Өңірлік коммуникациялар қызметінде Ұлттық экономика министрлігінің Ақмола облысы бойынша табиғи монополияларды реттеу департаменті басшысының орынбасары Тамерлан Кенжебаев журналистермен брифинг өткізді.
Ақмола облысында табиғи монополиялар қызметін реттеу саласында айтарлықтай өзгерістер мен жаңа тетіктер енгізілуде. Табиғи монополияларды реттеу департаментінің басты міндеті – тарифтік саясаттың ашықтығын қамтамасыз ету, инвестициялық тартымдылықты арттыру, энергия мен ресурстарды үнемдеу және ең бастысы – тұтынушылардың мүддесін қорғау.
Бүгінде облыс бойынша 65 табиғи монополия субъектісінің қызметі қадағаланады. Олар 151 түрлі қызмет көрсетеді. Биыл департаментке 146 есеп келіп түсті. Сараптама бойынша тарифтік сметалар мен жүзеге асырылмаған инвестициялық бағдарламалардың 2,7 миллиард теңгеден астам сомасы бары анықталды. Оның басым бөлігі жылумен жабдықтау секторына тиесілі.
Дегенмен, тұтынушылардың да пайдасына шешілген жаңалықтар бар. Жылумен жабдықтау қызметін қайта есептеу нәтижесінде тұрғындарға 44,2 миллион теңге қайтарылды. Бұл өткен жылдармен салыстырғанда едәуір жоғары көрсеткіш.
Алайда, инфрақұрылымның тозығы жеткен. Электр желілерінің тозу деңгейі – 62 пайыз, сумен жабдықтау – 53 пайыз, су бұру – 64 пайыз, жылумен жабдықтау – 57 пайыз. Олқылықтарды жою үшін «Инвестицияға айырбастау тарифі» бағдарламасы шеңберінде биыл инвестициялық жобалар көлемі 5,4 миллиард теңгеден асты.
Жалпыұлттық жоспар аясында энергетикалық және коммуналдық секторды жаңғыртуға 2025-2029 жылдары 15,1 триллион теңге бағытталмақ. Ал, Ақмола облысына биылдың өзінде 8 миллиард теңгеден астам инвестиция тарту көзделіп отыр. Бұл қаржы жылу, су және кәріз желілерін жаңғыртуға, жаңа нысандар салуға жұмсалмақ.
Мәселен, Көкшетау, Степногорск қалаларында жылу магистральдары қайта салынып, Бурабай мен Целиноград аудандарында су құбыры желілері жөнделеді. Сондай-ақ, Степногорскіде кәріз жүйесін жаңғырту жобасы іске асырылуда.
Жалпы, ұлттық жоба толық жүзеге асса, алдағы бес жылда апат деңгейі 20 пайызға төмендеп, тозығы жеткен желілердің жағдайы айтарлықтай жақсарады деген болжам бар.
Табиғи монополиялар саласы – халықтың күнделікті тұрмыс сапасына тікелей әсер ететін маңызды сектор. Сондықтан, тариф пен қызмет сапасы мәселесі әрдайым қоғам назарында. Аймақта қолға алынған реформалар мен жаңа жобалар саладағы ашықтықты күшейтіп қана қоймай, тұтынушылардың нақты пайдасын көздеуі тиіс.
Бейбарыс ШАЛАБАЕВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
![]()

