Тұмау мен жөтел жиілер тұр…

Ақмола облысында тұмау мен қызылша жұқтыру және көкжөтел аймақтың барлық аумақтарында байқалуда. Зертханалық көрсеткіштер көбінесе бұл сырқаттанушылық екпе алмаған балалар арасында жиі кездесетінін нақтылап отыр.

Ауырғандар қатарында 14 жасқа дейінгі балалардың саны басым. Бұл жөнінде аймақтың бас санитарлық дәрігері Серік Омарханов өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында айтты. 1 қазаннан бастап жедел респираторлық вирустық инфекциялар мен тұмаудың эпидемиялық маусымының басталауына орай, осыған байланысты облыста бірқатар санитарлық-профилактикалық шаралар атқарылуда. Негізінен, тұмауға қарсы вакциналау науқаны 15 қыркүйектен бастау алған болатын.

–Қызылша мен көкжөтел үшін екпенің маңыздылығын ескере отырып, біз барша тұрғындарды уақытылы вакцинациядан өтуге шақырамыз. Ақмола облысы аумағына жеткізілген бұл екпелер барлық тұрғындар үшін қолжетімді әрі оның сапасы жоғары. Себебі, ол жылдар бойы тексерілген және сертификатталған. Бүгінде кейбір аудандарда балалардың арасындағы иммунитеттің төмендігі мен екпеден бас тарту жағдайлары қызылшаның таралуына қолайлы жағдай туғызуда, – деді өз сөзінде Серік Омарханов.

Департамент басшысының айтуынша, 2025 жылдың қаңтар–тамыз айлары аралығында қызылшаның 226 зертханалық расталған жағдайы және көкжөтелдің 7 жағдайы тіркелген. Инфекция жұқтырғандардың басым бөлігі – 14 жасқа дейінгі балалар. Әсіресе, бір жасқа толмаған сәбилер арасында қызылша жиі кездесуде. Талдау нәтижесінде науқастардың шамамен 90 пайызының екпе алмағаны анықталып отыр. Осы орайда, облыстың санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларға уақытылы екпе алу қажеттігін ата-аналар есіне салады. Сондай-ақ, аймақ тұрғындарын вирустық инфекциялар мен тұмаудың эпидемиологиялық науқынының басталуына орай, дер кезінде тұмауға қарсы екпе алуға шақырады.

–Ағымдағы жылғы эпидемиялық маусымға денсаулық сақтау басқармасы мен медициналық ұйымдар тарапынан 78 мың доза вакцина сатып алынды. Бүгінде облысқа соңғы жылдары қолданыста жүрген, көршіміз Ресейде өндірілген Гриппол Плюс вакцинасы жеткізілді. Бұл екпе медициналық ұйымдарда «Д» есепте тұрған балаларға, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалғандарға және медициналық-әлеуметтік мекемелердің контингенті мен қызметкерлеріне,  сондай-ақ, эпидемиологиялық көрсеткіштері бар азаматтарға егіледі, – деді спикер.

Сонымен қатар, тұмауға қарсы екпе жұқтыру қаупі жоғары адамдарға да ұсынылады. Олардың қатарында жүкті әйелдер, медицина қызметкерлері, педагогтар, әскери қызметшілер, созылмалы аурулары бар науқастар мен қарт адамдар бар. Вакцинация тегін жүргізіледі, оны тұрғылықты жері бойынша емханалардан алуға болады.

Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар