Мақсат – облыс дамуын барлық салада жеделдету

 Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов журналистермен баспасөз мәслихатын өткізді. Аймақ басшысы жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдердерінің ауыл шаруашылығы, абаттандыру, құрылыс, реновация бағдарламасы, сондай-ақ, әртүрлі әлеуметтік тақырыптарға қатысты қойған сұрақтарына жауап берді.

Облыс әкіміне журналистер тарапынан қойылған алғашқы сұрақ тұрғын үй қорын реновациялауға қатысты болды. Бұл бағдарламаны Ақмола облысы республика көлемінде бірінші болып іске асырып жатқаны белгілі. Осыған орай, облыс әкімі бағдарламаның қалай іске асырылып жатқанын жан-жақты айтып өтті.

– Бұл бағдарлама кезең-кезеңімен іске асырылады. Тек, облыс орталығы ғана емес, аудандарда да жүзеге асырылуда. Реновацияның барлық жағынан тиімді тұстары өте көп. Ескі және апатты үйлерде тұрған тұрғындардың мәселесі көп жағдайда осы бағдарлама арқылы шешіліп жатыр.  Мысалы, Көкшетаудағы Вернадский көшесінде 43 пәтер осы бағдарлама арқылы сатып алынып, оған тұрғындарды қоныстандырдық.  Сарыарқа шағын ауданында да осындай жұмыстар жүргізілуде, – деді әкім өз жауабында.

Сонымен қатар, аймақ басшысы бағдарлама бастапқыда бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырыла бастағанын атап өтті.  Бірінші кезеңде 700 миллион теңге бөлініп, 48 пәтер сатып алынған. Содан кейін облыс орталығындағы 6 ескі үй сырылып, олардың орнына заманауи тұрғын үй кешені пайда болды.  Осы бағдарлама барысында 2,1 миллиард теңге бөлініп, 121 пәтер сатып алынған. Қазіргі уақытта жаңа пәтерлерге қоныстанатын тұрғындармен келісім жұмыстары жүргізілуде.

Әкімнің атап өткеніндей, жаңа үйлердің бір бөлігі әлеуметтік осал топтарға арналған. Осылайша, реновация бағдарламасы бір уақытта бірнеше мәселені шешеді, яғни, ескі үйлерді жояды, шағын аудандарға жаңаша тыныс береді, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартады. Болашақта реновация бағдарламасы жеке құрылыс компанияларымен серіктестікке сүйеніп, іске асырылмақ.  Мысалы, Көкшетауда ескі өнер мектебінің орнына салынатын жоба шамамен 3 миллиард теңге тұрады, нысан толықтай инвестор есебінен салынады, оған бюджет қаражаты тартылмайды. Осы сияқты жобалар облыс аудандарында да жүзеге асырылуда. Мысалы, Бұланды ауданында су тасқынынан кейін шамамен 60 үй апатты деп танылды, жаңа үйлер бюджет есебінен және кәсіпорындардың қатысуымен сатып алынады.

Облыс әкіміне облыстық бюджеттің кемінде 40 пайызы бөлінетін Астана маңындағы аудандар мен Қосшы қаласын қаржыландыруға қатысты сұрақ қойылды. Бұл ретте, облыс әкімі бұл аудандарға орташа деңгейден жоғары қаражат бөлінудің объективті себептердің барын атап өтті.  Ақмола облысы тұрғындарының үштен бір бөлігі Астана маңындағы елді мекендерде тұрады, сол себептен, мұнда миграция мен халық санының өсуі жоғары. Елді мекендер жылдам қала кварталдарына айналуда. Мәселен, Талапкер ауылы халқының саны еселеп өскен, ал, Қосшы шағын ауылынан қалаға айналып, инфрақұрылымды қайта құруды қажет етті. Өткен жылы Целиноград ауданында 9400 орындық 7 заманауи мектеп ашылып, үш ауысымды оқыту толық жойылды.

Аймақ басшысының жауабына сәйкес, агломерацияның өсуі облыстың басқа аудандарына зиян келтірмейді. Керісінше, инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындарын құру және өндірісті дамыту бойынша салық пен бюджет түсімі арта түседі.

Биылғы жылы рекордтық астық жиналғанына орай, астықты сақтау және сату мәселесінде алаңдаушылық бар. Осыған орай қойылған сұраққа:

– Жерді жақсы көретін және оның өнімін өндіретін адамдар ешқашан шағымданбайды. Мен үнемі фермерлермен кездесіп тұрамын, олардан мұндай шағымдар түспейді. Сондықтан, ойлаймын, шу шығарып жүргендерге тек, «қызықты қойылым» қажет.  Біз қазірдің өзінде 3,4 миллион тонна астық экспорттадық, тағы шамамен 0,5 миллион тонна астық келісім-шарттар бойынша жөнелтіледі. Жыл соңында биылғы жалпы экспорт көлемі 4 миллион тонна болады.  Бізде қазір 7,2 миллион тоннадан астам астықты сақтау орындары бар, – деді әкім бұл ретте.

Облыс әкімі бұл мәселе төңірегінде, уақытылы берілген жеңілдетілген несие, субсидия, арзандатылған отын және кепілдендірілген тыңайтқыштардың арқасында диқандар тек жоғары астық саудасына қол жеткізіп қана қоймай, жоғары сапалы сауда өніміне қол жеткізгенін атап өтті.

–Астық бағасының төмендеуіне ешқандай негіз жоқ, нарық тұрақты, экспорт бағыттары кеңейіп келеді. Ақмола астығына бұрын-соңды болмаған сұраныс бар, – деді бұл ретте Марат Ахметжанов.

Жиында журналистер тарапынан Біржан сал ауданындағы «Кокше-Цемент»  жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жұмысщыларының бірнеше ай бойы жалақы алмауы туралы сұрақ қойылды.  Оған аудан әкімі Бауыржан Қасенов жауап беріп, ол қазіргі таңда жалақы қарызы 144 миллион теңгеге жеткенін растады.

Бүгінде 683 жұмысшының 201-і өз еркімен жұмыстан шыққан. Алайда, оның айтуынша, өндіріс көлемі өткен жылмен салыстырғанда артып келеді. Бұл мәселе, ең алдымен, құрылтайшыларға байланысты. Бүгінде зауытты реконструкциялау және инвестор іздеу мәселелері қарастырылуда. Сондай-ақ, аудан әкімі зауыт басшылығының жалақыны 15 қарашаға дейін төлеуге уәде бергенін жеткізді. Ал, облыс әкімі болса, аудан әкіміне бұл жағдайды тексеріп қадағалауды тапсырды және қажет болса, қылмыстық іс қозғауға болатынын, бұл жөнінде Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінде тиісті бап бар екенін еске салды.

Щучинск-Бурабай курорттық аймағындағы жер учаскелерін алу мәселесі қоғамдық резонанс тудырғаны белгілі. Бұл жөнінде облыс әкімі атап өткеніндей,  таралған көп әңгімелер шындыққа сай емес.

– Жердің заңды иелерінен ешкім жерді тартып ала алмайды. Барлық шешімдер тек заң аясында және сот арқылы қабылданады. Елімізде әр азаматтың құқықтары Конституциямен қорғалған, сондықтан, жер тек сот шешімімен ғана алынуы мүмкін,  – деді әкім бұл жөнінде.

Мәселенің мәні басқада болып отыр. 2022 жылы облыстық әкімдік пен мәслихаттың бірлескен қаулысымен Бурабай ұлттық паркінен заңсыз жерлер шығарылып, жергілікті атқарушы органдарға берілген. Алайда, артынша бұл шешім заңсыз деп танылған.

– Прокуратура протест енгізді, мен оны қанағаттандырдым. Жер қатынастары заңға сәйкес келтірілді. Бірінші кезең – заңсыз берілген жерлерді қайтару. Екінші кезең – пайдаланылмай жатқан жерлерді алу. Бұл тек Бурабай курорттық аймағына ғана емес, бүкіл елге қатысты, – деді Марат Ахметжанов өз жауабы барысында.

Облыс әкімінің айтуынша, заңды түрде рәсімделген үйлер мен саяжайларға ешқандай қауіп жоқ. Бүгінде 1100-ден астам жер учаскесі тексеріліп жатыр, заңдылық расталған жағдайда иелеріне жаңа құжаттар беріледі.

Сондай-ақ, баспасөз жиынында қатты тұрмыстық қалдықтармен жұмыс мәселесі де көтерілді. Қазіргі талаптар бойынша полигондар салу қиын.

– Облыста ресми түрде 130 полигон бар, бірақ, оның 25-і ғана тиісті нормаларға сәйкес келеді. Сондықтан, ауылдық полигондарға ең төменгі талаптарды бекіту үшін экологиялық заңнамаға өзгерістер енгізілуде. Сол кезде өзіміз саламыз және инвесторларды тартамыз. Алдағы уақытта Көкшетауда жылына 70 мың тонна қоқысты сұрыптау және қайта өңдеу кешені салынады. Ал, Бурабай мен Зеренді аудандарында жылына 40 мың тонна қоқыс өңдеу кешендерін жоспарлап отырмыз, – деді аймақ басшысы.

Осымен баспасөз мәслихаты аяқталып, журналистер қауымы өздерін толғандырған біраз сауалдарға жауап алды.

Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар