Ет неге қымбаттап кетті?!.

Көкейкесті

Азық-түлік бағасын тұрақтандыру мұңға айналды. Өзгесін былай қойғанда төскейінде төрт түлік мал жер қайыстырады дейтін сулы-нулы өңірде төрт түлік мал басының табиғи өсімі неге ойдағыдай емес?!

Елдегі төрт түлік малдың сүмесімен күн көрген ауыл тұрғындарының көсегесін көгертуге тиісті мемлекеттік бағдарлама «Ауыл аманаты». Қара қазанымды майлап, ақ дастарханға ет өнімдерін молынан жеткіземіз деп құлшынған ауыл тұрғындарына үш жылдан бері несие беріле бастады. 2024 жылы 1,8 миллиард теңге қаражат бөлінді. «Kokshe» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясына жалпы көлемі 1 931,7 миллион теңгені құрайтын 220 өтінім түсті. Осы қаражаттың 1 161,2 миллион теңгесі немесе 128 өтінім өңірдегі мал шаруашылығын дамытуға ұсынылды. Өтініш иелерінің бизнес-жоспарын жан-жақты саралай келе, несие комитеті 131 өтінімді мақұлдады. Қолдарына зарығып көрген қаражат тиген соң малсақ қауым ойға алған жоспарын іске асыруға кірісіп кетті. Әйтсе де, нәтиже көңіл көншітерлік емес. «Кokshe» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамы басқарма төрағасының орынбасары Еркебұлан Баяхметовтың айтуынша, мемлекеттік бағдарлама негізінен ауыл тұрғындарының кәсіппен айналысуы үшін түзілген. Несиенің пайыздық мөлшері жылына 2,5 пайыз көлемде. Жекелеген өтінім иелері 10 миллион теңгеге дейін несие ала алатын болса, селолық кооперативтерге 30 миллион теңгеге дейін беріледі. Қаражаттың жоқтығынан тауы шағылып отырған ауыл адамдарының алдынан даңғыл жол ашылып, қорасына мал бітіретін-ақ жағдай. Оның үстіне бағдарламаға қатысушылар ауылдастары үшін жаңа жұмыс орындарын ашуға тиісті. Тұтастай алғанда осы бағдарлама арқылы ауыл тұрғындарының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы көп-көрім жақсарып қалар еді. Еркебұлан Баяхметовтың ақпаратына қарағанда, тек Ақмола өңірінің тұрғындарына 2,5 миллиард теңге қарастырылған. Күні бүгінге дейін корпорацияға өңірдің 9 ауданынан 18 жоба түскен екен. Өтінім берушілерді саралап қарайтын болсақ, бел буып, белсене кіріскелі отырғандардың негізі Ерейментау ауданынан. Бұл өңір мал бағуға өте қолайлы, жайылымы көп, жері шүйгін. Аудан тұрғындарынан жалпы құны 222 миллион теңгені құрайтын 8 өтінім түсіпті. Өтінім иелері төрт түлік малдың басын көбейту үшін мал сатып алмақ. Әйтсе де, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Ілияс Жүсіповтің мәліметіне қарағанда, осы ауданның тұрғындары өткен жылдары да бағдарламаға қатысқан. Мемлекеттік демеу көп-көрім болғанымен, нәтижесі қуантарлық емес.

– «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша алғашқы несиелер 2023 жылы беріле бастады, – дейді басқарма басшысының орынбасары, – қолдау болғанымен, өңірдегі төрт түліктің басы күрт өсті деп айта алмаймыз. Әрине, несие берілген соң қадағалау бар. Мал басы өспегеннен соң несиеге алынды деген мал тексеріс кезінде қорадан қораға көшіп жүр ме деген күдік те бар.

Тексеру де оңай-оспақ шаруа емес. Әйтсе де бағдарлама бойынша алынған малға чип салынуы керек. Ал, көршісінде электронды базаға енгізілмеген мал болуы әбден мүмкін. Бағдарлама бойынша жұмыс нәтижесін саралағанда көршісін тексере алмайсыз. Өйткені, ол бұл жұмысқа қатысушы емес қой.

Осы арада мына бір жайды екпін түсіріп айта кетуге болады. Егер 2023 жылы бір бас сиырдың бағасы 250-300 мың теңге болса, қазір 700 мың теңгеге жетті. Егер ауылдағы малсақ қауым мал сатып алу үшін сол жылы несие алатын болса, қазір оп-оңай жауып тастар еді. Өкінішке орай, мұндай ұмтылыс жоқ. Жеңілдікпен алынған несие жабылғаннан кейін мал иесі әрі қарай мал ұстап отыр ма, жоқ па, оны ешкім тексермейді.

Бәлкім бағдарламаның мақсаты мен мұратын ел ішінде түсіндіріп, насихаттау жағы кемшін шығар. Жеңілдікпен берілетін несие кәсіп бастауға жол ашатын дәнекер ғана емес, ел еңсесін тіктеуге арналған бағдарлама.

– Біз ел ішінде бірігіп кооператив құру жайын жиі айтып жүрміз, – дейді Ілияс Жүсіпов, – егер кооператив болып ұйымдасса, жеңілдікпен берілетін несиені көбірек алуға мүмкіндік туады. Негізінде бір ауылда бір жоба болу жеткіліксіз. Бірнеше жоба болса, бір-бірімен селбесіп, ортақ мақсатқа ұмтылып, табыс табуға болар еді.

Ел ішіндегі жайды таразы басына тартсаңыз, бірігуден де береке қашып тұрғандығын аңғарар едіңіз. Мәселен, Зеренді ауданының малсақ қауымы ауылдың адымын алға бастыратын «Ауыл аманаты» бағдарламасы туралы ақпарат құлақтарына тигеннен кейін іске кіріскен. 2024 жылы аудан тұрғындарынан 57 өтінім түсті. Оның ішінде жалғыз мал шаруашылығы ғана емес, туризм төңірегіндегі қызмет те бар. Бізге керегі мал шаруашылығы. Ендігі әңгіме осы бағытта. Бағдарлама бойынша несие алып, кәсіп ашқан адамдар түптің-түбінде артық ауыс малдарын ет өнімдерін өңдейтін кәсіпорындардың бордақылау алаңдарына тапсырулары тиіс. Мұндай ілкімді сабақтастық баққанға да өңдегенге де тиімді. Осы арада бастан жақты айырғандай етіп айта кетелік. Табан ақы, маңдай термен мал өсірген адам жыл он екі ай бойы бейнеттеніп өсірген малын алып-сатарларға жем болмай, бордақылау алаңына тапсыра алады. Ал, шикізатқа зәру болып отырған кәсіпорынның күн тәртібіндегі күрделі мәселесі де оп-оңай шешімін табады. Әуел бастағы зеренділіктердің бағалы бастамасы көп-көрім қолдау тапқан. Ет кластерін жолға қою үшін 140 миллион теңге шамасында қаражат та бөлінген. Екі тараптан түзілген келісім-шартқа сәйкес ет комбинаты ветеринарлық қызметті жолға қоюды міндетіне алған. Бағдарламаға қатысушы малды сатып алғаннан бастап, ет комбинатына тапсырғанға дейінгі аралықта. Егер жұмысқа кәсіби мамандар араласса, ағзасы сау, өнім беретін малды да жаза баспай таңдап алу мүмкіндігі туады. Мал өнімдерін өңдеумен айналысатын «МВ4» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бағдарламаға қатысатын ауыл тұрғындарына мал азығын өз құнымен береді. Ал, малсақ қауымның бағымындағы малды сатып алу кезінде базардағы бағадан жоғары төлемек. Нақтыласақ, әр келісіне 50 теңге қосылмақ. Мұндай жүйенің жүзеге асырылуы ауыл тұрғындарының еңсесін көтеруге тиісті еді. Несие алуға да құжаттарын түзіп, көмектеспек ниетте болды.

–Бүгінгі күні бұл жоспар жүзеге аспай қалды, – дейді Еркебұлан Баяхметов, – қырыққа жуық бағдарламаға қатысушының тек екеуі ғана малдарын ет комбинатына тапсырмақшы. Оған ет бағасының күрт қымбаттап кетуі себепші болып отыр.

2024 жылы комбинаттың ұсынған бағасы тиімді болатын. Ал, қазір баға өсіп кетті. «Кokshe» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамы өкілінің пайымдауынша, несие берген кезде қаржыны мақсатсыз жұмсау немесе қайтармау бағытында тәуекел бар. Шынтуайтында «Ауыл аманаты» бағдарламасына қатысушылардың басым көпшілігі жұмыссыздар. Олардың көпшілігі алынған несиені өз мақсатында жұмсағанын дәлелдей алмайды. Соңынан айыппұл төлеуге алып келеді.

–Мұндай мысалдар бар және аз емес. Сотқа да жүгінеміз, –дейді Еркебұлан Баяхметов, – егер ауыл тұрғындарының қаржылық сауаты жақсы болса, мұндай келеңсіздікке жол берілмес еді. Адамдармен сөйлесе қалсаң, қалай қате жібергендеріне өздері де таң қалады. Біздің міндетіміз жазалау емес, бағдарламаға қатысушылармен мәселенің мәнісін талқылап, жұмыс істеудеміз. Меніңше жетпей тұрғаны қаржылық сауат.

Өңірде «Ауыл анаматы» бағдарламасы бойынша толыққанды жұмыс істеп жатқандар да бар. Тақырыпты таратып айтқан кезде Ілияс Жүсіповтің пікірінің көңілге қонымды екендігін айта кетуге болар. Егер ауданда мал бағатын жайылым мен мал азығын дайындау мүмкіндігі жеткіліксіз болса, онда мал шаруашылығы бизнесіне несие берудің қажеті жоқ. Мәселен, Целиноград ауданында жайылым мүлдем тапшы, халық та мұндай жерде төрт түлік малды мыңғыртып баға алмайтынын түсініп отыр. Сондықтан, олар жеңіл өнеркәсіпке ден қойған. Қазір табысты жұмыс істеуде.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының ақпаратына қарағанда, ауыл шаруашылығына берілетін несие көлемі жыл сайын өсіп келеді. Алдағы жылдары жеңілдетілген несие көлемі 7 миллиардқа жетпек.

–Бағдарламаның бастау алғанына екі жыл ғана, – дейді Ілияс Жүсіпов, – 2023 жылы екі ауыл шаруашылығы кооперативі құрылса, қазір оның саны онға жетті. Олар заңды тұлға ретінде жұмыс істегеннен кейін ет өнімдерін базарға шығарып, сүтін сүт зауыттарына өткізе алады және заңды тұлға ретінде лизингке техника да ала алады.

Елдің дастарханы ет өнімдеріне бөгіп тұруы үшін алдымен осы бағдарлама талаптарын жетілдіру қажет шығар.

Байқал БАЙӘДІЛОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар