Әкім — іс үстінде
Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Көкшетаудағы Белсенді ұзақ өмір орталығында болып, мекемеге шағын автобус пен теннис үстелін сыйға тартты. Белсенді ұзақ өмір орталығы көрікті Көкшетау қаласында аймақ басшысының қолдауымен ағымдағы жылдың наурызында ашылып, содан бері егде жастағы адамдардың игілігіне орай үздіксіз қызмет етіп келеді.
Орталықта бүгінде 1300-ден астам зейнеткер тіркеліп, оның 900-ден астамы түрлі секция, үйірмелерге қатысып жүр. Зейнет жасындағы жандардың орталықтағы үйірмелерге жазылуға деген ынта-ықыласының жоғарылығы сонша, мұнда күніне келуі тиіс 150-200 адамның орнына, жоғары жүктемемен 300-350 қатысушы өздерінің қызығушылықтары бойынша бос уақыттарын өткізіп, денсаулықтарын жақсартып, өмірлерін ұзартуда.
Мекемеде егде адамдардың қимыл-қозғалысын ширатып, денсаулықтарын жақсартуға арналған спорттық гимнастика, йога, хореография, шахмат, дойбы, каратэ секілді секциялардан бөлек, ұлттық және шығармашылық бағыттағы асық ату, тоғызқұмалақ, іс тігу, вокал, театр, шет тілдерін үйрену тәрізді 16 үйірме жұмыс істеп тұр.
Орталық директоры Бақыт Смағұл облыс әкіміне үйірмелер мен секцияларды аралатып көрсетті. Аймақ басшысы мұндағы зейнеткерлерге елімізде егде адамдардың ұзақ өмір сүруі үшін жасалып жатқан жағдайларды тілге тиек етті. Биылғы жылдың соңына дейін облыс орталығының Сарыарқа шағын ауданында үлкен спорттық кешен ашылып, онда алдағы уақытта еліміз бойынша жұмыс істеп жатқан Белсенді ұзақ өмір орталықтарының қатысушылары арасында чемпионаттар ұйымдастырылатындығын жеткізді. Облыс әкімі орталықта егде адамдармен бірге теннис ойнап, асық та атып көрді. Қатысушылар аймақ басшысына өңірде атқарылып жатқан жағымды істер мен қаланы көркейту бағытында жасалған «Жаңа Жағалау», «Көк шалғын» жобалары үшін алғыстарын жеткізді.
– Бүгінде орталық «атына заты сай» деңгейде белсенді жұмыс істеп жатыр. Әлі де орталықты кеңейту, Сіздерге жағдай жасай түсу жөнінде әрі қарай жұмыс істейміз. Жуырда үлкен спорт кешені ашылады. Сол кешенде де Сіздердің тегін барып қатысуларыңыз үшін жағдай қарастырамыз. Биыл ауыл шаруашылығы саласында диқандарымыз астық жинаудан тағы да жоғары көрсеткішке қол жеткізді, өңірге түрлі жобалар аясында инвестициялар тартып, терең өңдейтін өндіріс орындарын ашып жатырмыз. Экономикамыз өсіп келеді, сондықтан, Сіздерге әлі талай қолдау-көмек көрсетеміз, – деді облыс әкімі орталықтың белсенді қатысушылары алдында.
Бұдан әрі облыс әкімі орталыққа шағын автобус, ал, «Көкшетау Энерго» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Досымхан Аралбаев қазақтың қара шаңырағы – киіз үйді сыйға тартты.
– Бүгін серіктестік атынан орталыққа киіз үйді тапсырғалы отырмыз. Орталықтың төрінен орын алып, оның ішінде асық ату секілді ұлттық ойындар ойналып, бес саусағынан өнер тамған аналарымыз ұршық иіріп, жүн түтіп, оны сабау секілді қолөнердің түр-түрін түлететін болады деп сенеміз, – деді құттықтау сөзінде Досымхан Аралбаев.
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суреттерді түсірген Нұрболат БЕКТҰРҒАНОВ.
![]()

