Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Табысты жыл, жаңа биік меже - АРҚА АЖАРЫ

Табысты жыл, жаңа биік меже

Кеше «Көкшетау» мәдениет сарайында облыс әкімі Сергей Кулагиннің халық алдындағы есеп беру кездесуі болып өтті. Кездесуге мемлекеттік органдардың басшылары, барлық аудандар мен қалалардың делегациялары, қоғамдық жұртшылық өкілдері қатысты.  Кездесу барысында облыс әкімі «Ақмола облысының 2016 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары және 2017 жылдың негізгі міндеттері туралы» есебі тыңдалды. Аймақ басшысының есебі Call-орталықпен онлайн жүйесінде көрсетіліп, облыс тұрғындарының көріп танысуына мүмкіндік туғызылды.
Облыс әкімінің есеп беру кездесуіне Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің бас инспекторы Қалдыбек Байымбетов қатысып отырды.

Облыс әкімі алдымен, өңірдегі әр саланың өткен жылғы жетістіктері қойылған көрмені аралап көрді. Көрмеге «Тыныс» акционерлік қоғамы өздері шығаратын тауарлардың бір бөлігін қойыпты. Зауыттың бас инженері Әнуар Сұлтанғалиев өз сөзінде өткен жылы Қорғаныс министрлігінің тапсырысын орындауға басты назар аударылғанын айтып берді. Кәсіпорында Ресейдің авиациялық зауыты үшін  ұшақтың кейбір бөлшектері, өрт сөндіру құралдары, медициналық қондырғылар, полиэтилен құбырлары және өзге де көптеген бөлшектер жасалады. Өткен жылы металл құю цехы толық қуатында жұмыс істей бастаған. Бүгінгі таңда ұшақ пен темір жолдың өзге де бірқатар бөлшектерін жасау қолға алынған. Облыс басшысы бәсекеге қабілетті тауар жасау қажеттігін тапсырды.
«Көкшетау әйнек орталығы» кәсіпорны жаңа салынып жатқан мейманхана, мейрамхана және дәмхана тәрізді өзге де нысандармен келісім-шартқа отырып, әйнек пен айнаны безендірумен айналысады. Кәсіпорын дизайнері Маргарита
Обухова жиһаз бетін әртүрлі оюлармен, өрнектермен безендіретінін айтты. Кәсіпорын өткен жылы жаңа қондырғы сатып алып, жұмыс сапасын жақсарта түскен. Өңір басшысы «Ақсай-нан» серіктестігінің қол жеткізген жетістіктеріне назар аударды. Кәсіпорын маркетологы Раушан Сәдуақасова өз өнімдерінің дүкендер сөресінде көп жатпайтынын, өнім сапасына жіті көңіл бөлетіндерін тілге тиек етті. Өнімдері Ақмола мен Солтүстік Қазақстан облыстарының елді мекендерінде сатылады. Облыс әкімі құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, туризм, білім, денсаулық сақтау, мәдениет және өзге де әлеуметтік салалардың көрмесін аралап көрді. Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Әсет Бүкібаев өз сөзінде Алматы қаласында өткен Дүниежүзілік қысқы универсиадада ақмолалық спортшылардың биатлон, шаңғы, хоккей және керлинг тәрізді спорт түрлерінен екі алтын, төрт күміс, бір қола медаль алғандарын айтып берді. Сондай-ақ, басқарма көрмеде тәуелсіздік жылдары қол жеткізген жетістіктерін өрнектепті. Әсіресе боксшы Дина Жоламанның жетістігі менмұндалап тұр. Өңір басшысы бұқаралық спортты дамытуды назардан тыс қалдырмауды тапсырды.
– Құрметті қауым! Қадірлі жерлестер! 2016 жылы біздің еліміз ең басты қоғамдық-саяси
оқиға – егеменді еліміздің Тәуелсіздігінің 25 жылдығын атап өтті, – деп бастады өз баяндамасын облыс әкімі Сергей Кулагин халық алдындағы есеп беру кездесуінде, – бүгінгі Қазақстан – әлемнің экономикасы дамыған елу елінің қатарынан ойып орын алып отырған табысты мемлекет. Елімізде нарықтық экономика тұрақты әрі жедел
дамып, орта буын белсенді қарқын алуда. Ал, кәсіпкерлер болса экономиканың үдерісіне күш беретін қозғаушы тетік. Ұлт Көшбасшысының стратегиялық кемеңгерлігінің арқасында біздің еліміз әлемді жайлаған қаржылық-экономикалық тоқырауға қарамастан ел экономикасын жаңғыртуды үздіксіз жүзеге асыруда. Тәуелсіздік жылдары президенттік билік формасы өз артықшылығын және қажеттілігін, сондай-ақ, тиімділігін көрсете білді. Үстіміздегі жылдың 26 қаңтары күні ел Президенті Қазақстан халқына Үндеу жолдап, мемлекеттік билік тармақтарының өкілеттіктерін бөлу жөнінде өз көзқарасын білдірді. Ата Заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізу Қазақстандағы демократиялық үрдістерді одан әрі жетілдіруге және мемлекеттілігімізді барынша нығайтуға аса қажетті шара. Елбасы барша әлемге еліміздің тұрақты әрі қарқынды дамып, болашақтың сара жолын жаза баспай таңдай білетіндігін айқын әрі анық көрсете білді. Жаңа дәуір қарсаңында ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» тақырыбындағы Жолдауын жариялап, онда әлемнің алдыңғы қатарлы 30 мемлекетінің қатарына қосылуға мүмкіндік беретін негізгі бес басымдықты белгілеп берді дей келе, облыс әкімі басымдықтардың әрқайсысына жеке-жеке тоқталып, мән-мазмұнын таратып айтып берді:
– Бірінші басымдық – өнеркәсіпке төртінші революция іспетті технологияларды енгізе отырып, экономиканы технологиялық жаңғыртуды жеделдету, екінші басымдық – бизнес ортаны түбегейлі жақсарту және кеңейту, үшінші басымдық – макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету, төртінші басымдық – адами капитал саласын жақсартуға бағытталып отыр. Бесінші басымдық – институционалдық өзгерістерге, қауіпсіздікке және сыбайлас жемқорлықпен күреске қатысты. Өздеріңіз білесіздер ақпан айының 3-і күні ел Президентінің қатысуымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өткізілді. Осы отырыс барысында Елбасының Қазақстан халқына арналған Жолдауынан туындайтын шешуші міндеттер мен мақсаттар талқыланды. Мемлекет басшысы 2025 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарын жасау барысында қозғаушы күш болып саналатын «Қазақстан-2050» Стратегиясын назарға алуды тапсырды. Экономиканы тұрақты дамыта отырып, барлық мүмкіндікті пайдаланып, өсім көлемін 5 пайызға жеткізу туралы міндет жүктеліп отыр. Ел Президенті бірқатар проблемалық мәселелерді талқылай келіп, Үкімет пен жергілікті органдардың назарын ерекше мәселелерге аударды, – деді шешен. Одан әрі облыс әкімі өткен жылғы аймақтың әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және ағымдағы жылғы міндеттер туралы сөз сабақтады. Аймақтың әлеуметтік-экономикалық даму нәтижелері туралы кеңейтілген есеп бұқаралық ақпарат құралдарында бұған дейін жарияланған болатын.
– Өткен жылдың негізгі қорытындылары мен ағымдағы жылғы міндеттердің ең негізгілеріне ғана тоқталамын, – деді облыс әкімі, – басымдық берілген бағыттардың нәтижелі болуына мемлекеттің қолдауы мен инвестицияның белсенді өсуі септігін тигізіп отыр. Аймақ экономикасына 220 миллиард теңге инвестиция құйылды. Оның 66 па-йызы немесе 147 миллиард теңгесі жекеменшік инвестициясы және қарыз қаржысы.  Өндіріс және әлеуметтік салада 135 нысан пайдалануға берілді. Жаңадан 12,5 мың жұмыс орындары ашылды. Экономикалық өрлеу орташа еңбекақы көлемін 17,5 пайызға өсіруге мүмкіндік берді. Жергілікті бюджетке түсетін салық түсімі 15 пайызға артты. Ал, индустриалдық сектор туралы айтатұғын болсақ, жаңа өндіріс орындарының іске қосылуы технологиялық процестерді дәстүрлі түрде жаңғыртудың арқасында бұрынғы аграрлық облыс ендігі арада индустриалды-аграрлық сипатқа ие болып отыр. Өткен жылы өнеркәсіп өнімдерінің жалпы көлемі 420,7 миллиард теңгені құрады. Нақты көлем индексі 104,3 пайызға жетті. Бұл республикадағы төртінші орын екенін айта кетелік. Индустрияландыру картасы кәсіпорындары қомақты үлес қосты. Бұл саладағы өсім көлемі 40 пайызды құрап отыр. Тау-кен металлургия саласының қарқыны 125 пайызға, азық-түлік өндірісі 109,9 пайызға, құрылыс индустриясы 122,6 пайызға жетті. Индустрияландырудың екінші бесжылдығы шеңберінде 2016 жылы жалпы құны 14,6 миллиард теңгені құрайтын 18 жоба іске қосылып, аймақтың өнеркәсіптегі үлес салмағын ұлғайта түсті. Олардың арасынан гербицид өндіретін зауытты, ауыл шаруашылығы және коммуналдық техникалардың индустриалды-технологиялық паркін атай кетуге болады.
Өткен жылғы бірқатар табысты шаруаны екшеп айтқан облыс әкімі 2017 жылы Индустрияландыру картасына енгізілген жалпы құны 141 миллиард теңгені құрайтын 100 жобаның іске асырылатынын айтып өтті. Оның бірі жылына 2 миллион тонна өнім өндіруге қуаты жететін ірі цемент зауытының іске қосылатындығын ерекше екпін түсіре жария етті. Жаңа жобалар жүзеге асқан кезде 3 мың адамды жұмыспен қамтамасыз ету мүмкіндігі туады. Инвестициялық жобалардың қол қойған меморандумға сәйкес жалпы құны 1,2 триллион теңгені құрап отыр. Жобалар шикізаттық емес экспорттың үлесін арттыруға ықпал етеді.
– Аймақтағы экономиканың стратегиялық секторының бірі ауыл шаруашылығын дамыту. 2016 жылы бұл салаға 59 миллиард теңге құйылды. Оның 31 миллиард теңгесі мемлекеттік қолдау. Облыс аграршылары дер кезінде кешенді шараларды жүзеге асырып, ауыл шаруашылығының аса мәнді науқандық жұмыстарын уақытында ұйымдастырудың арқасында өткен жылы жақсы көрсеткіштерге қол жеткізді, –  деді облыс әкімі, – атап айтатын болсақ, 5,7 миллион тонна дән жиналды. Гектар берекесі орташа есеппен алғанда 13,2 центнерден айналды. Бұл дегеніңіз республикамыздағы астықтың төрттен бірі. Мен соңғы төрт жыл бойы облыстың тұрақты нәтижелерге қол жеткізіп, әр жыл сайын 5 миллион тоннадан кем болмайтын астық жинап келе жатқанын айтқым келеді. Ақмолалық диқандар әр жыл сайын жиырмадан астам алыс және жақын шетелдерге астық пен ұн шығарады. Бұл дегеніңіз әлемдік рыногта біздің өнімдеріміздің бәсекеге қабілетті екендігін көрсетсе керек. Баяндамада ішкі ғана емес сондай-ақ, сыртқы рыногта да табысты еңбек етіп жатқан кәсіпорындар туралы жан-жақты қамтылды. Айталық, «Молоко Синегорья» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің балалар азығын дайындайтын зауыты, «Милк Прожект» сүт зауыты, Целиноград ауданындағы «Капитал прожект» құс етін өндіретін құс фабрикасы, «Астана Агропродукт» және «Бижан» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің ет өңдеу комбинаттары өнімді жұмыс істеуде. Өткен жылы «Нәтиже» серіктестігінің сүт пен ірімшік дайындайтын зауыты пайдалануға берілді. Соңғы үш жыл ішінде азық-түлік белдеуін дамыту шеңберінде жалпы құны 40 миллион теңгені құрайтын 44 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, Астана қаласының сауда сөрелеріне жеткізілетін ауыл шаруашылығы өнімдерін айтарлықтай деңгейде молайта түсуге қол жеткізілді.  
–Елбасы өзінің халыққа арнаған Жолдауында Қазақстан әлемдегі аграрлық экспорттық өнім өндіретін ірі мемлекет бола алатындығын, оның ішінде әсіресе, экологиялық таза азық-түлік өнімдерін өндіре алатын қуаты бар екендігі туралы атап көрсетті,–деді шешен,–2016 жылы экспортқа шығарылған азық-түліктің үлес салмағы 19 пайызды құрады. Облыстың экспорттық әлеуетін арттыру бағытында 30 асылдандыру шаруашылықтары жұмыс істеуде.
Шешен өз сөзінде шағын және орта бизнес саласын дамыту бағытында атқарылып жатқан ауқымды істі саралап берді. Қазіргі күні бұл саланы дамытуға ерекше көңіл бөлініп отыр. Әрі осы салада облыс тұрғындарының үштен бірі немесе 136 мың адам белсенді жұмыс істеуде. 2016 жылы екінші дәрежелі банктер тарапынан берілетін несие көлемі 4 пайызға өсіп, 41 миллиард теңгені құрады. Оған қоса, «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы бойынша 2,2 миллиард теңге қаржы бөлінді. Осы орайда, 6 мыңға жуық жаңа жұмыс орындары ашылғандығын айта кетуіміз керек. Шағын және орта бизнес нысандарынан түсетін салық көлемі де 28 пайызға өсіп, мемлекеттік бюджетке 30 миллиард теңгеден астам қаржы құйылды. Барлығын қоса алғанда бұл салаға аз қаржы бөлініп отырған жоқ. Сондықтан да, жергілікті атқарушы органдар тарапынан бөлінген қаржыны шашау шығармай, тиімді пайдалану талап етілуде.
–2016 жылы аймақта тұрғын үй құрылысы қарқынды жүргізілді,–деп атап өтті шешен осы саладағы жыл ішінде атқарылған басты-басты істі безбендей келе,–бұл салаға құйылған инвестиция көлемі 2015 жылмен салыстырғанда 8,4 пайызға артып, 29 миллиард теңгені құрады. 365 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл орайдағы өсім көлемі 29 пайызды құрайды. Үш мыңға жуық отбасы қоныс тойын тойлады. Салаға серпін берген «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы. Жобаны жүзеге асыру бағытында тұрғын үйлерге 49 шақырымдық инженерлік жүйе тартылды. Облыста жетім балаларды баспанамен қамту мәселесі де шешілуде. 2016 жылы мемлекеттік тұрғын үй қорының есебінен 152 адам пәтерге қол жеткізді. Алдағы уақытта әр жыл сайын 100 пәтерден бөлінеді деп межеленуде,–дей келе облыс әкімі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының жай-күйін егжей-тегжейлі айтып өтті. Осы салаға 2016 жылы 12 миллиард теңге бағытталып, жоспарланған іс-шаралардың барлығы жүзеге асырылған. Елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз ету шаралары да жүзеге асырылуда. Өткен жылы облыстың елді мекендерде 119 шақырым су құбыры салынып, кейбір желілер жөндеуден өткізілді. Осындай жұмыстың арқасында 8 мыңнан астам тұрғын сапалы сумен қамтамасыз етіліп отыр. Бүгінгі күні облыс тұрғындарының 88 пайызы орталықтандырылған су жүйесімен қамтылған. Басымдық берілген міндеттің бірі – автомобиль жолдарының сапасын жақсарту. Өткен жылы жергілікті маңыздағы 423 шақырым жол жөнделді. Бұл мақсатқа 6,9 миллиард теңге қаржы бөлінді. Сөз арасында ешбір аймақтың назардан тыс қалып отырмағанын айтқым келеді.
Шешен бұдан әрі мемлекеттік бюджет саясатының ең бір түйінді тұсы бюджет шығындарының тиімділігін арттыру мәселесіне ойысты. Одан әрі тұрғындарды жұмыспен қамту және тұрақты жұмыс орындарын ашу мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Өткен жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша төрт мыңнан астам ақмолалықтардың қамтылғаны атап айтылды. Бұдан әрі осы саладағы барлық ойға алған мақсат-мұраттың орындалғаны тілге тиек болды. Ағымдағы жылы мемлекеттік қолдау шараларымен 18 мыңнан астам адамның қамтылатындығы да үміт отын тұтатады.
–Мемлекет басшысының Жолдауында адами капиталдың сапасын жақсарту бағытындағы шешуші басымдылықтар айқын көрсетіліп берді,–деді шешен,–экономикада алаңдарлық ахуал туындап отырғанымен 2016 жылы әлеуметтік саланы қаржыландыру көлемі 12 пайызға ұлғайтылып, жалпы көлемі 106,3 миллиард теңгеге жетті. Облыс бюджетінің үштен бірі немесе 62 миллиард теңгесі білім саласына бағытталады.
Облыста білім саласын дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде бес жаңа жалпы білім беретін 1780 орындық мектептер пайдалануға берілді. Ағымдағы жылы бюджеттен үш мың оқушыға білім беретін 8 мектепті салу және жөндеуге тиісінше қаржы бөлінеді. Ал, мектепке дейінгі білім беретін ұйымдардың мүмкіндігі 3 мың орынға дейін өсті. Осы арада жекеменшік балалар бақшаларының үлес салмағы соңғы үш жыл көлемінде 30 пайызға өскендігін атап айту керек. 2,8 мың орындық 34 жекеменшік балалар бақшасы ашылды.  Еңбек рыногының сұранысына орай техникалық және кәсіби білім беру бағытындағы іс өрістетілуде. Қазіргі күні облыстағы колледждердің 70 пайызы дуальді оқыту жүйесіне көшкен. Мемлекеттік тапсырыс шеңберінде оқып жатқан 13 мың студенттің 64 пайызы техникалық мамандықтар бойынша оқытылуда. Бұрын олардың көлемі 37 пайызды құраған болатын. Бұл арадағы ең маңызды міндеттің бірі жалпы білім беретін мектептердің түлектері мамандық таңдай білулері керек.
Баяндамашы бұдан соң медициналық қызметтің сапасын жақсарту және қолжетімділігін кеңейту төңірегінде ой толғады. Өткен жылы 8 нысан пайдалануға берілген. Денсаулық сақтау саласының 28 нысанына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Әр жыл сайын медициналық құрал-жабдықтарды алуға қомақты қаржы бөлінуде. Өткен жылы 274 бірлік құрал-жабдықтар алынған. Мемлекетіміздің күш-қуатының артуы әрі кепілі – ұлт денсаулығы. Міне, сондықтан да, дене шынықтыру мен спорт саласының дамуына аймақтағы әлеуметтік саясаттың негізгі басымдыққа ие болып отырған салаларының бірі. Қайтарымы да аз емес, таяуда ғана Алматы қаласында Дүниежүзілік қысқы Универсиада өткізілді. Біздің өңірдің намысын қорғаған 17 ақмолалық спортшы 2 алтын, 4 күміс, 1 қола, барлығы 7 медальға ие болды. Жиналған қауым ел мерейін үстем еткен спортшыларға қошемет көрсетті.
Мұнан соң облыс әкімі ағымдағы жылдың қаңтар-ақпан айларында аудан және қала, селолық және поселкелік әкімдердің халыққа 674 есептік кездесу өткізгендігін, оған облыс тұрғындарының 70 мыңнан астамы қатысқандығын айтып өтті. Тұрғындар тарапынан 672 ұсыныстар мен ескертулер айтылса, оның барлығын дерлік әлеуметтік мазмұнда, 72 пайызы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына, 8 пайызы әлеуметтік салаға қатысты. Қалған 20 пайызы әртүрлі тақырыпта.
–Бүгінгі жүздесуге дейін мен облыстың 18 аймағын аралап шықтым. 111 өндірістік және әлеуметтік нысандарда болып, еңбек ұжымдарымен, тұрғындармен кездестім. Облыс тұрғындарымен жүздескен сәтте облыстың әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары туралы айтып бердім. Тұрғындар тарапынан 150 сұрақ қойылды. Тұтастай алғанда жыл ішінде әр аймақта бес реттен болған шығармын. Осы жұмыс сапарларының қорытындысына орай аудан әкімдеріне, жергілікті атқарушы органдардың жетекшілеріне нақты тапсырмалар берілді,–деді облыс әкімі.
Мұнан соң облыс әкімі сөзді кездесуге қатысып отырған Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевке берді.
–Ел Президенті Нұрсұлтан
Назарбаев Қазақстан халқына «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» тақырыбындағы Жолдауы жарияланғандығын, онда айтылған келелі мәселелерді баршаңыз жақсы білесіздер. Төрткүл дүние өте жоғары жылдамдықпен даму үстінде. Осы уақыт көшінен қалып қоймау үшін біздің де алға ұмтылуымыз керек. Қалып та жатқан жоқпыз. Ел өміріне нарықтық-экономикалық заңдылықтар дендеп енді. Инновациялық үдерістер де жоғары қарқынмен дамуда. Жаңа технологиялар жүзеге асырылуда. Жолдауда айтылған басымдықтың бірі әрі бірегейі ең алдымен адам капиталы деп білемін. Бұл арада ең алдымен білім беру саласы, оған соны серпін беру мәселелері төңірегінде айтуымыз керек. Бірінші кезекте бірыңғай ұлттық тестілеу талаптары ата-аналардың өтініш-тілектерін ескере отырып өзгертілгендігін айтуымыз керек. Бұл жайында көптеген сұрақтар туындаған болатын. Министрлік ата-аналар мен мектеп түлектері тарапынан көтерілген мәселелерді екшей келіп, жаңа қағидалар қабылдап отыр. Қазір кез-келген мектеп түлегі онлайн жүйесі арқылы тапсыра алады. Ел болашағы жастар заман талабына сай жоғары білім алуда. Өткен жылы он жеті мыңға жуық мектеп бітіруші түлектер білім сапарын жоғары оқу орындарында жалғастырды. Қаржы министрлігінің қамқорлығының арқасында бөлінетін гранттар бес мыңға көбейді. Мемлекет тарапынан да жанды қамқорлық жасалуда.
Білім беру саласының мазмұны заман талабына сай байытыла түсуде. Мұндай тәжірибе әлемнің 35 елінде қолданылады. Біз бұл жұмысты сәл кешеуілдетіп бастасақ та, төрт жылдың ішінде олқылықтың орнын толтырамыз деп отырмыз. Салада соңғы жаңалықтар да аз емес. Мәселен, қазіргі күні 77000 ата-ана электронды күнделікті қолданады. Алдағы уақытта қолданушылар санын көбейту көзделген. Бұл шара мектеп мұғалімдерін қағазбастылықтан арылтуға септігін тигізеді. Оған қоса, мұғалімдерді сабақтан тыс жұмыстарға тартуға тосқауыл қойылуда. Сонымен қатар, бескүндік оқу жүйесіне көшу де қолға алынған. Министр өз сөзін білім беру саласындағы соны жаңалықтармен түйіндеді.
Бұдан кейін Сергей Кулагин өзіне залдан қойылған және жазбаша тапсырылған сауалдарға жауап берді. Ол сауалдар мен жауаптар газетіміздің бүгінгі санында жарияланып отыр. Сонымен бірге, кездесуде облыстық «Қазақ тілі мен мәдениеті» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мейрамбек Қиықов пен Целиноград ауданының тұрғыны, қарт журналист Моисей Гольберг сөз алып, облыс әкіміне өңірімізде атқарылып жатқан игі жұмыстар үшін өздерінің ризашылықтарын білдірді, министрге қарата ағылшын тілін төртінші сыныптан кейін оқыту, бұрынғы кездегідей оқушылардың еңбек лагерьлерін қайта қалпына келтіру сияқты мәселелерді көтерді.          
Мұнан соң өңір басшысы көпшілікке алдымызда Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауынан туындайтын зор әрі жауапты жұмыс тұрғандығын тағы бір еске салды. Еліміздің көркеюіне әрқайсымыз өз үлесімізді қосуымыз керек деген аманат жүгін арқалатқан есеп беру кездесуі облыс әкімінің өткен жылы атқарған жұмысына оң баға берілуімен, алдағы міндеттердің жіті елеп-екшелуімен мәреге жетті. Біздің де көкейімізде осы жолдағы ақмолалықтар табысы биыл да қомақты болғай деген бір ғана ізгі тілек тұрды. 

 

 

 

Облыс әкіміне қойылған сауалдар мен берілген жауаптар

 – Облыс орталығындағы Неке сарайының құрылысы қашан аяқталады?
– Бұл нысанның құрылысы 2015 жылы басталды. Жобаның жалпы құны 835 миллион теңге. Биылғы жылы жұмысты әрі жалғастыруға 450 миллион теңге бөлініп отыр. Бұйырса, Неке сарайын іске қосу осы жылдың үшінші тоқсанына жоспарлануда.
– Астана қаласының іргесіндегі елді мекендерді дамыту тұрғысында қандай жұмыстар атқарылмақ?
– Осы жұмыстардың бірінші-екінші кезеңдерінде 53 миллиард теңге қаржы жұмсалған болатын. Биыл 20 жобаны жүзеге асыруға 5,7 миллиард теңге қаржы бөлініп отыр. Оның ішінде 3 мектеп салу, су құбырлары жүйесін тарту, тағы басқа жобалар бар.
–  «Оқжетпес» футбол клубы Премьер-лига біріншілігінде бесінші орын алды. Биыл жүлдегерлер қатарынан көріну жоспарда бар ма?
– Үш жыл бұрын клуб бірінші лигада ойнаған еді. Одан жоғары топқа өтіп, 7 орын алды. Былтырғы көрсеткіш 5 орын. Биылғы міндет те алтылыққа кіру. Ал, шама келсе, жүлдеге ұмтылу.
– Баяндама өте жақсы жасалды. Бізді діни экстремизмге қарсы қандай шаралар қолданылып жатқаны толғандырады.
– Бұл өте өзекті мәселе. Елбасының арқасында бейбіт өмір сүрудеміз. Ақмола облысында 746 мың халық бар. Олардың арасында әртүрлі адамдар болуы мүмкін. Сондықтан, дін мәселесінде өте сақ болуымыз керек. Ең бастысы, жастарды жұмыспен, жалақымен қамтамасыз ету. Осыны әкімдер басты назарда ұстағандары жөн.
–Сіз жұмыс сапарында Бұланды ауданының Тоқтамыс орта мектебінің жағдайымен таныстыңыз. Мектепке күрделі жөндеу жасала ма?
–Биыл бұл мектепті күрделі жөндеуден өткізуге 44,7 миллион теңге қаржы бөлініп отыр.
–Сізге «Болашақ» қоғамдық қорының атынан
Целиноград ауданы Қоянды селосындағы жер мәселесінің шешіліп, 190 отбасының құжаттары рәсімделгені  үшін рахмет айтамыз.
– Бұл өте күрделі мәселе болды.  Ауыл әкімі, учаскелік инспекторлар жер телімдерінің заңсыз таратылуына жол берген. Бірақ, біз халықтың жағдайын түсініп, 190 отбасына сол жер телімдерін қалдырдық. Бес отбасының мәселесі әлі шешіле қойылған жоқ. Бұған жол берген кінәлілер заң алдында жауап берді.
– Астрахан ауданындағы Петров орта мектебіне күрделі жөндеу жүргізіле ме?
– Мектепті күрделі жөндеуге және шатырын жаңартуға жобалық-сметалық құжаттама жасалды. Облыстық бюджеттен осы мақсаттарға 154,3 миллион теңге қаржы бөлініп отыр. Яғни, мектеп биыл жөнделеді.
–Еңбекшілдер ауданында Невский орта мектебі апатты жағдайда тұр. Жаңа мектеп салуға шара қолданыла ма?
– Биылғы жылы 450 миллион теңге қаржы бөлініп, 80 орындық мектеп салынады.
– Щучинск қаласында үйлердің аулаларын көркейту жұмыстары қарастырылған ба?
– Біз бұл мәселелерге облыс орталығында арғы жылы 100 миллион, былтыр 300 миллион теңге қаржы бөлдік. Биыл лифт шаруашылығын толық қалпына келтіреміз деп отырмыз. Былтыр елді мекендердің жағдайын жақсартуға барлық әкімдерге 20-50 миллионнан қаржы бөлінді. Соның ішінде Щучинск қаласына 50 миллион жолға, 40 миллион аулаларға бөлінді. Биыл да бұл жұмыс жалғасын табады.
– Атбасар ауданы облыстық көркемөнерпаздар байқауында жылда көш басынан көрінуде. Ауыл клубтарын жөндеуге қаржы бөліне ме?
– 2017 жылы ауданда жеті ауылдық мәдениет үйін ағымдағы жөндеуден өткізуге 71,6 миллион теңге қаржы бөлініп отыр.  
– Біздің Ақкөл ауданында Новый Колутон-Ақкөл-Азат-Минский тас жолына жөндеу жұмыстары жүргізілді. Биыл бұл жұмыстар одан әрі жалғаса ма?
– Сіз айтқан жолға күрделі жөндеу жылда кезең-кезеңмен жүргізіліп келеді. Бұл үшін барлығы 3,4 миллиард теңге қаржы керек. 2017 жылы аталған жол учаскесінің 10 шақырымын жөндеу үшін тағы 1,2 миллиард теңге қаржы бөлінді.
–Аршалы ауданындағы Жібек жолы ауылы тез ұлғайып келеді. Қазір мұнда екі мектеп бар. Халық санының өсуіне орай, үшінші мектеп салына ма?
– Жаңа мектепті міндетті түрде салатын боламыз. Ол үшін биыл мектептің жобалық-сметалық құжаттамасын жасау үшін 10 миллион теңге қаржы қарастырылды.
– Жарқайың ауданының Державинск қаласындағы мұнай базасы мен өндірістік аймақ тұрғындары әлі күнге тасымалданған суды ішеді. Сондықтан, жаңа су құбыры құрылысының қажеттігі туындап отыр.
–Тұрғындарды ауыз сумен қамтамасыз етуді жақсарту үшін Державинск жер асты суларының қорына 2013 жылы барлау жасалды. Соның нәтижесінде 4 скважинада су қоры бар болып шықты. 2013 жылы облыстық бюджеттен тиісті жобалық-сметалық құжаттамаларды жасауға 32 миллион теңге қаржы бөлінді. Енді жобаны қаржыландыруға салалалық министрлікке өтінім жолданады.
– «Щучинск шипажайы» шағын ауданында бу қазандығы салынды. Енді жылу желілері салына ма?
– Мұнда бес үй тұр. Осы үйлер жылу желісіне қосылып, төлем жасайтын болса, салынады. Жалпы, осындағы нысандардың жылу мәселесін шешуге 178 миллион теңге қаржы бөлінді.
– Қорғалжын ауданындағы Өркендеу ауылының тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету үшін магистральдық су құбырын жаңарту қажет. Биыл осы ауылға құбыр тарту жұмыстары жоспарда бар ма?
– 2017 жылы осы мақсатқа 173 миллион теңге, соның ішінде республикалық бюджеттен 155,8 миллион, облыстық бюджеттен 17,3 миллион теңге қаржы бөлініп отыр.
–Бұланды ауданында жүзу бассейнінің құрылысы жүргізілгеніне екі жыл болды. Қаржының жетіспеушілігі байқалуда.
–Мұндай жүзу бассейндері облысымыздың көптеген аудандарында салынуда. Сіздерге 32 миллион теңге қаржы бөлінді. Барлық спорттық қондырғыларды биыл салып бітіреміз.
– Нұра топтық су құбыры ма-гистральдары жөнделе ме?
– 2017 жылы облыстық бюджеттен Нұра топтық су құбырының апатты учаскелерін ағымдағы жөндеуден өткізуге 200 миллион теңге қаржы бөлінетін болады. Бұрын мұнда 5 скважина істейтін, қазір 21 скважина істейді.
– Биыл Щучинск-Бурабай курортты аймағын дамытуға қанша қаржы қарастырылып отыр?
– Бурабай аймағын дамыту жос-пары шеңберінде 11 жобаны жүзеге асыру үшін биыл 4,8 миллиард теңге қарастырылған. Оның 2 миллиард теңгесі қоғамдық тәртіпті, 2,2 мил-
лиард теңгесі экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, 600 миллион теңгесі жолдарды жаңарту мақсаттарына жұмсалады.
 – Астанадан Қосшы ауылы 30 шақырым ғана қашықтықта тұр. Ауыз су мәселесі қиын. Осы бағытта не істелуде?
– Бұл мақсатқа да 1,2 миллиард теңге қаржы бөлінді. Оның 200 миллионы облыстық бюджеттен. Мәселені шешетін боламыз.
– Қарағандыдағы мүгедек балаларға арналған мектеп-интернатты бітірдім. Осындай мектеп-интернат бізде салына ма?
– Атбасардағы бала бойындағы кемістікті түзетуге арналған мектептің бірінші кезеңіне 140 миллион теңге қаржы бөлдік.
–Көкшетау қаласында музыкалық академия ашыла ма?
–Бұл мәселені ойластырып шешу керек.
–Бала бақшаларынан мүгедек балаларға орын қарастырылса жөн болар еді.
– Өте дұрыс мәселе. Мұны аудан, қала әкімдеріне тапсырамын. Облыста 28600 мүгедек бар. Оның 12,5 мыңы жұмысқа орналастырылған. Бұған дейін Ақкөл балалар үйіне жөндеу жүргіздік. Биыл осы жұмысты Сандықтауда бастаймыз.
– Шағын шаруа қожалықтарының техникалары ескі, соны жаңартуға қандай көмек болады?
– Былтыр барлығы 31миллиард 600 миллион теңге субсидия бөлінді. Қазір орақ техникасының 20 пайызына, мал шаруашылығындағы жұмыстардың 50 пайызына субсидия беріледі. Биыл республика тарапынан субсидия көлемі азайып отыр. Ол 2,4 миллиард теңге көлемінде бөлінген. Бізге кемі 11 миллиард теңге керек. Осыған күш саламыз.
–Егіндікөл-Новочеркасск  жолының жөндеу жұмыстары биылғы жылы аяқтала ма?
– 2017 жылы жөндеу жұмыстарын аяқтауға облыстық бюджеттен 921,5 миллион теңге қаржы бөлінді. Екі жылда жөнделген жолдың ұзындығы 56 шақырым болды. Бұл аралықта Егіндікөл, Астрахан аудандарының бір бөлігі орналасқан. Бұларда темір жол жоқ. 500 мың гектар егін егеді. Демек, жол дұрыс болуы керек.
– Зерендідегі Мәлік Ғабдуллин атындағы мектепке биыл 44 жыл толады. Осы мектепті қайта жаңартуға қаржы бөлу мүмкіндігі бар ма?
– Мен ол мектептегі мәселені жақсы білемін. Жобалық-сметалық құжаттамасы енді ғана жасалды. Сондықтан, жоспарлап көруіміз керек.
– Макинск қаласындағы жылу қазандығы 2013 жылдан бері салынуда. Құрылыс қашан аяқталады?
– Шынында да, бұл қазандықтың құрылысына 850 миллион теңге қаржы қажет. Бүгінге дейін оның 569,7 миллионы игерілген. Нысанның өзі екі кезекпен іске қосылмақшы. Егер респуб-ликадан сұратқан қаржы келіп түсетін болса, құрылыстың бірінші кезегін биылғы жылдың соңында аяқтаймыз.
– Жеке тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін жер бөлу мәселесі шешіле ме?
– Біз алдымен жер бермей тұрып, сол жерлерге коммуникациялар жүйесін тартуымыз керек. Қазір облыста 108 мың адам, соның ішінде Көкшетауда 12 мың, Щучинскіде 5,5 мың адам жер кезегінде тұр. Биыл 8 елді мекенге электр қуатын тартуға қаржы бөліп отырмыз.
– «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасының орындалуы жайында не айтасыз?
– Бұл бағдарлама ұдайы біздің назарымызда ұсталуда. Осының нәтижесінде ауыл-селоға дәрігерлер, мұғалімдер болсын, біраз жас мамандар барды. Оларға 70 айлық есептік көрсеткіш, яғни, 160 мың теңге көлемінде көтерме ақы төленді. 1250 адам үй салуға 2,8 миллиард теңгенің несиесін алды. Бұл жұмыс алда да жалғаса түсетіні сөзсіз.

 

 

Кездесуге қатысушылардың әсерлері мен ой-пікірлері

 Еңбекшілдер ауданының құрметті азаматы, еңбек ардагері Владислав БОЧКОВСКИЙ:
– Өткен 2016 жыл ақмолалықтар үшін тұтастай алғанда біршама табысты болды. Әсіресе, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп,  туризм, құрылыс саласындағы облыстың көрсеткіштері республикалық көрсеткіштің алдыңғы легінде. Облыс әкімінің баяндамасында жетістік қолмен қойғандай көрініп тұр. Әсіресе, облыстың өнеркәсіп саласы бойынша республикада 1-ші орынға шығуы және астық жинауда республика бойынша рекордтық көрсеткішке қол жеткізу бұрын-соңды болмаған оқиға дер едім. Сонымен қатар, тұрғын үй, ауыл шаруашылығы саласында да толымды табыс бар. Мұның бәрі елдегі бірлік пен ынтымақтастықтың арқасында жүзеге асырылып отыр. Өйткені, өзім осы салада жұмыс істегендіктен мұның қаншалықты маңызды екенін түсініп отырмын.

Зеренді ауданындағы «Сұңқар» сауықтыру кешенінің
директоры, облыстық мәслихаттың депутаты,  Қайрат СҰЛТАНОВ:
– Облысымыздың жыл өткен сайын экономикалық көрсеткіші жақсарып, жаңа өндіріс орындарының ашылуы,   қазіргі заманғы ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алуы тұтастай әлеуетімізді арттыра түсуде. Бұл туралы облыс әкімінің баяндамасында кеңінен айтылды. Бүгінгі таңда ауыл шаруашылығын дамытуға шарапаты тиетін мемлекеттік бағдарламалар аз емес.   Бірақ, біз мемлекетке иек арта бермеуіміз керек. Өз мүмкіндіктерімізді тиімді пайдаланып, ауыл шаруашылығы өндірісін көтеруге, астықтың шығымдылығын, мал мен құстан алынатын өнім көлемін арттыруға баса назар аударылуы керек. Сонда ғана өндірісіміз дамып, ауыл тұрғындарының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы жақсара түседі деп ойлаймын.

 

Сандықтау ауданындағы «Каменка және Д» ЖШС директоры Алексей ДЖЕЙРАНОВ:
– Бүгінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасында ел экономикасы өркендеп келеді. Білім, мәдениет ошақтарының жұмысы жанданып, еңбек адамдарының жұмыс істеулеріне тиісті жағдай жасалуда. Бұл әрине, шаруашылыққа тікелей байланысты. Шаруашылық жұмысы шираса, дәулеті артса, халықтың жағдайы да оңалатыны сөзсіз. Облыс әкімі халық алдындағы есеп беру кездесуінде осыған ерекше назар аударды. Осы ретте, біздің серіктестік  мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында әлеуметтік мәселелердің барынша оң шешілуіне атсалысып келеді. Осының бәрі Жолдауда туындайтын міндеттерді бағыт-бағдар еткен халық пен биліктің тізе қосып, бірігіп атқарған нәтижелі жұмысының арқасында жүзеге асып жатыр.

Аршалы аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Айнұр АРЫҚБАЕВА:
– Бүгін облыс әкімінің есептік кездесуінен үлкен әсер алдым. Баяндамада айтылғандай, өңірімізде қыруар істің басы қайырылып отырғандығы біздерді іштей қуантады, жаңа табыстарға жетелейді. Бұл әрине, алдымен Елбасының, одан кейін баршамыздың жұдырықтай жұмыла атқарған игі істеріміздің арқасында қол жеткен жетістік. Соңғы уақытта ауданда көптеген әлеуметтік мәселелер шешілуде. Осы орайда, өз басым облыс әкіміне шынайы алғысымды білдіремін. Кездесуде облыс әкімі атап өткендей, жастарды жұмысқа орналастыру, қоғамдық жұмыстарға тарту бізде де жүзеге асырылуда. Соңғы жылдары елімізде жастар саясатын жүзеге асыруға бағытталған жобаларды қаржыландырудың өсуі біраз жайтты аңғартады.

 

Сандықтау ауданының құрметі азаматы, еңбек ардагері Виктор ДЕОБАЛЬД:
– Қазір шағын және орта кәсіпкерлікке бет бұрыс бар. Нәтижесінде ауыл тұрғындары да мал ұстап, көкөніс егіп, одан мол өнім жинап, шаруашылықтарын дамыту үстінде. Кәсіпкерлік нысандар мен күре жол бойынан сауда орындары ашылып, халық өнімін сатуға мүмкіндік алды. Бүгінгі таңда біздің округте мал басы, егіс көлемі артып отыр. Шаруашылыққа қажетті жаңа техникалар да жыл санап жаңартылуда. Елбасы Жолдауында «Біздің мақсатымыз – елі бақытты, жері гүлденген қасиетті Отанымыз Қазақстанды «Мәңгілік Ел» ету! Әлемдегі ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылып, бай да қуатты елдермен иық түйістіру. Біз бұл мақсатымызға міндетті түрде жетеміз», – деген жолдар бар. Оны облыстың осы күнгі әлеуметтік-экономикалық дамуынан аңғаруға болады.

 

Атбасар ауданының тұрғыны, жас маман Азат МАРАТ:
– Елбасы мемлекеттік органдар басшыларына «жастармен көбірек кездесіңдер, жиі-жиі ашық сұхбаттасыңдар, сонда ғана олардың көкейіндегіні ұғасыңдар» деп тапсырған еді. Бүгін аймақ басшысы өзінің баяндамасында атап өткеніндей, жастар қолдаудан кенде емес. Жұмыс істеймін деп жалындап тұрған жастарға мемлекет тарапынан қолдау көрсетілуде.
Мәселен, 2016 жылы жастар саясаты шараларын жүзеге асыруға облыстық бюджеттен 139,4 миллион теңге, қалалық және аудандық бюджеттерден 23,4 миллион теңге қаржы бөлініпті. Оған психологиялық, құқықтық, әдістемелік көмек беретін, жұмысқа орналастыруға ықпал ететін біраз шаралар өткізілсе, бұдан Атбасар ауданы да құралақан қалған жоқ.

 

 

Есеп беру кездесуінен
материалдарды дайындағандар:  
              Қайырбай Төреғожа,
              Байқал Байәділов,
              Рамазан  Тілеуов,
              Аслан Оспанов,
              Ырысалды ШАМШИЕВА.
Суреттерді түсірген
Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар