Ауданда балалар мен жастардың демалысы мен дене шынықтыруына бағытталған жобалар іске асырылып келеді.
Атап айтқанда, балалар спорт инфрақұрылымын жақсартуға айтарлықтай көңіл бөлініп, дене шынықтыру және балаларға арналған ойын алаңдары жаңғыртылуда.
Алда келе жатқан Республика күні қарсаңында Софиевка ауылындағы балалар ойын алаңын жаңғырту жұмыстары толық аяқталып, пайдалануға берілді. Жоба аясында аумақ түгел абаттандырылып, заманауи жабын төселіп, шағын архитектуралық формалар, әткеншектер, сырғанақтар, жасөспірімдер мен ересектерге арналған спорттық тренажерлар, жаңа орындықтар мен қоқыс жәшіктері орнатылды. Сондай-ақ, аумақ көгалдандырылып, ол жерге ту тұғыры, жарықтандыру жүйесі және бейнебақылау камерасы қойылған.
Аудан әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, жобаның жалпы құны 42 миллион теңгені құрайды, оның 21 миллионы жеке қаражат есебінен, тағы 21 миллионы аудандық бюджеттен бөлініпті.
Осындай іске асырылған жобалардың қатарында Жалғызқұдық ауылындағы жаңа балалар спорт кешені де бар. Жоба шеңберінде жасанды жамылғысы бар мини-футбол алаңы, заманауи спорттық тренажерлармен жабдықталған воркаут аймағы салынып, сондай-ақ, құмсалғыш, әткеншек, сырғанағы бар балалар ойын алаңы орнатылды. Бұл мақсатқа аудандық бюджет есебінен 39 миллион теңге қаражат бөлінген.
Ауыл тұрғындары атқарылған жұмыстар мен елді мекеннің әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға ат салысып жатқан аудан әкімдігі мен мердігер ұйымдарға өз ризашылықтарын білдіруде.
Мұндай жобалардың жүзеге асырылуы халықтың өмір сапасын арттыруға, белсенді демалыс пен денсаулықты нығайтуға, сондай-ақ, балалар мен жастар арасындағы салауатты өмір салтын қалыптастыруға оң ықпал ететіні сөзсіз.
Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Целиноград ауданы.
![]()

