Талғамы биік, қадамы нық жас басшы

5 ҚАЗАН – МҰҒАЛІМДЕР КҮНІ

Қалың елге тәрбие мен білім беруде Ыбырай Алтынсарин мен Ахмет Байтұрсыновтай арыстарымыздың ерен еңбегі сіңгені бесенеден белгілі. Бірі қазақ қауымына алғашқы болып мектеп ашса, енді бірі оқулық жазды. Ағартушылықпен айналысты.  Мен де осы алғашқы ұстаздар тәрізді ұрпақ тәрбиесіне өз үлесімді қосу үшін мұғалім деген жауапкершілігі мол жолды таңдадым дейді бүгінгі біздің кейіпкеріміз, Зеленобор мектеп-гимназиясының директоры Мейрамбек Рақымжанов.

Мейрамбектей жас ұстаздың бұл пікірі білім беру саласында ер азаматтардың аздығынан туындап отыр. Оның пікірінше, білім саласында ер азаматтардың сабақ беруі жас ұрпақтың тұлға ретінде қалыптасуына тікелей әсер етеді. Сөзінің жаны бар. Себебі, бүгінде Ақмола облысының білім беру ұйымдарында 23 мыңнан астам педагог қызмет етсе, олардың 20-30 пайыздайы ғана ер азаматтар қауымы. Кейіпкеріміз атап өткеніндей, ертеде білім берумен, ағартушылықпен айналысқан адамдардың басым бөлігі ер  кісілер болатын. Десе де, бүгін заман өзгерген сайын ерлер ақпараттық-технологиялар мен техника, бизнес саласына бой алдыруда. Тіпті, мектептегі басшылық, олардың орынбасарлары былай тұрсын, дене шынықтыру мен алғашқы әскери дайындық пәндерінің мұғалімдеріне дейін әйел затынан болып келеді.  Ал, ер мұғалімдердің мектептерде сабақ беруі ұлдар мен әкесінің қамқорынсыз өсіп жатқан жеткіншектерге, жалпы оқушылар қауымына тәлім-тәрбие, ер адаммен қарым-қатынас, сыйластық орнатуды үйрену секілді жағдайларда өте маңызды.

Енді кейіпкерімізге қарай ойыссақ. Мейрамбек Құдайбергенұлы Бурабай ауданының Зеленобор ауылындағы игі мектеп-гимназияда директорлық қызметті абыроймен атқарып жүрген қазақ тілі мен әдебиетінің майталман мұғалімі. Солтүстік Қазақстан облысының Тайынша ауданы Жаңадәуір ауылында дүние есігін ашып, қазақтың салт-дәстүрі үзілмеген қарапайым отбасында ұлт әдебиеті мен мәдениетінің уызына қанып өскен бозбала 2010 жылы Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжіне оқуға түсіп, білім алады. 2010-2015 жылдар аралығында Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің филология факультетінде бакалавр, кейін магистр ғылыми дәрежелері бойынша білімін тереңдей түседі. Қайда жүрсе де белсенділігімен, алғырлығымен, мақсат қойғыштығымен, көшбасшылығымен ерекше көзге түскен жас маманды облыс орталығында өткен бірқатар пікірсайыс додаларында біз де көріп,  осындай бастамашыл жастың өсіп келе жатқанына қуанғанбыз.

Алғаш еңбек жолын қазір жұмыс істеп жүрген Бурабай ауданының Зеленобор ауылында қарапайым қатардағы мұғалім және аудармашы ретінде бастаған ол мамандық таңдарда ақыл-кеңесін аямай, қолдау білдірген арқа сүйер ата-анасы Құдайберген Рақымжанұлы мен Бақыт Естайқызына дән риза. Еңбек тәжірибесіне көз жүгіртсек, Щучинск қаласындағы №7 мектеп-лицейінде директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін де атқарыпты. Бүгінде педагог-зерттеуші, екінші дәрежелі басшы санаты бар кәсіби білікті жас маман еңбек жолын бастаған жұмыс орнында басшы, яғни, көпшілік мұғалімдер бара бермейтін мектеп директоры  қызметін атқаруда.

Ол алғашқыда жас маман ретінде Зеленобор ауылындағы мектеп-гимназиясына жұмысқа орналасқанда мемлекеттік «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасының шапағатын көріп, тиісті көтермеақысын, үй алуға берілетін жеңілдетілген несиеге қол жеткізіп, пәтерлі болған. Бағдарламаның арқасында сол келген ауылына сіңіп, осында өмірлік жарын тауып, шаңырақ көтеріп, отбасын құрған. Түтіні түзу ұшып жатқан жас отбасының шамшырағы, Мейрамбектің құдай қосқан қосағы Шынар Қожабекқызы да осы мектепте орыс тілі пәнінің мұғалімі. Бүгінде жас отбасы екі баланы дүниеге әкеліп, тәлім-тәрбие беруде.

Жауапкершілік жүгі зор қызметті атқарып жүрген Мейрамбектің ұстаздық жолды таңдауына туған-туыс, ағайындары игі әсер еткен екен. Әулеттерінде әкесінің туған бауырлары Сембі Рақымжанұлы мен Алтынай Рақымжанқызы өмірлерін ұстаздық ұлы жолға арнаған, бірталай жылдар мектеп басшысы лауазымын жемісті атқарған, білім саласының майталмандары. Осы аға-әпкелерін үлгі тұтқан Мейрамбек те олардың сара жолын жалғап, бүгінде ұрпақ тәрбиесіне өзінің елеулі  үлесін қосып жүргенін мақтан етеді. Сонымен бірге, 5-ші сыныптан бастап қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ берген ұстазы Алмагүл Самбаеваның да осы мамандықты таңдауға зор септігін тигізгенін де ыстық ықыласпен айтып жүреді.

Жас ұрпаққа білім беру жолында өзінің қолданатын әдіс-тәсілдері бар жаңашыл ұстаздан оқушыларға әдебиетті оқытудың жолдарын сұрап білуді жөн көрдік.

–Қазір заман басқа. Бұрынғыдай оқушыларға құлаш-құлаш романдар мен повестерді оқыта алмайсыз. Қазіргі оқушылар ғылыми тілмен айтқанда, альфа-балалар. Олар ұзын-сонар мәтіндерді оқи бермейді. Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі болғандықтан, біз қазіргі уақытта олардың оқу сауаттылығына, дұрыс сөйлеп, айтайын деген ойларын еркін жеткізулеріне назар аударамыз. Себебі, қазір ақпараттар заулаған инновация заманы. Сондықтан, көлемді шығармаларды оқыту да өзекті болмай қалды. Бірақ, біз балалардың мәтінмен жұмыс жасай білуіне, олардың берілген мәтінге дұрыс талдау жүргізуіне көп мән береміз. Ой қорыта білуіне көңіл бөлеміз. Қазіргі балалар өте мобильді, бірақ, тілдік дамулары төмен. Мектепке келгенде олардың сөйлеу тілі біздің кезіміздегідей жаттықпаған. Әлеуметтік желіде, телефонда көп отыратындықтан, олар вербалды сөйлеуді қажет етпейді. Сондықтан, олардың өз ойларын еркін жеткізулеріне көп назар аудару жайы жалпы білім беру жүйесі бойынша алға қойылған. Сол себепті мен сабақта көбінесе дебат, яғни, пікірсайыс жүйесін жиі қолданамын. Мектебімізде де дебат клубын ашып, жас жеткіншектермен жұмыс істейміз. Дебат жүйесі балалардың өз ойларын еркін жеткізуіне, көпшіліктің алдында ұялмай сөйлей алуына көп септігін тигізеді. Десе де, жеткіншектеріміздің ұлт әдебиетіне аса ден қойып, қазақы болмыс-бітімді, рухани бай шығармаларымызды оқып өссе екен деп те, бағыт-бағдар беріп отырамын. Өсіп келе жатқан жастар ана тілімізді құрметтеп, оның байлығын бағалап, түсінсе екен деймін. Тағы бір мәселе, оқу сауаттылығы бойынша балалардың мәтінді тек оқып, мазмұнын айтып қана қоймай, мәтінге талдау жасай алуына көңіл бөлемін. Өйткені, дамыған мемлекеттермен салыстырсақ, халықаралық тестілеу тапсырғанда біздің балалар мәтінмен жұмыс істеуден көп қиналады екен. Осыны ескеріп, мен оқу сауаттылығы, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінде балаларды мәтінмен жұмыс жасай алуына көп назар аударамын, –дейді Мейрамбек Құдайбергенұлы.

Бізде кейбір ұстаздар бұрынғыдай дәстүрлі сабақтар өткізгісі келеді, бірақ, оқушыларға ондай сабақтар қызықты болмауы мүмкін. Бұл турасында кейіпкеріміз:

–Қазіргі оқушылардың ортасы, қоғамы мүлдем басқа. Сондықтан, біз қазір альфа ұрпақтың қажеттілігіне сай білім беріп жатырмыз ба, жоқ па деп өзімізге сындарлы сұрақ қоя білуіміз керек. Мен де сондай мұғалімдердің бірімін. Қазіргі заманауи технологияларды, Президент айтып отырған жасанды интеллектіні пайдаланып, балаға сабақты неғұрлым қызықты қылуға және олардың өз смартфондары арқылы ақпарат іздеткізіп, соны зерттетіп, білім беруіміз керек. Қазіргі оқушыларға білім беру жүйесін оңтайландырып, оқытудың жеңіл жолын ұсына алмасақ, оларға білім алу қиын болып көрінеді. Сол себепті қазіргі уақытта сабақты заманауи талаптарға сай, жеңіл түрде оқушыларға жеткізуге тиіспіз, – дейді.

Өзіндік биік ұстанымдары мен мақсаттары бар, бастамашыл жас басшының айтуынша, мектеп-гимназияда бүгінде 560-тан астам оқушы білім алып, оларға 65 педагог тәлім-тәрбие мен білім беруде. Олардың 25-і соңғы 2-3 жылда келген жас мамандар екен. Директордың айтуынша, бүгінде жас мамандар аға буын өкілдерінен қандай тағылым алса, аға буын ұстаздар да жастардан қазіргі заманға сай модельдерді үйрене алудан ұялмау керек.

–Он бес жылдық педагогикалық тәжірибемде түйсінгенім, қазіргі заманғы мұғалім қандай болу керек десек, формальді талаптар – білім-біліктілік пен құзыреттіліктен бөлек, олардың адами құндылықтары мен  моральдық  қасиеттері биік болуы тиіс. Бүгінде мұғалімдік мамандығын таңдаған адамның бойында балаға деген махаббат, мейірімділік, жылулық болуы тиіс. Тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы демекші, қазіргі мұғалімдер, яғни, біздер құндылыққа негізделген білім беруді қолданамыз. Жалпы, мұғалімдік мамандықты таңдау бір үлкен миссия. Мұғалімдік мамандығын таңдарда жастар көп ойлану керек. Себебі, жас буынға білім мен тәрбие беру адамзат алдындағы үлкен жауапкершілік, –дейді Мейрамбек Рақымжанов.

Қазіргі уақытта мұғалімдер арасында «директор болудан гөрі, қарапайым қатардағы ұстаз болып жүрген артық» деген пікір қалыптасуда. Бұл орайда, кейіпкеріміздің өз айтары бар:

–Қай кезде болсын, мектеп директорларына жүктелетін жауапкершілік пен алдарына қойылатын талап өте жоғары. Бүгінде бұл қызметке замандастарымыздың көбі келгісі келмейді. Оның түрлі себептері бар. Мәселен, директорлардың еңбекақысы қарапайым сабақ беріп жүрген мұғалімнің алатынынан төмен. Десе де, бұл жауапкершілігі мол қызметті мойнына алып жатқан жастар өз алдарына үлкен мақсат қойған, миссиямен келеді деп ойлаймын, –дейді кейіпкеріміз.

Мейрамбек Құдайбергенұлы түрлі облыстық, республикалық деңгейде ұйымдастырылатын ұстаздар арасындағы байқаулар мен олимпиадалардың, форумдар мен семинарлардың қатысушысы, жеңімпаз-жүлдегері, номинанты. Солардың біразына тоқталсақ, 2013 жылы Алматы қаласында өткен республикалық педагогикалық олимпиадада «Өз ісінің шебері» номинациясын иеленсе, 2018 жылы қазақ тілі пәнінен республикалық мұғалімдер олимпиадасында 1 орынды иеленіпті. 2021 және 2023  жылдары мектеп басшылары арасында ұйымдастырылған республикалық дебат турнирлерінде бірінші орынды жеңіп алып, екі мәрте «Үздік спикер» атанған.  Сонымен қатар, оның марапаттар қоржынында аудандық білім бөлімі мен облыстық білім басқармасының, Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің  Алғыс хаттары бар. Бұған қоса, ол  бірталай республикалық конференциялар мен форумдардың, біліктілік арттыру қурстарының белсенді қатысушысы.

«Ұстазы жақсының ұстанымы жақсы» демекші, оның шәкірттері де түрлі олимпиадалар мен байқаулардың, Абай, Мұқағали оқуларының жеңімпаздары әрі жүлдегерлері.

Білім беру саласында еңбек етуді жүрек қалауымен таңдап алған білікті де жаңашыл ұстаз, білімді де бастамашыл жас басшымен әңгімелесе отырып, оның ұрпақ тәрбиесі мен білім беру ісіне шын жанашырлықпен атсалысып жүргенін түсіндік. Жас басшыға осы жолда биік белестерді бағындырып, саналы ұрпақ өсіріп шығару жолында берекелі еңбек тілейміз.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Бурабай ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар