Құрметті мұғалімдер! Қымбатты ардагерлер!
Сіздерді шын жүректен кәсіби мерекелеріңіз – Мұғалім күнімен құттықтаймын!
Мұғалім – тек қана мамандық емес, ұлы аманат. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев атап өткеніндей, адам баласы қандай биіктерді бағындырса да, мұғалімнің алдында өмір бойы оның шәкірті болып қала береді. Шынында, ұстаз еңбегі біздің еліміздің болашағына салынған берік іргетас іспетті.
Бүгінгі күннің барлық табыстары мен жетістіктерінде сіздердің еңбектеріңіз, қамқорлықтарыңыз бен парасатты тәлімгерліктеріңіз айқын сезіледі. Сіздердің төзімділіктеріңіз, өз істеріңізге сүйіспеншіліктеріңіз бен таңдап алған кәсіптеріңізге адалдықтарыңыздың арқасында Қазақстанды бар әлемге танытатын білімді де талантты жастардың жаңа шоғыры өсіп келеді.
Бүгінгі таңда аймағымызда 23 мыңнан астам педагог білім саласында жұмыс істейді. Жыл сайын мектептерге 500-ге жуық жас маман келеді. Оларды қолдау үшін «Дипломмен – ауылға!», «Жастар тәжірибесі», «Алғашқы жұмыс орны» сияқты мемлекеттік бағдарламалар іске асырылуда. Көптеп жаңа мектептер салынуда. Осының бәрі мемлекет тарапынан әлемдік деңгейдегі білім сапасына қол жеткізуге жасалып жатқан маңызды қадам.
Бүгінгі күні бүкіл бар саналы өмірін жас ұрпаққа білім мен тәрбие беру ісіне арнаған педагогикалық еңбектің ардагерлеріне ерекше алғыс сезімімізді білдіреміз.
Құрметті ұстаздар!
Шәкірттеріңіз сіздерді жаңа жетістіктермен қуанта берсін. Ал, әрбір еңбек күндеріңіз құрмет пен алғысқа толы болсын. Сіздерге зор денсаулық, бақыт, отбастарыңызға амандық-саулық тілеймін!
***
Құрметті ұстаздар қауымы, педагогика саласының ардагерлері!
Ақмола облысының депутаттық корпусының және өзімнің атымнан Сіздерді кәсіби мереке – Мұғалім күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Осы айтулы мерекеде өскелең ұрпақты білім беру мен тәрбиелеу ісіне қосқан баға жетпес үлестеріңіз үшін шын жүректен алғыс пен терең құрмет сезімімізді қабыл алыңыздар.
Сіздердің әр күндеріңіз жас буынның болашағын қалыптастыруға бағытталған жауапты еңбек. Заман ағымы сіздердің алдарыңызға жаңаша міндеттер қойып отыр. Сол үдеден көрінуде сіздердің еңбектеріңіз баға жеткізгісіз.
Отанымыздың болашағы, мемлекетіміздің келешегі жас ұрпақтың қолында. Олардың өрісті ойы, өркенді ісі, табанды талабы тек біліммен ұштасқанда ғана биік белестерге жетеріміз анық. Адамзат баласының дамуында білімнің қажеттілігі сол білімді таратушы, жеткізуші ұстазға, оның біліктілігі мен шеберлігіне тікелей байланысты.
Сіздердің мемлекетіміздің қамқорлығына, халықтың өздеріңізге артып отырған сеніміне жауапкершілікпен қарайтындарыңызға сенемін.
Баршаңызды мерекелеріңізбен құттықтай отырып, зор денсаулық, шығармашылық шабыт, тың педагогикалық табыстар, отбасыларыңыздың амандығын тілеймін!
Бейбіт ЖҮСІПОВ,
Ақмола облыстық мәслихатының төрағасы.
![]()

