Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ағам айтып келіп еді - АРҚА АЖАРЫ

Ағам айтып келіп еді

1962 жылы комсомолдың  XIV  съезі өтті. Оған делегат болып сол кезде Ленинград ауданының комсомол ұйымының хатшысы болып істейтін  менің ағам Амангелді Ахметжанов  қатысты. Сол съезден келгеннен кейін комсомолдардың басын қосып жиын өткізді.

 

Сонда Мәскеуден алған әсерлерімен бөлісіп, бүгінгі Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың сөйлеген сөзі туралы мынадай жайды  айтқан еді:  «Қазақстанда бір өткір, пысық, батыл, болашағы мол жігіт өсіп келеді екен. Ол – Нұрсұлтан Назарбаев, Теміртауда металлург болып еңбек етеді. Бүкіл Одақтан келген жастар алдында сөз сөйлеп,  «Отанымызды көтерейік, әр жас бұған өз еңбегімен үлес қосуы керек. Еліміздің болашағы біздің қолымызда. Мен ауылдан шықтым. Металлург болуды армандаған едім. Днепродзержинскіде білім алып, Теміртау металлургия комбинатына комсомолдың жолдамасымен металлург болып бардым.  Жұмыс оңай емес, бірақ қазір үйреніп алдым. Еңбегім бағаланып, осы съезге делегат болып сайландым. Мен сіздерді және Одақ жастарын Теміртауға шақырамын, келіңіздер. Қорықпаңыздар.  Жақсы жұмыс істесеңіздер, еңбек далада қалмайды»,  – деп үндеу тастады».
Кейінірек облыстық мәдениет басқармасының бастығы болып істеп жүрген кезінде ағам бірде маған телефон шалып, Қазақстан КП Орталық комитетінің хатшысы  Н.Ә.Назарбаев келіп, облысымызға Қызыл Ту тапсыратынын айтып, кездесуге келуімді сұрады. «Бұл өз еңбегімен өсіп келе жатқан өте жігерлі жігіт. Осы жайды Зура Шуатаеваға айттым. Ол Назарбаевпен партшколда бірге оқыған екен» деді.  Сол актив жиналысында Н.Ә.Назарбаев былай деген еді: «Қызыл Туды жеңіп алғандарыңыз жақсы, көп еңбек қылыпсыздар. Бірақ,  Көкшетау облысы бұдан да үлкен жетістіктерге жетер еді, егер кейде еңбек тәртібін бұзу оқиғалары орын алмаса». Осы сөзді естігенде мен қатты қысылдым. Өйткені,  кеңшарда парторг болып істейтін мен сондай келеңсіз жайларға қарсы күрестің бел ортасында жүргенмін.
КП Орталық комитеті хатшысының сөзі маған қатты әсер етті. Содан Көкшетаудан келісімен кеңшар директоры Ғ.Құсайынов  екеуіміз осы мәселені парткомның жиналысына салып, қарадық. Ол кезде ай сайын шығып тұратын қабырға газетіміз болады. Жиналыс шешімін сол қабырға газетіне жариялап, жергілікті депутаттарға, партия, комсомол белсенділеріне тапсырма бердік. Осы жұмыстың нәтижесі көп ұзамай көрінді. Әсіресе, кейде жұмыс уақытында арақ ішушілік оқиғалары мүлдем тиылмаса да, біршама бәсеңсіді.
1980-ші жылдардың соңы мен 1990-шы жылдардың басында көп қиыншылықтар болды. Сол тұста ел ішінде әртүрлі әңгімелер айтылып жүрді. Нұрсұлтан Назарбаевтың атына да сан пікірлер айтылғанын естідік. Дегенмен де, ауыл тізгінін ұстап отырған партия белсенділері ондай бөтен әңгімелерге жол бермеуге тырыстық. Партия белсенділері тарапынан жүргізілген осындай жұмыстардың нәтижесі болар, біздің ұжымда әркім өз шаруасын атқарды.
1986 жылы Желтоқсан оқиғасы орын алғанда сол тұста облыста жауапты қызмет атқаратын  Б.Жанәділов маған телефон шалып, ауылдағы жағдайды сұрады және жұрттың бөтен сөзге ермей, тыныштықты сақтауын, адамдарды жөнсіз қуғын-сүргінге ұшыратпау жайын айтып, тапсырды. Жасыратын не бар, әр жерде туыстарың Желтоқсан оқиғасына қатысыпты деп адамдарды жөнсіз қуғындау жайлары орын алғандығы белгілі. Бізде ондай жағдайлар болған жоқ.
Өткен жылдары шығарылған «Елбасы жолы» киноэпопеясын көріп шықтым. Онда тарихи оқиғалар бұрмалаусыз шынайы берілген екен. Нұрсұлтан Назарбаевтың өз халқы үшін жасаған ерен еңбегі, қызметтегі өсу жолдары – бәрі шынайы баяндалыпты. Ол қарапайым халық ішінен шығып, сондай биік қызметке қол жеткізді. Сондықтан да, халық оны құрмет тұтты.
Елбасы Парламент депутаттарының өз есімін  Астанаға беру жөніндегі ұсыныстарына орай айтқан жауабында былай деген еді: «Мен ешкімнен атымды Астанаға беріңдер деп сұраған жоқпын.  Менің еңбегімді бағалағандарыңызға рахмет. Иә, 25 жылда көп қиыншылықтар болды. Жетістіктер оңайлықпен келген жоқ. Оның бәрі халықтың, сіздердің көмектеріңіздің арқасында болды. Бір адам еш нәрсе жасай алмайды. Мен қазір толқып отырмын. Неге десеңіздер, сіздердің мен туралы айтқандарыңыз мені тағы Отаныма, еліме бұдан да зор жігермен қызмет етуге құлшындырады. Алдымызда көп мақсаттар тұр. Әлемнің ең озық 30 мемлекетінің қатарына қосылуымыз керек».
 Мен ұзақ жылдар түрлі салаларда жауапты қызметтер атқардым. Әрдайым өз жұмысыма адал болып, тапсырылған міндеттерді дұрыс орындауға бар күш-жігерімді салдым. Қазір ойлап қарасам, өтпелі кезең аталып жүрген ауыр шақтарда неше түрлі қиындықтармен бетпе-бет келіп, өзекті мәселелерді шешу үшін аянбай еңбек етіппіз. Әсіресе, тәуелсіздігімізді алғаннан кейінгі жылдар өте қиын, ауыр кезеңдер болды. Сондай ауыр да, жауапты шақта еліміздің тізгінін ұстаған Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтай басшымыз болғаны тағдырдың бізге бұйыртқан үлкен бақыты деп білемін. Өзімнің Елбасының командасында болып, азды-көпті болса да халыққа еңбегімді сіңіргенімді мақтаныш тұтамын.
Өткен жылы еліміз тәуелсіздігінің 25 жылдығын атап өтті. Осы ширек ғасырдың ішінде қол жеткен жетістіктеріміз ғасырларға татитынын екі дәуірдің куәсі болған біздің ұрпақ жақсы біледі. Өйткені, бәрі көз алдымызда өтті. Қазір Қазақстан әлемге танымал дамыған, өркениетті мемлекет болып отыр. Халықтың тұрмыс жағдайы жақсарып, елді мекендер, үлкен қалалар сәулеттеніп, түрлі өндіріс орындары көптеп ашылуда. Сонау кеңес заманында облыс орталығы болған Көкшетау көз алдымызда құлпырып өсіп, көркейіп келеді. Қаншама құрылыстар салынуда. Осының бәрі Елбасының жүргізіп отырған көреген саясатының арқасында қол жеткен жетістіктер екені анық.
Еліміз тыныш, аспанымыз ашық болып, әлемнің озық отыз елінің санатына қосылып, Мәңгілік ел болайық. Лайым, тәуелсіз мемлекетіміздің көк байрағы мәңгі биікте желбірей берсін.
Аманжол   АХМЕТЖАНОВ,
 зейнеткер,   облыстық   мәслихаттың  
 1-ші шақырылымының депутаты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар