Жағдай осы!..
Толғауы тоқсан тіршіліктің түйткілді жайлары таусылған ба?! Жуырда Зеренді ауданына қарасты Ортақ ауылдық округінің тұрғындары жол, ауыз су, жер мәселелерін айтып, редакциямызға хабарласты. Айтқандары, ауылға бастап апаратын 8 шақырымдық жол тәуелсіздік алған 34 жылдан бері дұрыс жөндеу көрмегені, бір рет жеңіл-желпі жөндеу көрсе де, оның сапасы адам жыларлық болып шыққаны, ауыз су құбырларын ағымдағы жөндеу бойынша ауыстырып жатқан компанияның жосықсыздық танытуы. Бұдан да басқа мәселелері шаш-етектен.
Мән-жайды білу мақсатында аудан әкімі Әсет Құрманғожиннің ауыл тұрғындарымен өткен кездесуіне баруды жөн санадық. Сол аудан әкімінің халықпен кездесуінен бір қарағанда, жергілікті билік тарапынан тиісті шешімдер қабылданып, елді толғандырған мәселелер ақырындап шешімін тауып жатқан тәрізді көрінді. Тек барлығы сол жерде берілген уәде түрінде ғана қалмаса игі дедік ішімізден.
1925 жылы осы төңірекке жер бөлісі мәселесімен келген Сәкен Сейфуллиннің өзі бұл мекенге Ортақ деген атау беріп кеткен. Қаймағы бұзылмаған қазақы ауылдардың бірі саналатын ауылдық округте бүгінде шамамен 90-нан астам түтін қалған. Кезінде 250-300 үйі болған кеңшар орталығының тұрғындары қазір бар-жоғы жалпы білім беретін мектепте, балабақшада, ауылдық клуб пен дәрігерлік амбулаторияда жұмыс істесе, қалғаны қалаға қатынап нәпақасын тауып жүр. Бүгінде осында тұрып жатқан қара халықтың шешілмей жатқан өзекті мәселелерінің ең маңыздысының бірі – ауыз су.
Толғауы тоқсан ауыз судың жайы
Ауыл тұрғындарымен есептік кездесуде аудан әкімі халықты толғандырған сапалы ауыз су бойынша нақты шешімдер қабылданып жатқанына сендірді. Айтуынша, алдағы аптада Ортақ ауылының барлық тұрғындары ауыз суға қол жеткізеді. Ол үшін аудандық бюджеттен қаржы да қарастырылған. Сол есептік кездесуде халық алдында бұған дейін жобаға енбей қалған 23 тұрғын үй мен әкімшілік бірге отырған клубқа да су кіргізу үшін ауданның тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімі арқылы негізгі сметаға қосымша құжат әзірленетіні баяндалып, тапсырыс бойынша ауданның резервтік бюджетінен қаржы бөлу негізінде қаулы шығарып, іске асыруға тапсырма берілді және тұрғындардың сұрауы бойынша мердігер ұйымға осы атқарған жұмыстарына кепіл болатындай Меморандум жасасатындары айтылды. Бірақ, бұл қаншалықты талапқа сай жүзеге асатыны белгісіз. Себебі, халықты осы орнатылып жатқан жаңа құбырлардың орналасатын тереңдігі де толғандырып отыр.
Түсінікті болу үшін, құбырларды жаңарту жырын әріден бастасақ. Осыдан 57 жыл бұрын салынған құбырлардың тозығы жеткен. Ал, бес-алты жыл бұрын ауылдарды сапалы ауыз сумен қамту бағдарламасы аясында сол кездегі аудан басшылары сол ескі құбырлар арқылы ауыз судың әр үйге тартылуына жағдай жасаған. Енді міне, сол тозған құбырларды жаңарту қажет. Бұл ағымдағы жөндеу жұмыстарының жобалық-сметалық құжаттары бойынша ескі құбырлар пластикалық түріне ауыстырылуы тиіс екен. Бірақ, ауыл халқы мен ауылдық округ әкімі Манарбек Ғайсиннің айтуынша, жаңа құбырларды «Қайырғожа И.К» мердігерлік ұйымы 1,5-1,8 және 2 метрлік тереңдікте орнатуда.
Ертең-ақ қылышын сүйретіп қыс келері анық. Оның үстіне Арқада қыс қатты болатыны да белгілі. Тұрғындар сол ауыстырылып жатқан құбырлар қытымыр қыста қатып, елдің берекесін ала ма деп қапалануда.
Өкінішке орай, ауыл әкімі денсаулығына байланысты жұмысқа жарамсыздық қағазымен жүргендіктен, аудан әкімінің есептік жиналысына қатыса алмады. Соған қарамастан, әкімнің өзіне телефон арқылы хабарласып, өз аузынан жағдайды білуді жөн көрдік.
–Келісім-шарт бойынша мердігер ұйым ескі, тозған құбырларды алып тастап, орнына жаңасын 2,7-2,8 метр тереңдікте орнатуы тиіс. Бірақ, бұл жұмыстар шарттағы талаптарға сай атқарылып жатқан жоқ. Ескі құбырдың үстіңгі жағынан крот құрылғысымен көлденең бағытта қазу арқылы жаңалары орнатылуда. Ал, шарт бойынша мұны экскаватормен қазып, орнату қажет болатын. Сондықтан, осы олқылықтардан су беру дұрыс болмай шықса, бұған кім жауап береді? Халықтың алдымен, менен сұрайтыны анық. Ал, менің осы ауылдың зиратында басқаларын айтпағанда аталарым да, әкем де жатыр. Сол себепті ондай көзжұмушылыққа бара алмаймын, –деп мердігерлік ұйымның жұмысына көңіл толмаушылығын білдірді ауылдық округ әкімі Манарбек Назымбекұлы.
Шарт бойынша мердігер ұйым ағымдағы жылдың 3 шілдесінде жұмысқа кірісіп, 18 тамызға дейін су құбырларын ауыстырып берулері тиіс екен. Бірақ, ол екі айға жуық уақыттан кейін бір-ақ келген. Қазіргі уақытта ауылдық округ әкімі аталмыш мердігер ұйыммен келісім-шартты бұзып, талаптарды уақытылы орындамағаны, яғни, жұмысты белгіленген уақытта бастап, аяқтамағаны үшін мемлекеттік порталдағы сот кабинеті арқылы мердігер компанияны жауапсыз деп тануға сотқа берген. Ал, мердігер ұйым болса, осы уақытқа дейін атқарған жұмыстарының ақшасын қайтару бойынша қарама-қарсы сотқа арызданған. Егер сот бойынша аталған мердігер ұйым жосықсыз деп танылса, алдағы уақытта мемлекеттік тапсырыстарға тендер бойынша қатыса алмайды.
Бірақ, мердігерлік ұйымның жауапсыздық танытып, жұмысты кеш бастап, әрі талапқа сай орындамай жатқанына қарамастан, аудан басшысы Әсет Құрманғожин техникалық кеңес өткізіп, осы мердігер компаниямен жұмысты жалғастырып жатқанын есептік кездесуде айтты. Айтуынша, ондағы мақсаты – ауыл халқын қалай да ауыз сумен қамту, егер ертең осы іс-әрекеті үшін әкімшілік немесе тәртіптік жауапқа тартып, айыппұл салса, оны да өтеуге әзір екенін жеткізді.
– Құдықтардың өзі 2,10 метр, одан да кем тереңдікте жатыр. Кейбір үйлерге құбырлар 1,5-2 метр тереңдікпен ғана тартылған. Олардың қатып қалмауына кім кепілдік береді, қатып жатса кім жауап береді? – дейді ауыл тұрғыны Дүйсенбай Кенжеғарин.
Жиында мердігер компанияның өкілі алдағы аптада аудандық әкімдікпен қосымша келісім-шарт жасалып, бюджеттен қаржы қарастырылса, ауыл тұрғындарының барлығының үйіне дейін ауыз су жеткізілетінін айтты. Десе де, тұрғындардың айтуынша, аталмыш компания ел арасында өзін жайсыз, жауапкершілігі жоқ мекеме ретінде танытып үлгерген көрінеді.
Мемлекет басшысы 2025 жылы халықты 100 пайыз ауыз сумен қамту туралы тапсырма бергені белгілі. Осы тапсырманы орындау бойынша қолға алынған Ортақ ауылдық округінің ауыз сумен қамту жобасы 2023 жылы басталған, қаржы жағдайына байланысты кеш қолға алынып, сол жылы жаңа су жинайтын мұнара салынған. Енді осы жаңа құбырларды сол мұнараға қосу керек-ті. Бірақ, мердігер ұйым құбырларды әзірге ескі мұнараға жалғап қойған. Себебі, ол жаңа мұнараны салушы мердігер компания басқа, әрі онымен сот негізінде тиісті шаралар жүргізіліп жатқан көрінеді. Жалпы, ортақтықтарды ауыз сумен қамту жобасына бас-аяғы 69 миллион теңге қарастырылған.
– Ауыз суға қажетті құбырларды тартып жатқан мердігер ұйымның беделі төмен. Олай дейтінім, облыс аумағында бірнеше ауданда осылай су өткіземіз деп бір-екі айда аяқтайтын жұмыстарды едәуір уақытқа дейін, тіпті бірнеше жылға созып жіберген жағдайлары бар. Тіпті, олардың салдарынан Макинкада құбыр салу кезінде қайғылы оқиғалар да орын алыпты. Сондықтан, жұмысты кешіктіріп бастап, әрі жоба мен келісім-шартқа сай емес әрекет етіп жатқандарына наразымын. Бәрі заңды болу керек қой, –дейді ауылдық округ әкімі.
Логикалық тұрғыдан ойлап қарасақ, келісім-шарт бұзылып, екі тарап бір-бірін сотқа берген жағдайда, қолға алынған жұмыс тоқтатылуы тиіс. Жұмыс тоқтаса, халық ауыз сусыз қалады. «Былай тартсаң өгіз өледі, былай тартсаң арба сынады» демекші, жағдайдың ушығып кетпеуі үшін аудан әкімі жауапкершілікті өз мойнына алған тәрізді. Десе де, біз ауыл тұрғындарынан бастап, барлық тараптардың пікірін тыңдап, мердігер ұйымның артында бір «мықтының» тұрғанын аңғардық. Сыбайластық әрекеттері қанша күресіп жатсақ та, тоқтайтын еместігін көріп жүрміз ғой. Бұл жағдай да соның бір айқын дәлелі. Сонымен бірге, аудан әкімі мен ауыл округінің әкімдері арасында да өзара бір келіспеушілік бары байқалады. Халықтың әлеуметтік тұрмысына байланысты мәселелер шешіліп жатқанда, мемлекеттік қызметте лауазымды орында отырған басшылар мұндайда алдымен елдің, халықтың мүддесін алға қойып, келісіп әрекет етулері тиіс қой.
Сонымен, мақаланы жазу барысында ауыл тұрғындарына ауыз су берілген-берілмегендігін анықтау үшін ауылдық округ әкіміне хабарластық. Жобаға енбеген 23 үйден басқа үйлерге ауыз су жеткізілген…
Жол мұраты – жету…
Халықаралық маңыздағы Көкшетау – Омбы тасжолынан бұрылып, аудандық маңызы бар Ортақ ауылына бағыт алсаңыз, елді мекенге дейінгі 8 шақырымның шұрық-шұрық, ойдым-ойдым шұңқырларына, көліктің соңынан будақтаған қою шаңға тап боласыз. Небары 8-ақ шақырым жол. Ел тәуелсіздігін алған 34 жылдан бері жөндеу көрмеген, «жетейін десем жеткізбейтін» ескі жол. Айтпақшы, бір рет «жөндеу» көріпті. Аудан тарапынан бір ескі трактор, бір катокпен сыдыртып өтіп, ешкім не екенін түсінбейтін бір көкшіл жамылғыны төсегені сонша, әлі күнге жүріп өткен көліктің соңынан шаң будақтайды. Кейін қайта таз қалпына түскен шұрқ-шұрқ шұңқыр. Ал, іс жүзінде бұл ауыл аудан орталығы Зерендіден 100 шақырым қашықтықта орналасқанын, оның үстіне Солтүстік Қазақстан облысымен шекаралас елді мекен екенін ескерсек, асфальт жол баяғыда төселуі тиіс еді.
Біз бара жатқан жүргізушіміз сол ауылдың тұрғыны еді. Ауылға жеткенше, біраз мәселеге қанықтырды. Айтуынша, ауыл халқы өз ауыздарынан жырып, осы жолдың шұңқырларын жамаймыз деп, соңғы 4-5 жыл қатарынан ақша жинап, жылда қолға іліккен материалдарды төсеп әлек. Ауылда не бір дүкен, дәріхана жоқ. Барлығын тұрғындар қаладан тасиды. Тіпті, басы ауырып, балтыры сыздаған жандар «жедел жәрдем» шақырайын десе, ол да жете қоймайды.
Аудан әкімі жиында «бұған дейін жолды жөндеуге арналған жобалық-сметалық құжаттың ескіріп қалып, ауылдық округ әкіміне оны жаңартуға тапсырма бергенін айтып, биыл жыл соңына дейін дайын болса, келесі жылға облыс бюджетінен қаржы сұрап алуға сөз берді.
–Келесі 2026 жылы ауылымыздың 100 жылдығын атап өткелі отырмыз. соған орай, осы жолымызға асфальт төсеп берсе, қандай жақсы болар еді. Иә, аудан әкімі жобалық-сметалық құжатқа түзетулер енгізуге тапсырма бергені рас. Бүгінде жобалаушы тауып, жанталасып жүрміз. «Келісіп пішкен тон келте болмас» дегендей, аудан әкімімен бірлесіп жұмыс жасасақ, жолдың да мәселесі оң шешімін табады деп ойлаймын. Негізі осы 8 шақырым мен одан келетін орталық көшедегі жол болмаса, арғы жылы бюджеттен бөлінген қаржыға ауыл ішілік жолдарды сәтін салып, ретке келтіріп, асфальт төседік, енді ауылға жететін жолымыз жайлы болса дейміз ғой, –дейді ауыл әкімі.
5 ауылдың жер дауы шешілер күн туар ма?
2000-шы жылдардың басында шаруашылық ауыл халқына жерлерді пай ретінде үлестірген болатын. Содан ауыл тұрғындары бірлесіп, өз шағын шаруашылықтарын ашып немесе жерлерін белгілі бір серіктестікке пайдалануға берген. Сол уақытта Зеренді ауданына қарасты Өзен, Өркен, Жамбыл, Айғыржал және Ортақ ауылдарының тұрғындары өздеріне тиесілі жер үлестерін біріктіріп, «Күсеп МТС» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін құрады.
2005 жылдың 21 ақпанында кезектен тыс жиналыс өткізіліп, аталмыш серіктестіктің үлескерлері шақырылады. Сонда хаттама толтырылып, 623 адамның барлығы келісім білдірген болып, сырттай жалған қолдар қойылып, жерді осындағы «Доспар» және «Нұр-Целина» серіктестіктері «Қазақстан Халық банкіне» кепілдікке салып жібереді. Сөйтіп, банктен қыруар ақша алып, хабарсыз кетеді. Ауыл халқы жай қарап отырмай, бармаған инстанциялары қалмайды. Сотқа да жүгінеді. Уақыт өте келе, банк жерлерді аукционға қойып, сол кездің бағасымен сатып жібереді. Қазір бұл жерлер «Дихан Плюс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне тиесілі.
Бүгінде осы 5 ауылдың тұрғындарының жер мәселесі бойынша құқығын қорғап, жерлерін қайтару мақсатында еңбектеніп жүрген заңгер, Ақмола облысының заң консультанты Ақылбек Әмірхановпен жолығып, мән-жайды білуге тырыстық.
Қазіргі уақытта заңгер сол кездегі келісім-шартты жоққа шығару үшін бір кезде толтырылған келісім беру және кепілге беру хаттамаларындағы тұрғындардың қойған қолдарының жалғандығын Ақмола облысындағы республикалық сот сараптамасы институтының сараптамасы арқылы дәлелдеп отыр. Енді серіктестіктер арасындағы жасалған екі келісім-шарттардың жалғандығы дәлелденсе, сот халық үшін оңтайлы шешім шығарады деген үміт зор.
– Хаттамаларға қосымша қол қойған тұрғындардың тізіміне қарасақ, олардың тізімінде қайтыс болғандар, Германияға, басқа да жақтарға көшіп кеткендер секілді ауылға қатысы жоқ адамдар да жүр. Бұл жайында ауыл тұрғындарының көбі білмейді. Бүгінде сараптама негізінде жалған қол қойған жағдай бойынша аудандық ішкі істер бөліміне оны жасаған адамды табу бойынша арыз берілді, –дейді Ақылбек Әмірханұлы.
Енді «Дихан-Плюс» серіктестігінің ауыл маңындағы ескі қорымдарды соқамен жыртып тастағаны үшін заңгер әкімшілік органға шағымдануды жөн санап отыр. Себебі, серіктестік өздеріне берілген жер аумағынан тыс ауыл маңындағы бір тарихи қорымды жыртып тастаған. Жалпы, жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштері мемлекеттік тізілімінде Ортақ ауылының оңтүстік-батысына қарай 8,8 шақырым жердегі ортағасырлық Кенжеқаракөл І қорымы және тағы қосымша 5 қорым бар. Олар да осы тізімде көрінеді.
Елімізде қаншама ауыл тұрғындары өздерінің пайлық жерлерін қайтару үшін көптен бері дабыл қағып, соттардың есігін қағуда. Екі-үш жылдан бері ауыл мен соттың екі ортасында жүрген Ортақ ауылы мен оның маңындағы ауылдардың тұрғындары өз құқықтарын дәлелдеп, пайлары қайтарылса, әділдік орнаған болар еді.
Жалпы, Ортақ ауылының мәселелері шаш-етектен. Ондағы ана бір жылы жаз айында орманның бейберекет жануы, яғни, белгісіз біреулердің от қойып, кейін арнайы бригадалар сол жерлерде ағаш кесумен айналысқаны, ауылдан барған адамдарға рұқсат қағаздарын көрсететіні, осыдан маңайдағы ағаш шоқтары селдіреп қалғаны, өрт сөндіру көлігінің болмауы, мектепке мемлекеттік сатып алу бойынша жеткізілетін көмірдің сапасыздығы, ветеринар дәрігердің тапшылығы, ауыл тұрғындарының дәрігерлерге көріну үшін әуелі Ақкөл ауылына барып қаралып, әуре-сарсаңмен сол арқылы ғана өздері бекітілген облыс орталығына емханаға бара алатыны ащы шындық. Биыл да белгісіз біреулер от қойып, 8 шақырым жолдың жиегіне дейін бүкіл шөп жанып, жол бойындағы бертін жаңадан отырғызылған қарағайларға тиген. Сөйтіп, қандай өсіп келе жатқан жас өскіндердің біразы сарғайып, семіп қалған. Ал, ауыл әкімі бастаған тұрғындар осы отпен арпалысып, әзер сөндіріп алған.
Сонда отыз жылдан астам жыр болып келе жатқан бұл жағдай, әсіресе, ащы азабын тартқызған жол мәселесі қашан, қалай шешіледі? Ол жоғарыда мемлекеттік қызметте жүрген жауапты тұлғалардың ар-намысы мен елге деген жанашырлығына байланысты…
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суреттерді түсірген автор.
Зеренді ауданы.
![]()

