Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Жақсы өнім өндірсек, өңірдің өңі кіріп, дәулетіміз арта түседі - АРҚА АЖАРЫ

Жақсы өнім өндірсек, өңірдің өңі кіріп, дәулетіміз арта түседі

 

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың әр жыл сайынғы Жолдауын дүйім жұрттың тағатсыздана тосатыны бар. Әріден ойластырылған Жолдаумен бірге жыл келгендей жаңалық леп, соны серпін, тың бастамалар қолға алынады. Осының бәрі айналып келгенде тұтастай тәуелсіз еліміздің тұғырын нығайтып, берекесін еселеуге бағытталады.

 

Биылғы жылғы Жолдау «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» деп аталған екен. Бірден Жолдаудың тақырыбына мұқият назар  аударайық, шынында да  тәуелсіздік алған жиырма бес жылдың ішінде еліміз талай дүниелерді басынан кешірді. Алғашқы жылдары қиын-қыстаудың көп болғаны да жасырын емес. Қазір соның барлығы ертегі іспетті. Даму, қалыптасу кезеңінде қол жеткізген табыстарымыз, жетістіктеріміз де аз емес. Жоқтан бар жасау ешуақытта оңай болған емес.   
Биылғы Жолдауында «Мен Қазақстан халқына жаңа дәуір қарсаңында сөз арнап отырмын» деп бастады өз сөзін тәуелсіз еліміздің Тұңғыш Президенті. Жаңа дәуір дегенде нені ұғасыз? Өз басым ең алдымен дүниенің тынысы ағын су сияқты сапырылысып жатқандығын, бүгін айтулы оқиға, ғажайып жаңалық болып саналатын соны дүниенің қас-қағым сәтте ескіге айналатындығын, әр күн сайын ұлы дүбірлі өзгерістердің өріс ашатындығын меңзеп отыр деп түсіндім. Демек, біздің тәуелсіз мемлекетіміз де жан ұшырған жаңалықтар ғасырында ұлы көштің сұлбасынан қалып қоймауы керек. Есесіне Елбасы айтып отырғанындай, әлемдегі өркениеті өрге жүзген, экономикасы қарқынды дамыған мемлекеттердің алдыңғы легінен орын алуымыз керек-ақ.
Ол үшін дәл қазір пайдаланып жүрген технологияңды мәңгілік санамай, жетілдіру, техникалық прогрестің бар қуатын пайдалану, жер шарының кез-келген түкпіріндегі игілігі мол тәжірибелерді біздің де үйреніп, қорытып, байытып, кәдеге асырып, дамудың даңғыл жолына түсуіміз қажет.
Жолдауды  тұтастай саралау мақсат емес. Өз басым бүге-шігесіне дейін жете байыптайтын аграрлық сектор саласына қойылып отырған жаңа міндет төңірегінде пікірімді айтқым келеді. Иә, Елбасымыз көптеген позициялар бойынша ірі аграрлық-экспорттық өнім өндірушілердің бірі екендігімізді айтып отыр. Шынында да солай. Шет-шегі жоқ қазақ даласының құт бөккен байтақ жеріндегідей ақық дән мен ақтылы мал басқа қай елде бар.
Тек бір әттеген-айы, ұзақ жылдардан бері шикізат өндірісімен ғана айналысатындығымыз жанымызды жабырқата береді. Арғы-бергі дәуірлердің тынысын сүзіп, сандаған мемлекеттердің қуатын безбендесеңіз, шикізат сатып шекесі шылқыған ел жоқ. Өңделмеген шикізаттың құны тым арзан. Ендігі арада сапалы өнім шығаруды қолға алу керек. Өнім болғанда да қуатты мемлекеттердің тауарымен бәсекеге түсе алатын, тұтынушының талғамынан шығатын өнім болса ғана маңдай тердің ақталғаны.  Ал, оған жету оңай-оспақ шаруа емес. Ит басына іркіт төгілген кешегі кеңес заманында да өңдеуші кәсіпорындар аз болды. Ол заманда да тек қана шикізат өңдеумен айналыстық.
Айтылған құнды пікір, келелі істің бастамасында менің жаныма өте жақын дүниелер бар екен. Мысалы, «Бес жыл ішінде 500 мыңнан астам жеке үй шаруашылықтары мен шағын фермерлерді кооперативтерге тартуға мүмкіндік беретін жағдай жасау керек» делінеді. Өз басым тым ұсақ шаруашылықтардың жеке-жеке табысқа қалай жететінін түсіне алмаймын. Жер өңдеу де, мал бағу да оңай емес. Ол үшін ең алдымен техникаң сақадай сай болуы қажет. Барлық материалдық-техникалық базаң да. Ал, бізде қолында бір комбайны, бір тракторы жоқтар да егін екпекші болады. Егіп те жүр. Сосын да ғой әркімге бір жалынып, еккен егінін уақытылы ала алмай, қар түскенше қарбаласып жүретіндіктері. Елбасының осы бір пайымы көңілге қонымды. Өндірілген өнімнің өңдеу сапасын жақсартып, сақтау-тасымалдаудың және өткізудің тиімді жүйесін құру туралы пікірі де көкейге қонады. Онсыз ауыл шаруашылығы құрылымдары ешқашан табыс таба алмайды.
Міне, осындай тұстары ауыл шаруашылығы саласында жарты ғасыр еңбек еткен мен үшін өте ұғынықты. Ел мерейін тағы бір жаңаша серпінмен көтеруге арналған, еліміздің үшінші жаңғыруына бағытталған Жолдауды қолдай отырып, өзімнің оң пікірімді айтқым келеді.
Болат КӨШІМБАЕВ,
партия-кеңес қызметінің ардагері.     
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар