Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Сургуттегі тірегіміз еді - АРҚА АЖАРЫ

Сургуттегі тірегіміз еді

Кез-келген шаруасын ұлтының ұлағатын ұлғайтуға арнайтын Мереке Мұхтарұлы бауырымыздың бар болмысы, ниет-пейілі өз атына сай болатын. Азан шақырып ат қойған  ақсақалдардың батасының қабыл болғаны да. Кіндік қаны Еңбекшілдер ауданына қарасты Сәуле ауылында тамғанымен, Казгородок елді мекенінде орта мектепті аяқтағаннан кейін бірден еңбекке араласқан.

 

Көкшетау қаласындағы аспап жасау зауытында жұмыс істеді. Жұмыс істей жүріп, Алматыдағы политехникалық
институтында оқып білім алды. Әскери борышын өтеп келген соң отбасын құрды. Кейін Ресейдің Сургут қаласына жұмыс істеуге кетті. Сондағы мұнай-газ шаруашылығына байланысты акционерлік қоғамда жетекші инженер болды.  Мереке Мұхтарұлының қамшының сабындай қысқа ғұмырында кейінгі жұрт үлгі қылып айта жүрер тындырған бір ісі, қияндағы Сургут қаласында қазақ диаспорасының басын қосып, ұлттық мәдени орталығын құруы. Осы мәдени орталық Көкшетау қаласындағы ұлт өнерін өрістететін, сол жылдары тіпті, тұншығып бара жатқан тіліміздің тағдырын ойлайтын ұйымдар мен ұлт жанашырлары арасында тығыз байланыс ұйымдастырды. Облыстық филармонияның ұлт-аспаптар оркестрі сонау Сургутқа өнер сапарына аттанды. Бұл енді бұрын-соңды көз көріп, құлақ естімеген соны жаңалық болатын. Оның үстіне дәл осы кез елдегі әлеуметтік-тұрмыстық жағдайдың өте
бір қиын кезеңі еді.
«Ораза намаз тоқтықта» демекші, ән-жыр былай тұрсын, күнделікті тіршіліктің күрмеуін әупірімдеп шешіп жатқан уақыт. Соған қарамастан Мерекенің күш салуымен қияндағы Сургутта қазақтың ұлттық өнері төңірегіне көктемнің жаймашуақ лебіндей соны бір леп әкеліп, сол жақта күн кешіп жатқан қандастарымыздың мерейін көтеріп тастаған. Кейін «Нау-рыз – жаңа күн» атты фестивальға облыс орталығындағы балалар шығармашылық үйінде тәрбиеленіп, ұлы өнердің ұлағатын ұғып, бойларындағы барын ұштап жүрген жас таланттар шақырылды. Ел арасындағы өнер достығы беки түсті. «Айнакөл», «Кербез сұлу» ансамбльдері де өнер сапарымен барып қайтты.
Сургут қаласының іргетасының қаланғанына 410 жыл толуы ерекше аталып өткен екен. Жалғыз сол жердің жергілікті халқы емес, барлық ұлт өкілдері мерейлі мерекеге ат салысыпты. Мереке Мұхтарұлы басшылық жасайтын Сургуттағы мәдени орталықтың арнайы шақыруымен жазушы Жабал Ерғалиев, тарихшы ғалым Қадыржан Әбуев, сол кездегі Зеренді ауданы әкімінің орынбасары Ермек Нұғымановтар арнайы делегацияны бастап барып қайтты.
Мереке Мұхтарұлының ұлттар арасындағы ұлы достықты бекем етуге сіңірген еңбегі еленбей қалған жоқ. Сургут қаласының мэрі Александр Сидоров қаланың 410 жылдығына арналған мерекеге қосқан үлесіне орай еңбегін айрықша бағалап, Алғыс хат тапсырған екен. Осындай Алғыс хатты Қазақстанның Ресейдегі елшісі Қырымбек Көшербаев та жолдады. Онда Сургуттың байлығы ең алдымен тұрғындары екендігі жазылған. «Сургут – уақытша қоныс емес, мәңгілік мекен. Мұнда адамдар бар қажыр-қайраттарын жұмсап, қаламыздың көркеюіне, бірнеше ұлттың мәдениеті мен өнерін дамытуға еңбек етіп жатыр» деп жазылыпты. Біздің ұлтын сүйген азаматымыз Мереке
Шайкенов те қазақтың мәдениетін, өнерін сол жерде көрсетіп, талайды тамсандыруға өз үлесін қосқан арысымыздың бірі еді. Мұндай Алғыс хат жалғыз емес, көп, өте көп. Соған қарағанда еңбегі де аз болмаған ғой.     
Өмір шіркін қуаныш пен реніштен тұрады. Қияндағы Сургутта жұмыс істей жүріп, ұлтының рухани байлығын молайтуға қолынан келгенінше үлес қосқан Мереке бауырымыз да тым ерте өмірден өтті. Осы жері өзекті өртер өкініш. Саналы ғұмырында істеген салмақты шаруасы кейінгіге үлгі болсын деп бір ауыз сөз жаздық. Достық парызды өтеу үшін.

Дулат ЖҰРЫМБАЕВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар