Орманы жайқалған жеріміз, жасыл желекті молайтқан еріміз бар!

25 қазан — Республика күні

Республикa күні қарсаңында Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов орман шаруашылығы қызметкерлерін жуырда болып өткен төл мерекелерімен құттықтап, осы салада еселі еңбектерімен көзге түсіп жүрген үздік қызметкерлерге марапаттар тапсырды және орман шаруашылығы мекемелеріне 85 жаңа техниканың кілттерін табыс етті.

Ақмола облысында жалпы саны 13 орман шаруашылығы мекемелері жұмыс істейді. Ондағы мамандар облыс аймағындағы ормандарды күтіп-баптап, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етумен айналысады. «Бұқпа» орман шаруашылығы мекемесі базасында өткен салтанатты жиынға қатысып, сөз сөйлеген аймақ басшысы орман алқаптары экономиканы дамытуға және қоршаған ортаның экологиялық тепе-теңдігін сақтауға әсер ететін ұлттық байлығымыз екенін атап өтті.

– Халқымыздың ұрпақтан-ұрпаққа аманат етіп қалдырып келе жатқан бір дәулеті біздің ормандарымыз екені сөзсіз. Ақмола облысы өзінің қайталанбас табиғатымен, жан-жануарлар дүниесімен бай. Сіздердің арқаларыңызда облыстың орман қоры тұрақты, оны қалпына келтіру және ұтымды пайдалану жұмысы үнемі жүргізіліп келеді. Сіздер осындай халық байлығын көздің қарашығындай сақтап, молайту үшін күресіп келесіздер. Сіздердің әрқайсыңыз өз ісінің шеберісіздер, табиғат пен адамдар алдындағы борыштарыңызды абыроймен атқарып жүрсіздер. Жыл сайын облыстың орман алқаптарына 10 миллион түптен аса көшеттер егіледі. Соңғы он жылда 11 мың гектар алқапқа 73 миллионнан аса қылқан жапырақты ағаштардың көшеттері отырғызылды. Табиғатты қорғау және оны сақтап, дамыту мақсатында облыстағы орман шаруашылықтарының материалдық-техникалық базасын жаңғыртудың маңызды екенін жақсы түсінеміз. Соңғы жылдары ауа райының күрделі құбылыстарына қарамастан, өрттерді дер кезінде жойып, ірі өрттердің алдын алып, баға жетпес байлығымызды сақтауға үлес қосып жүрген барша азаматтарға алғыс айтамын, – деді облыс әкімі салтанатты жиында сөйлеген құттықтау сөзінде.

Ал, Ақмола облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Лашынтай Дүйсенов орманды қорғау және оның ойдағыдай өсуіне облысымызда тиісті жағдай жасалып келе жатқанын айтады. Биыл мәселен, инновациялық  технологияларды енгізу аясында облыстағы бес орман шаруашылығы мекемесінде орман өртін ерте анықтау жүйелері орнатылған.

– Бүгін облыс әкімі «Бұқпа» орман шаруашылығы мекемесі базасында салынған жаңа заманауи өрт сөндіру станциясының жұмысын аралап көрді. Бұл станцияда орман алқаптарына қатысты өрттер мен оған зиян келтірерлік әрекеттердің барлығы бақыланып отырады. Одан басқа да орман шаруашылығына қатысты барлық жұмыстардың нәтижесі, алдағы жоспары түгелдей дерлік осында айқындалады. Бұл расында да, заманауи өрт сөндіру және бақылау станциясы. Мұндай орталық облыстағы өзге де шаруашылықтарға қажет деп санаймыз. Бүгінгі берілген орман шаруашылығы техникалары мен көліктер саланың жұмысын одан әрі жандандыруға, оны әрі қарай ілгерілетуге, жақсартуға өз септігін тигізетіні анық. Біз облыс басшылығына ормандарымызды сақтауға жасаған осындай қамқорлығы үшін алғыс айтамыз, – деді Лашынтай Дүйсенов газетімізге берген сұхбаты барысында.

Шара барысында белгілі болғанындай, жалпы биылғы жылы осы саладағы материалдық-техникалық базаны жаңарту үшін 3 миллиард теңге қаражат бөлініп, ол қаржыға 24 өрт сөндіру көлігі, 31 шағын орман патрульдік кешені және 30 трактор сатып алыныпты. Бұл жаңа көліктерде орын алатын өртті ауыздықтауға арналған барлық қажетті жабдықтар бар. Ал, мамандар берілген тракторларды орман алқаптарының жиегін өртке қарсы жырту мақсатына пайдаланады.

Сонымен қатар, шара барысында облыс әкімі бірқатар орман шаруашылығы қызметкерлеріне мемлекеттік наградаларды табыстады. Жиында саланың дамуына елеулі үлес қосқан 10 қызметкер «Еңбек сіңірген орман өсіруші» және «Қазақстан орманын қорғаудағы мінсіз қызметі үшін» төсбелгілерімен марапатталды.

Марапатталғандардың арасында Ақкөл ауданы Кеңес орман шаруашылығы мекемесінің директоры Жанат Қожахметов та бар. Оған жаңа техниканың кілтімен қатар, «Қазақстан орманын қорғаудағы мінсіз қызметі үшін» II дәрежелі медалі табыс етілді. Орман шаруашылығында өздерінің 85  жылдық еңбек өтілі бар Қожахметовтар әулеті облысымыздың орман байлығын сақтап, молайтуға айтарлықтай үлес қосып келеді. Жанаттың әкесі мен бауырлары да Отрадный орман шаруашылығында абыройлы еңбек етуде.

Сонымен қатар, облыс әкімі Марат Ахметжанов «Бұқпа» орман шаруашылығы мекемесінің заманауи орман өрт сөндіру станциясының жұмысымен танысып, сала мамандарының жасыл байлығымызды сақтауға қосып  келе жатқан үлестеріне оң баға беріп, олардың алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі.  Мұндағы орман өрттерін ерте анықтау жүйесі Ақкөл, Бұқпа, Кеңес, Краснобор және Куйбышев орман шаруашылықтарында іске қосылған.

Осылайша, облыс орман қызметкерлерінің құрметіне өткізілген салтанатты шара сала еңбеккерлерінің көңіл-күйін көтеріп, оларды еселі істерге жігерлендірген  айтулы оқиға ретінде есте қалды.

Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суреттерді түсірген Нұрболат БЕКТҰРҒАНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар