деп айтуға әсте келмейді. 1997 жылдың басында, қақаған қыста қаланың жылу жүйесіндегі ірі апат салдарынан бұл музейде де жылыту жүйесі істен шықты. Бірақ, соған қарамастан, аз уақыт ішінде музейдің қосалқы залдарында уақытша экспозиция ұйымдастырылып, жұмыс істеп тұрды.

Сол 1997 жылы 10 қазанда музейдің жаңартылған экспозициялық залдары келушілерге қайтадан есігін ашты. Батыр туып-өскен Зеренді ауданындағы «Қойсалған ауылы» диорамасы, шежіре жаңартылды. Залдар даңқты жерлесіміздің ата-анасы қолданған керосин шамы, ат әбзелдері, кітаптар, фотолар, әскери форма, компас, М.Ғабдуллиннің басқа да киімдері мен марапаттары сынды жаңа экспонаттармен толықты. Ең маңызды экспонаттардың қатарында Ғабдуллиннің дауысы жазылған аудио-кассета және академиктің жеке ісі бар. Ал, қазақтың көрнекті жазушылары Д.Әбілев пен Ә.Нұршайықовтың М.Ғабдуллин туралы естеліктері видео түрінде тіркелді. М.Ғабдуллиннің ұстазы әрі ғылыми жетекшісі М.Әуезовтың қорынан «М. Ғабдуллиннің аспирантурадағы жеке оқу жоспары», сондайақ, 1938-1941 жылдары КазПИ-де кандидаттық минимумды тапсыру туралы анықтама құжаттарының ксерокөшірмелері алынды.

Музей қорын толықтыру мақсатында қор сатып алу комиссиясы құрылып, жергілікті тұрғындардан құнды заттар сатып алынды. Олардың ішінде атап айтар болсақ, Ұлы Отан соғысы жылдарындағы артиллериялық бөлімдердің офицерлері мен командирлері пайдаланған әскери компас та бар.

2005 жылы Ақмола облыстық әкімдігінің «Көкшетау қаласындағы М.Ғабдуллин музейі ғимаратының авариялық жағдайы туралы» № А1/26 қаулысымен музейдің ескі ғимараты толықтай реконструкциядан өтті. Алты ай ішінде жаңа заманауи ғимарат салынды. Құрылыс жұмыстары аяқталғаннан кейін, 2005 жылдың 19 тамызында музейдің жаңа ғимаратының салтанатты ашылуы өтті. Ең алғашқы құрметті қонақ – сол уақытта Ақмола облысына жұмыс сапарымен келген Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев Мәлік Ғабдуллиннің ескерткіш мүсініне тағзым етіп, музейге өз қолтаңбасын қалдырды.

Кейін жаңа экспозицияның жасалуы музей қызметкерлерінің он жыл бойы жүргізген ғылыми-зерттеу және жинақтау жұмыстарының нәтижесі деуіміз керек. Жиналған материалдардың негізінде экспозициялық жоспар әзірленіп, жаңа экскурсиялық мәтін бекітілді. Жаңа экспозицияда материалды көрсету үшін үш сатылы әдіс қолданылды. Бұл әдістің ерекшелігі, әрбір залдың тақырыбын айқындайтын коллаждар сұлбасына музей экспонаттары қойылды. 2019 жылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында музей залдары заманауи технологияларға сәйкес реэкспозициядан өтіп, жаңа құрылғылармен қамтамасыз етілді. Бүгінде Батыр музейі кіріспе зал мен Мәлік Ғабдуллиннің өмірі мен қызметіне арналған төрт экспозициялық залдан тұрады.

Бірінші зал – «Ұядан ұшып қияға самғаған» деп аталады. Бұл залда М.Ғабдуллиннің ата-тегі, балалық шағы, КазПИ-дегі оқуы, қазақтың көрнекті жазушылары мен ұстаздары туралы материалдар бар. Сонымен қатар Мәлік Ғабдуллиннің диссертациясы, әр түрлі жылдардағы фотосуреттер, Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік архивінен әкелінген жеке құжаттардың көшірмелері қойылған.

Екінші зал – «Ұлттың ұлы, халықтың қаһарманы» атауын алған. Бұл залда Мәлік Ғабдуллиннің соғыс кезіндегі ерлігі туралы баяндалады. Экспонаттардың ішіндегі ең құндысы – 1943 жылғы Кеңес Одағы Жоғарғы Кеңесі Президиумының «Кеңес Одағының Батыры атағын беру туралы» түпнұсқа Жарлығы болып табылады.

Үшінші зал – «Жүрегінен нұр шашқан ұстаз ғалым». Батырдың соғыстан кейінгі қызметі туралы сыр шертетін бұл залда ғалымның әдеби және ғылыми еңбектері, соғыстан кейінгі жылдардағы марапаттары, жеке құжаттары, дипломдары мен аттестаттарының көшірмелері қойылған. Ал, осындай барлық құжаттардың түпнұсқасы музей қорында сақтаулы.

Төртінші залда келушілер ғалымның жұмыс кабинетімен, ұстанған заттарымен, жеке кітапханасымен таныса алады. Бұл жәдігерлер 1996 жылы Қазақстан Республикасы Қорғаныс Министрлігінің көмегімен Алматы қаласынан арнайы әкелініп қойылды.

Қызметкерлер күнбе-күн келушілерді музейдің экспозициялық залдарымен таныстырып қана қоймай, академик-ғалым Мәлік Ғабдуллиннің өмірі мен қызметін кеңінен насихаттап, жастарды, мектеп оқушыларын батырлық, отансүйгіштік рухта тәрбиелеуге ерекше көңіл бөледі. Музейдің ғылыми-танымдық және зерттеу жұмыстары «Таным», «Тағылым», «Насихат» бағыттарында жүзеге асырылуда. Қызметкерлеріміз халықаралық, республикалық, аймақтық деңгейде дәрістер, көрмелер, ғылыми конференциялар өткізіп тұрады.

Осы жылдар ішінде музей жұмысының ілгері басуына оның жан-жақты дамуы үшін елеулі еңбек сіңірген белгілі ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Құдайберлі Мырзабектен бастап тағы басқа да бірқатар азаматтар үлестерін қосты.

Музей жұмысының негізгі бағыттарының бірі өскелең ұрпаққа патриоттық тәрбие беру болып табылады. Ел экономикасы мен әлеуметтік-мәдени сала жан-жақты дамып келе жатқан қазіргі кезеңде жастарға отансүйгіштік тәрбие беру ешқашан өз өзектілігін жоймауы керек. Сондықтан, 1995 жылдан бері Мәлік Ғабдуллин музейінде «Жас ұлан» әскери-патриоттық клубы жұмыс істейді. Оның мақсаты жас ұрпақты Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне адал қызмет етуге даярлау. Республикамыз бойынша Мәлік Ғабдуллиннің есімі берілген тоғыз мектеп бар. Оның біреуі әрі негізгісі, облыс орталығы Көкшетау қаласындағы Батыр ағамыз өзі оқыған №3 орта мектеп. 2016 жылдан бастап осы мектептерде біздің музейдің бастамасымен «Жас ғабдуллиншілер» клубы жүйелі түрде жұмыс істеп келеді.

Бүгінгі таңда музей қызметкерлерінің басты міндеттерінің бірі Мәлік Ғабдуллиннің әдеби және рухани мұрасын халқымызға кеңінен насихаттау болып табылады. Мәлік Ғабдуллин музейі өзінің 30 жылдық тарихында еліміздің тарихы мен мәдениетін дәріптейтін белді бір ғылыми орталыққа айналды. Музей қонақтары арасында мемлекет қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері және алыс және шетелден келген қонақтар мен танымал спортшылар бар. Бұл күнде Көкшетауға жолы түскен құрметті меймандардың көбі осы музейге соқпай кетпейді.

Музейдің 30 жылдығы  қарсаңында Көкшетауға қарт Маңғыстаудан Мәлік Ғабдуллинмен Екінші дүниежүзілік соғыстың сұрапыл жылдарында қан майданда бірге болған Жарас Тасыровтың немересі Берік Тасыров ат басын бұрып, музей қорына атасынан қалған құнды жәдігерлерді тапсыруы музей қызметкерлері үшін айтарлықтай олжа болды. Осылай алдағы күндер де Батыр музейі үшін елдік пен ерлікті асқақтатқан небір маңызды  шаралар мен оқиғаларға толы жемісті кезең болады деген сенімдеміз.

Эльмира ЕРЖАНОВА,
Мәлік Ғабдуллин музейінің ғылыми қызметкері.

Көкшетау қаласы.

Суреттерді түсірген Нұрболат БЕКТҰРҒАНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар