Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ащы судың салдары - АРҚА АЖАРЫ

Ащы судың салдары

Баршын бүгін досының үйінде қонып шықты. Кеше ол Салқаммен  Тасымбектің бау-бақшасындағы өсіп кеткен арамшөптерді жұлған. Кеш қарайған соң ғана Тасекең екеуінің еңбегінің ақысы деп бір шөлмек арақ пен бір бөлке нан берген. Соны қылдай бөлісіп, ішті. Таңертең Баршынның Салқамның үйінен шығып бара жатқанын көргендер, мына әйел тағы да тұрмысқа шыққан ба деп жатты.
Тағдыр біреуге бақты, атақ-даңқты, отбасы деген қасиетті ортаны, тіпті, барлығын бір сәтте беруін бере салғанымен, қолында ұқыптап ұстай алмаса, бір мезетте алып та қояды екен. Баршында осының бәрі бар еді. Он сегіз жасында жоғары оқу орнына түсіп, оқуын аяқтаған соң, қолына диплом алып, біздің ауылға мұғалім болып жұмысқа орналасты. Өзі сұлу, білімді, тәрбиелі қыз еді. Оқушыларды бірінші сабақта-ақ баурап алатын. Біз оның әр сабағын мұқият тыңдап, үйге берген тапсырмасын мүлт жібермей орындап келетінбіз. Бәріміз оған ұқсағымыз келетін. Мектепке келе жатқанын көріп қалсақ, сөмкесін көтеріспек болып жарысып, жармаса кететінбіз. Мұғалімнің сөмкесін көтеріп келген оқушы мәз-мейрам болып, мақтанатын.
Кейін ол осы ауылдағы Жанат есімді мұғаліммен бас қосып, отбасын құрды, үш баланы дүниеге әкелді. Жолдасының анасы да бастауыш сыныптардың мұғалімі болды. Ауылда бұл отбасыны мұғалімдер әулеті деп атап кетті. Шаттық пен қуанышқа бөленіп, тату-тәтті өмір сүріп жатқан тамаша отбасы еді. Тіпті, сол отбасынан үлгі алып, мұғалім болуды армандаған қаншама жан бүгінде ұстаз болып жүр.
Баршын үшінші баланы дүниеге әкелгеннен кейінгі бала күтімі демалысынан соң мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметін біраз жылдар бойы абыроймен атқарды. Жора-жолдастарының арасында сыйлы болды. Әріптестері де ерекше құрметтейтін. Мектеп директорының зейнетке шығатын уақыты мектеп түлектерінің қоштасу кешімен қатар келді. Бұл уақытта оған аудандық білім бөлімінен мектеп директоры бол деген ұсыныс түскен. Бірақ, «бір құмалақ бір қарын майды шірітеді» деген аталы сөз бар емес пе. Қашанда қазақты құртқан көре алмаушылық өз әріптестерінің ішінен шықты. Осы түлектердің мектеп бітіру кешінде Маржан есімді әріптесі оны қинап, қыстап, өзінің де қызы мектеп бітіріп жатқандығын айтып, ішімдік ішкізіп, мас қылып бүкіл мұғалімдер мен түлектердің алдында мазақ етті. Жолдасы оған намыстанып, үйіне келген соң ашуланып қол жұмсағанда бірінші болып қуанған да осы Маржан еді. Кейін ол жиын-тойларда бір дастарханға отырып, тағы да осындай жағдайларды ұйымдастырып жүрді. Бара-бара Баршын өзі сұрап немесе күйеуіне көрсетпей алып келіп, тығылып ішуді шығарды. Сөйтіп жүріп, мектеп директоры тұрмақ, мұғалімдіктен де шығып қалды. Содан кейін күйеуі де осы қу арақтың соңынан кетіп, салынып іше бас-тады. Екеулеп бірге ішіп жүрді. Ауылдағы маскүнемдермен дос болды. Ақыры жолдасы Жанатты да жұмыстан шығарып жіберді. Үлкен ұлы бұл кезде әскерде болатын, келген кезде ата-анасының осы жағдайын көріп, қатты қиналды, тіпті, арнайы сөйлеспекші де болды. Ата-анасы «сен бізді үйрететін кімсің?» деп, қарсы келді. Болмаған соң, өзі әскер қатарында болған өңірге жұмысқа кетіп қалды. Сол жақта үйленіпті. Одан кейінгі қызы да ата-анасынан бақылау болмаған соң, шылым тартып, арақ ішті. Ауылдағы жігіттермен көңіл көтеріп жүріп, бірнеше мәрте жасанды түсік жасатты. «Ата-анасының жағдайы анау, қызы да солардан асып қайда барады» деген сөздер ауылдың ішін желдей кезіп кетті. Абырой болғанда, жасы үлкен жігітке тұрмысқа шығып, қазір төрт баланы дүниеге әкеліп, бір үлкен отбасы болып отыр. Бұрынғы теріс қылықтарына өкінеді, ұялады…
Алайда, бар азапты Баршынның кіші ұлы көрді. Үйлері мектептің дәл жанында, таяқ тастам жерде еді. Сабаққа үнемі кеш баратын. Қарны аш, үсті-басы кір-кір. Мектепке сыныптастарынан ұялып барғысы келмей әзер келетін. Мектеп әкімшілігі қалада тұратын әкесінің туыстарына хабарласып, баланы өз қарамақтарыңа алмасаңдар, балалар үйіне жібереміз десті. Сөйтіп, туысқан ағасы келіп, алып кетіп, қаладағы беделді дарынды балаларға арналған мектептердің біріне оқуға берді. Алғыр да зерек бала сабақты жақсы бітіріп, Алматыдағы ҚазМУ-дің журналистика факультетіне мемлекеттік грантқа оқуға түсті. Қазір Алматыда танымал телеарналардың бірінде жұмыс істейді. Былтыр анасын алып кетуге келген, бірақ, Баршын бармады…
Баршын қазір бәрінен айырылған адам. Жолдасы мас болып жүріп, қақаған қыстың аязында далада қатып қалды. Баршын болса, бөтелкелестерімен бірге кезінде жолдасы екеуі жиып-терген үйдегі бар затты араққа айырбастады. Үйден үй қалмады. Кейін өзінің туған анасына барды. Онда да арақсыз тұра алмады. Анасының зейнетақысын үйге азық-түлік әкелемін деп сұрап алып, ащы суға жұмсады. Бұрынғы достарын қайта шақырып алып немесе олардың үйінде жатып, ішіп жүрді. Анасының денсаулығы сыр беріп, іштен шыққан шұбар жылан қызының мына жағдайына төзе алмады ма, көп ұзамай көз жұмды.
Әріптестері сыртынан әңгіме қылып, күледі. «Мен Баршын апай сияқты боламын» деген қаншама бала есейіп, ер жетіп, сол бір балауса кездегі мақтан тұтатын ұстаздарының бүгінгі хал-жағдайын көріп, сенгілері келмейді.  Ол оның барлығын жақсы біледі. Тіпті, іштей өкініп, жылап алатын да кездері болады. Бірақ, арақсыз  тағы тұра алмайды. Емдеу мекемесінде жатып, ем қабылдап та көрді. Алайда, одан ешнәрсе шықпады. Анасы көзі тірісінде бақсы-балгерлер, емшілерге де апарып, емдетпекші болды, одан да нәтиже болмады. Әйел адам ішімдікке бір салынса, оны қоюы екіталай екен. Бүгінде ол бірнеше мәрте үйленіп, айырылысқан Салқаммен дос, көңілдес, бөтелкелес. Жазда бірге көрші-қолаңның бақшасындағы арам шөбін жұлады, қыста отынын кеседі. Ішімдік тауып ішу де оңай емес. Арақтың азабын тартқан жалғыз
Баршын ба?..  
Ақмола облысында өткен 2016 жылы құқық қорғау органдары тарапынан үнемі арақ ішіп, көзге түскен 930 адам есепке алынған екен. Алкогольді  ішімдікке тәуелді болып, оның басыбайлы құлына айналған адамдар қатары жыл сайын көбеюде. Бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған мәліметтерге сүйенсек, өңірде маскүнемдік дертіне шалдыққандар қатары 8500 адамға жетіпті. Олардың қатарында нәзік жандылар мен кәмелетке толмаған балалар да бар.
Бүгінде облыс аумағындағы Ерейментау ауданының Сілеті селосында маскүнемдіктен емдейтін арнайы мекеме бар. Маскүнемдікке салынғандарды туыстарының өтінішімен немесе соттың арнайы шешімімен құзырлы органдар еріксіз емделуге жібереді. Жыл басынан бері осы мекемеге 402 адам мәжбүрлі түрде емделуге жіберіліпті.
– Өкінішке қарай, бірнеше айлық емдеу курсынан өтетіндердің бәрі бірдей ащы судан біржолата бас тартып кетпейді. Ауруханадан шыға сала араққа бас қоятындар жетерлік.  Санасына сіңіп қалған ішімдікке деген құмарлық оларды емделіп шыққаннан кейін де еріксіз маскүнемдікке қайта әкеліп жатады», – дейді облыстық наркологиялық диспансердің бас дәрігері Серік Әшімов.

 

Ертеңгі ұрпаққа тәлім-тәрбие беретін нәзік жанды қыз-келіншектердің теріс жолға салынуы алдымен қоғамға сын. Сондықтан, барша қауым болып осы бір дертпен күш сала күресуіміз қажет сияқты. Тек қалай, қайтіп?!. Басты мәселе міне, осында…

Ырысалды Шамшиева.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар