Ақмола облысы әкімінің орынбасары Ернар Жаркешов өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында белгіленген міндеттерді аймақта іске асыру барысы туралы баяндады.
Аймақ басшысының орынбасары Ақмола облысының әлеуметтік-экономикалық даму бағыты мен аймаққа инвестиция тарту бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жайында айтып берді. Тоғыз айдың қорытындысы бойынша өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, құрылыс, сауда және көлік салаларында өсім байқалатыны айтылды.
Жекелей тоқталсақ, ауыл шаруашылығы өңір экономикасының негізгі саласы болып қала береді. Спикердің мәліметінше, биыл да егін науқаны сәтті өтіп, қазіргі уақытқа дейін егістік алқаптарының 97 пайызы жиналып, жалпы, 7,3 миллион тонна астық бастырылған. Орташа түсім 16,1 центнерді құрауда. Бұл соңғы он үш жылдағы ең жоғары рекордтық көрсеткіш. Сонымен қатар, ет пен сүт өндіру көлемі де артып, өңірдің азық-түлік қауіпсіздігі қамтамасыз етіліп жатқаны, құрылыс саласында да айтарлықтай жұмыстар атқарылып, өңірде жаңа тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар бой көтергені, инженерлік инфрақұрылым жаңартылып, сауда және қызмет көрсету саласында да серпін бар екендігі, облыста сату көлемі артып, жаңа кәсіпорындар ашылғаны тілге тиек етілді.
Жалпы, баяндамашының ақпаратына сүйенсек, облыста жаңа жұмыс орындарын ашуға және халықтың табысын арттыруға ерекше назар аударылуда. Шағын және орта бизнес қарқынды дамып, жұмыспен қамтуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар іске асырылуда.
– Экономиканың барлық саласын қосқанда биылғы тоғыз айда 25 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды. Бұл өңір тұрғындарының жақсы өмір сүруі үшін жасалып жатқан үлкен мүмкіндіктер. Біз кәсіпкерлікті қолдауды жалғастырып, тұрғындарға тұрақты жұмыс орындарын ашып берудеміз. Негізгі мақсатымыз тұрақты экономика құрып, халықтың әл-ауқатын арттыру, – деді Ернар Жаркешов.
Биылғы жылдың тоғыз айында облыс экономикасына 556 миллиард теңге инвестиция тартылған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда бір жарым есе көп. Кәсіпорындардың өз қаржысы мен тартылған қаражаттың үлесі 370 миллиард теңгеден асады.
– Инвесторларға қолдау көрсету мақсатында өңірде «AQMOLA INVEST» орталығы жұмыс істейді. Ол шетелдік және отандық кәсіпкерлерге өз жобаларын бастап, іске қосуға дейін толық сүйемелдеу қызметін көрсетеді. Бүгінде орталық 2,4 триллион теңгеден астам қаржы тартылған 39 ірі жоба бойынша жұмыс істеп жатыр, – деді облыс әкімінің орынбасары.
Инвестиция тарту деген тек ақша салу емес, ол жаңа өндіріс орындары мен халыққа тұрақты жұмыс беру деген сөз. Президенттің Жолдауында айтылғанындай, әрбір салынған теңге өңірге нақты пайда әкелуі керек екендігін де ерекше атап өтті Ернар Серікбайұлы.
Оның айтуынша, алдағы уақытта өңірге инвестиция тарту және өнеркәсіпті дамыту жұмыстары жалғаса береді. Сонымен қатар, облыста өңдеу өнеркәсібі де жақсы жолға қойылған. Оның өңір экономикасындағы үлесі 26,6 пайызды құрайды. Шешеннің айтуына қарағанда, биыл бірнеше ірі жоба іске асырылады. Облыс аумағында кірпіш зауыттары мен жарма өндіретін кәсіпорын ашылып, ауыл шаруашылығы техникасын шығару саласында да өндіріс көлемі арта түседі. Бұл жобалар жүздеген жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.
Өңірдің экономикасында тау-кен металлургия саласы да маңызды рөл атқарады. Ақмола облысы елімізде алтын өндіру көлемі бойынша алдыңғы орында екені белгілі.
– Ірі кәсіпорындар өндіріс ауқымын кеңейтіп, жаңа кен орындарын игеріп жатыр. Бұл салада да жүздеген адам тұрақты жұмыспен қамтылады, – деді бұл орайда Е.Жаркешов.
Сондай-ақ, өңір экономикасын арттыруға индустриялық аймақтардың да қосар үлесі зор. Қазір облыста төрт аймақ жұмыс істейді. Солардың ішінде ең ауқымдысы – Аршалы ауданындағы «AQMOLA» индустриялық аймағы. Мұнда 1 триллион теңгеге жуық қаржы құйылған алты ірі жоба жүзеге асырылып жатыр.
– Мұнда астық өңдеу, тыңайтқыш шығару, кірпіш өндіру, құрылыс материалдары мен техника жасау зауыттары салынуда. Бұл аймақ болашақта 4 мыңнан астам адамға жұмыс береді, – деп атап өтті спикер.
Облыс әкімі орынбасарының айтуынша, инфрақұрылым мәселесі де шешіліп келеді. Облыста халықты сумен қамту, жарық беру, газ және жол желілерін жөндеу және жаңарту жұмыстары біртіндеп кезең-кезеңмен жүргізілуде.
Биылғы жылдың алғашқы үш айында шағын және орта бизнес бойынша өңірдің жалпы ішкі өнім көлемі былтырғы кезеңмен салыстырғанда 3,5 пайызға артқан. Қазір кәсіпкерлік саласында 140 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Бұл әрбір үшінші облыс тұрғыны кәсіпкерлікпен айналысады немесе осы саладағы жұмыс істейді деген сөз.
– Мемлекет тарапынан кәсіпкерлерге үлкен қолдау көрсетілуде. Биыл осы мақсатқа 8,8 миллиард теңге бөлінген. Бұл қаражат 70-тен астам бизнес жобаны жүзеге асыруға бағытталды. Оның ішінде жеңілдетілген несиеге субсидия, кепілдік беру, гранттық қаржыландыру және инфрақұрылым тарту жұмыстары бар, – деп атап өтті Жаркешов.
Субсидиялау бағыты бойынша 7,6 миллиард теңге бөлініп, 47 жаңа жоба қолдауға ие болса, кепілдік беру арқылы 20 кәсіпкер өз ісін бастауға немесе кеңейтуге мүмкіндік алды. Қазан айында гранттық қаржыландыру конкурсы басталды. Бұл бағдарлама жас және бизнеске жаңадан келген кәсіпкерлер үшін өз ісін дөңгелетуге тиімді мүмкіндік.
Осындай қарқынды қолдау шараларының арқасында облыс шағын және орта бизнесті дамытуда тұрақты өсімге қол жеткізіп отыр. Бұл алдағы жылдары өңірдің экономикалық әлеуетін арттырып, инвесторлар үшін тартымды орталыққа айналуына жол ашады.
– Ақмола облысының қазіргі даму қарқыны – тұрақты экономиканың нақты көрінісі. Инвестиция тарту, жаңа зауыттар салу, өндіріс саласын дамыту, мұның барлығы өңір тұрғындарының әл-ауқатын жақсартуға бағытталған. Егер жұмыс осы бағытта жалғаса берсе, Ақмола облысы алдағы жылдары еліміздің экономикасындағы ең серпінді аймақтардың біріне айналары сөзсіз, – деді сөзінің соңында облыс әкімінің орынбасары.
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
![]()

