Сенатор қой шаруашылығының жай-күйіне алаңдайды

Депутаттық сауал

 Жуырда Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Онда сенаторлар электрондық сауда мәселелері туралы заңды қарады.

– Қаралған хаттама шетелдік интернет-алаңдарда сатып алынған тауарлардың кедендік шекарадан өту тәртібін айқындауды көздейді. Соған сәйкес «электрондық сауда операторы» ұғымы және кедендік декларацияның жаңа түрі – электрондық сауда декларациясы енгізіліп отыр. Құжатта кедендік әкімшілендіруді жетілдіруге арналған өзге де нормалар бар. Алдағы уақытта заң Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер арасында электрондық сауда саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға оң септігін тигізеді деп сенеміз, – деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар, Палата отырысында сенаторлар өздерінің депутаттық сауалдарын жолдады. Солардың ішінен Талғат Жүнісов елдегі жұқа жүнді қой шаруашылығының жай-күйіне тоқталып, бұл салада қиындықтар артып келе жатқанын атап өтті. Депутат жасаған ұсыныстардың қатарында Қазақ қой шаруашылығы филиалына қажетті стратегиялар әзірлеу және іргелі зерттеулер жүргізу жөніндегі үйлестіруші орталыққа айналатын ғылыми-зерттеу институты мәртебесін қайтару туралы бастама да бар.

Сенатордың мәліметінше, Қазақстанда биязы жүнді қойлардың бас саны күрт азайып барады, бұл ауыл шаруашылығының тұтас бір саласына қауіп төндіруде. Соңғы екі жылда тұқымдық мал саны екі есеге жуық қысқарып, 2022 жылғы 409 мың аналық бастан 2024 жылы 250 мыңға дейін төмендеген. Негізгі себептері – өңдеу кәсіпорындарының жабылуы, жаңа өндірістердің болмауы және жүннің сатып алу бағасының күрт төмендеуі.

– Қазіргі жағдай үлкен алаңдаушылық тудырады. Биязы жүнді қой тұқымдары бірнеше буын ғалымдар мен мамандардың көпжылдық еңбегінің нәтижесі әрі халқымыздың құнды мұрасы. Егер шұғыл шаралар қабылданбаса, Қазақстан жоғары экспорттық әлеуеті бар стратегиялық маңызды саладан айырылуы мүмкін, – деп атап өтті Талғат Жүнісов өз депутаттық сауалында.

Сондай-ақ, ол елде тұқымдық мал болғанына қарамастан, асыл тұқымды мал өсірумен айналысатын шаруашылықтардың жоқтың қасы екенін айтты. Көптеген елдерде бұл жұмысты арнайы асыл тұқымды мал зауыттары мен фермалар атқарса, Қазақстанда тұқымдық жұмыс жүйесі іс жүзінде жойылған. Ал, биязы жүнді қой тұқымдарының артықшылықтары көп. Олар жоғары сапалы жүн беріп қана қоймай, әлемдік нарықта сұранысқа ие ет өнімін де көбірек өндіреді.Осыған байланысты сенатор бірқатар нақты шараларды ұсынды. Атап айтқанда:

– Қазақ қой шаруашылығы филиалына ғылыми-зерттеу институты мәртебесін қайтару, асыл тұқымды қой өсіретін репродукторлық шаруашылықтар құру, тұқымдық мал басын сақтау және көбейту шараларын тікелей қаржыландыруды енгізу, биязы жүн өндірушілерге тікелей субсидия беру, сондай-ақ, биязы жүнді қой тұқымдарын сақтау мен жетілдіруге арналған мемлекеттік ғылыми-техникалық бағдарламаны қабылдау қажет, – деді депутат.

ҚР Парламентінің баспасөз қызметі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар