Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Бұл жолы жоғары лауазымды мемлекеттік қызметшілердің тәртібі қаралды - АРҚА АЖАРЫ

Бұл жолы жоғары лауазымды мемлекеттік қызметшілердің тәртібі қаралды

Ақмола облысы бойынша мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы – Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы Берген Беспалиновтің төрағалығымен өткен отырыста облыстық жұмыспен қамтуды және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Дина Ахметжанованың қызметтік тәртіпті нығайту бойынша есебі тыңдалып, мемлекеттік қызметке нұқсан келтірген бірқатар қызметшілердің тәртібі қаралды.

Жыл басынан бері бірінші рет өткізіліп отырған Әдеп кеңесінің отырысында күн тәртібіне сай департамент  қызметкері Ербаян Сүлейменовтің облыстық жұмыспен қамтуды және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасында жоспарлы өткізілген тексерістің нәтижесінде анықталған олқылықтар мен заң бұзушылықтар туралы баяндамасы тыңдалды. Баяндама барысында басқармаға мамандардың тұрақтамауы, қызметшілердің жұмыстан өз еріктерімен босатылуы жөнінде арыз жазып, басқа қызметтерге ауысулары жиі орын алғаны айтылды. Былтырғы 2016 жылдың ішінде 16 адам жұмыстан өз еркімен шығып, тексеріс жүргізу уақытында біраз орын бос тұрған.  Басқармада сонымен қатар, айыппұл өндірудің уақыты дұрыс жолға қойылмаған, тиісті құжаттар талапқа сай орындалмаған. Өткен жылы 3 адам қызмет барысында әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Басқарма басшысы Дина Ахметжанова тексерісте анықталған олқылықтар мен кемшіліктердің орын алғандығымен толық келісіп, мекеме құжаттарындағы сәйкеспеушіліктер бұрынғы басшыдан қалған мұра, ал, ұжым мүшелерінің тұрақтамауы еңбекақының төмендігінен болып отырған мәселе екендігін тілге тиек етті. «Жастар еңбекақысы жақсы, тұрақты жұмыс тапқанша аталмыш басқармада істеп, кейін кетіп қалады» деді ол. Бұл ретте, кеңес мүшелері басқармаға жұмысқа орналасуға келген үміткерлерді мемлекеттік қызметке қабылдау бойынша әңгімелесу кезеңіне шақырғанда, сұхбаттасу барысында олармен тиісті жұмыс істеп, мақсаттарын анықтап алулары қажеттігін ескертті. Сондай-ақ, біздің кейбір басқармаларда енді ғана оқу бітіріп, мемлекеттік қызметке  жұмысқа орналасуға келген азаматтарды екі-үш апта сынақ мерзіміне алып, олардың қолдарына 5-6 папканы ешнәрсе түсіндірместен ұстата салып, тапсырма беріп қоятындар да бар. Заң жүзінде жаңа келген маманға тәлімгер бекітілуі тиіс. Өмірінде бірінші рет көріп тұрған құжаттарды реттеу тұрмақ, жоғары оқу орнын жаңа бітіріп келген тәжірибесіз азаматтар оны қалайша дұрыстайды?  Нәтижесінде басшылыққа жұмыстары ұнамайды, сосын олар жас маманмен қош айтысады. Мұндай мекемелер көп. Жастарды жұмыс барысында үйретіп, бағыт-бағдар берсе ғана  олардан білікті маман шығады. Кеңес мүшелері басқарма басшысына осы мәселені ерекше ескертіп, жұмысты тиімді
және тиісті деңгейде ұйымдастыруды тапсырды.
Бұдан әрі мемлекеттік қызметке нұқсан  келтірген және Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексінің нормаларын бұзған мемлекеттік қызметшілердің тәртібі қаралды. Бұл орайда, Ақмола облысының табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Руслан Әубәкіровтің мемлекет қаржысын мақсатсыз жұмсауы туралы мәселе көтерілді. Ол орындалған жұмыстарды қабылдау жөнінде шешім әзірлеу кезінде «Нұр және Д» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне заңсыз, жұмыс толық орындалмай тұрып, қомақты көлемдегі қаржыны ерте аударған.
Соның нәтижесінде аталған серіктестікке Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделмеген көмек көрсетілген. Басшы өз сөзінде прокуратура қызметкерлерінің тексерісі кезінде денсаулығына байланысты еңбекке жарамсыздық парағында болғанын жеткізді. Сондай-ақ, ол прокуратура қызметкерлері мен тиісті органдардың басқармада жүргізген жоспарлы мемлекеттік тексерісінен кейін шығарылған анықтамалар оның қолына тимегендігін, тексеру актісі шығарылған соң, елді мекендерде жүзеге асырылып жатқан жобалардың құрылысы тоқтап қалғандығын айтты. Прокуратура қызметкерлерінің мәлімдеуінше, мемлекеттің қомақты қаражаты уақытынан бұрын аударылып, тиісті құжаттар сот іс қозғалған кезде ғана жасалған. Кеңес мүшелері жоғары лауазымды мемлекеттік қызметші Руслан Әубәкіровтің осындай кемшіліктер мен олқылықтарға жол бергені үшін қызметіне толық сай емес деген шешім шығарды.
Бұдан соң кеңес мүшелері Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің Ақмола облысы бойынша департамент басшысы Құлмахан Бегиловке қатысты тәртіптік істі қарады.
Ол Еңбекшілдер ауданындағы «Семізбай-U» кәсіпорнын тексеру кезінде Қазақстан Респуб-ликасы мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексінің талаптарын бұзыпты. Жоспарлы тексеріс жүргізуге комиссия атынан бір өзі ғана барыпты. Кәсіпорынның тыныс-тіршілігін, қауіпсіздік ережелерін сақтауы жөніндегі жағдайларды тексеруі кезінде жұмысшыларға бейпіл сөздер айтып, ар-намыстарына тиген. Тексеріс кезінде осындай сөздерге шыдай алмаған бір қызметкердің қан қысымы көтеріліп, құлаған. Отырыс кезінде ол барынша ақталуға тырысты, арнайы құжаттарды да дайындап ала келіпті. Дегенмен, кеңес мүшелері арызданушылар мен департамент басшысын тыңдай келе тиісті шешім шығарып, Құлмахан Бегиловке ескерту жариялады.

Ырысалды Шамшиева.

Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар