Ақмолалық диқандар көктемгі дала жұмыстарына жаңа міндеттерді белгіледі

АГРОКЕҢЕС

Көкшетауда Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың төрағалығымен «2026 жылғы көктемгі дала жұмыстарына дайындық және оны қысқа мерзімде, ұйымшылдықпен өткізу туралы» облыс аграршыларының кеңесі болып өтті.

Агрокеңес жұмысына Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов, облыс әкімінің орынбасарлары, мәслихат төрағалары, департаменттер, басқармалар мен ведомстволардың басшылары, қала, аудан және ауыл әкімдері, ауыл шаруашылығы құрылымдарының басшылары, саланы техникамен қамтамасыз ететін компаниялардың өкілдері, ғалымдар, ауа райын болжайтын мамандар, БАҚ өкілдері қатысты.

Халқымызда «көктемнің әр күні жылға азық» деген аталы сөз бар. Осыны негізге алған диқан қауымы күн жылынып, жердің тоңы жібіген шақта ең жауапты кезеңге қызу дайындықпен кірісіп жатыр. Себебі, көктемгі егіс науқаны бұл тек техника мен тұқымның дайындығы ғана емес, ертеңгі ырыздық пен берекенің, молшылықтың негізі.

Оның үстіне біздің Ақмолаоблысы қатарынан екі жыл бойы аграрлық саланы дамытуда ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жоғары бағасына ие болып, отандық агроөнеркәсіп кешенін жеделдете ілгерілетіп келе жатқан аймақ. Былтыр облыс егіс алқаптарынан рекордтық астық жинап, мерейіміз кезекті рет үстем болғандығы тағы белгілі. Ендеше, алдағы жауапты науқанда да өткен жылғы жетістіктерді баянды етіп, өнім көлемін жаңа деңгейге көтеру міндеті тұр. Міне, облыс орталығында бас қосқан 600-ден астам аграршы мен сала мамандары биылғы береке жорығының бағыт-бағдарын айқындап, озық технологиялармен танысу, өзара тәжірибе алмасу мүмкіндігіне ие болды.

Агрокеңесті ашып, сөз сөйлеген аймақ басшысы өңірдің агроөнеркәсіптік кешені тұрақты өсімге қол жеткізіп келе жатқанын, 2025 жылдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 1,2 триллион теңгені құрап, арғы жылдың көрсеткішінен 15,9 пайызға артқанын атап өтті. Енді биылбұл өнім көлемін 1,3 триллион теңгеге жеткізу міндеті тұр.

– Былтырғы егін орағының қорытындысы бойынша көптеген ақмолалық егіншілік жәнемал шаруашылығы майталмандары мемлекетіміздің жоғары наградаларымен марапатталғанын мақтанышпен айта аламыз. Соның ішінде ауыл шаруашылығы саласын дамытуға және ел экономикасының өсуіне елеулі үлес қосып келе жатқан «Родина» Агрофирмасы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры, Қазақстанның Еңбек Ері Иван Сауэр алғашқылардың бірі болып осы салада «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағын алды. Ал, барлығы біздің өңірден өткен жылы осы саладағы еселі еңбектері үшін 24 адам ордендер мен медальдарға ие болды, – дей келе, өңір басшысы биылғы шаруа жайына ойысты. Соның ішінде болашақ өнімнің берік негізін қалауға септігін тигізетін бірқатар шараларды да атап өтті. Соның бірі – былтыр көктемде облыстық әкімдік жанынан құрылған аграрлық кеңес. Биыл да бұл кеңестің кезекті отырысы өтіп, онда көктемгі егіс жұмыстарын жүргізудің технологиялары кеңінен сөз болған көрінеді.

– Биыл егін егу 5,6 миллион гектар алқапта жүргізіледі деп жоспарлануда. Егіс алқаптарын әртараптандыру жұмыстары одан әрі жалғасып жатыр. Мәселен, алдымызда майлы дақылдар көлемін 600 мың гектарға дейін ұлғайту, сондай-ақ, мал азығы базасын 450 мың гектарға дейін кеңейту міндеті тұр, – деді одан әрі өз сөзінде Марат Ахметжанов.

Сонымен қатар, аграрлық кеңесте егіс науқанына дайындық деңгейінің жоғары екені де айтылды. Биылғы көктемгі дала жұмыстарынашамамен 37 мың ауыл шаруашылығы техникасы жұмылдырылады. Бұл техниканың барлығы дерлік жауапты науқанға дайын.Аграршылардыжанар-жағармаймен, тұқыммен, тыңайтқыштармен және басқа да ресурстармен уақытылы қамтамасыз етуге ерекше назар аударылуда.

Жүйелі көрсетіліп келе жатқан мемлекеттік қолдаудыңкөмегі ерекше. Бүгінде қарастырылып отырған 85,5 миллиард теңге субсидияның аграршыларға қазірдің өзінде56,6 миллиард теңгесі төленді. Мамыр айының соңына дейін субсидиялық бағдарламалар бойынша барлық қарыздарды жабу мүмкіндігі бар. Сонымен бірге, жеңілдетілген несиелеу бойынша «Кең Дала-2» бағдарламасыжүзеге асырылуда. Былтыр 928 ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер 118,7 миллиард теңгенің көмегін алса, бүгінгі таңда 536 агроөнеркәсіп субъектісіне 83 миллиард теңгенің жеңілдетілген несиесі берілді.

– Дегенмен, судың да сұрауы бар. Былтыр «Кең Дала-2» бағдарламасы бойынша тілек білдірген шаруашылықтар мен фермерлер тиісінше қаржылай қолдауға ие болды. Егіншілікпен айналысамыз деген қожалықтардың барлығына да несие алу үшін кепілдік бердік. Бірақ, өкінішке орай, біраз қожалықтар сол алған қаражатты уақытында қайтара алмай отыр. Солардың қарызы биылғы көктемгі егіске кедергі болмасын деп өз тарапымыздан бюджет қаражатымен жауып отырмыз. Сондықтан, әркім бұл бағдарламаға қатысарда өзшама-шарқын біліп, мәселеге жауапкершілікпен қарауы тиіс. Өз уәделеріңізде тұра алмайды екенсіздер, басқаларға жол беріңіздер, – деп облыс әкімі осы мәселеде облысты кейін тартып отырғандарға ескерту де жасады. Мұныорынды деп білеміз. Себебі, «бірдің қырсығы мыңға тиеді» демекші, биылғы жауапты науқан қарсаңында жеңілдетілген несие алмақшы болған басқа қожалықтарға Үкімет тарапынан мұндай қолдау көрсетілмей қалуы ықтимал.

Агрокеңесте келесі болып сөз кезегін ауыл  шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов алды.

– Көктемгі егіс науқаны алдында ғалымдар мен шаруаларды біріктіре отырып, осындай кеңестер өткізудің маңызы зор. Ақмола облысының соңғы екі жылдағы жұмысы республика аграршыларына үлгі-өнеге деп айтуға болады. Жалпы,еліміз бойынша астық түсімінің тұрақтылығына ақмолалықтар айтарлықтай үлес қосып отыр. Мұнда соңғы жылдары агроөнеркәсіптік кешен қарқынды дамып, өндірілетін өнім көлемі жыл сайын артып келеді. Бүгінгі таңда бүкіл еліміз бойынша ауыл шаруашылығы техникасының көктемгі егіс науқанына дайындығы 97 пайызды құрайды, бір жыл ішінде техника паркі де 6,5 пайызға жаңартылды, – деген ол әрі қарай мемлекеттік қолдау бойынша берілетін қаржыны тиімді игеру тетіктеріне тоқталды.

Бұдан әрі кеңесте облыс әкімінің орынбасары Мұрат Балпанның «2026 жылғы көктемгі дала жұмыстарына дайындық және оны қысқа мерзімде ұйымшылдықпен өткізу туралы» баяндамасы тыңдалды. Жалпы, баяндамашының мәліметінше, биыл облыс бойынша ауыл шаруашылығы дақылдарының жалпы аумағы 5,6 миллион гектарды құрайды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 65,6 мың гектарға артық. Биыл негізгі басымдықтармайлы дақылдар мен картопқа, сондай-ақ, мал азығына беріліп отыр. Майлы дақылдардың егіс алқабы шамамен 600 мың гектарға жеткізіліп, 90 мың гектарға ұлғайтылмақшы. Бұланды, Шортанды және Біржан сал аудандары бұл бағытта көш бастап тұр. Ал, Президент тапсырмасына сәйкес, мал азығы дақылдарын 450 мың гектарға дейін жеткізу жоспарланған. Картоп дақылына тоқталсақ, урбанизация салдарынан жеке қожалықтарда картоп егу азайғанымен, ірі ауыл шаруашылығы құрылымдарында бұл өнімнің көлемін ұлғайту үшін жаңа инвестициялық жобалар қолға алынбақшы.

– Қазіргі уақытта облыс аграршылары тұқыммен 100 пайыз қамтамасыз етілді. Минералды тыңайтқыштар көлемі 433,5 мың тоннаға дейін ұлғайтылды.Егіннің шығымдылығын арттыру мақсатында облыста кешенді дайындық жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі таңда 721,5 мың гектар алқап өңделіп, 1,2 миллион гектар сүдігер жыртылды. Сондай-ақ, топыраққа ылғал жинау үшін 608,3 мың гектар аумақта қар тоқтату жұмыстары атқарылды.Биылғы көктемнің ерекшелігі – қардың ерте еріп, жердің тез қарайғаны. Күннің күрт жылынуы топырақтағы ылғалдың тез булануына және арамшөптердің ерте шығуына әкеліп соғуы мүмкін. Ендігі арада  мамандардың кеңесі бойынша топырақ пісіп-жетілген бойда жедел түрде тырмалау жұмыстарын бастау қажет. Бұл – жердегі ылғал қорын сақтап, болашақ өнімнің берік негізін қамтамасыз ететін ең маңызды қадам.Жұмыс жоспарына сәйкес, ылғал жабу шаралары 3 миллион гектардан астам алқапта жүргізіліп, 9 күн ішінде аяқталады деп күтілуде. Осы сөзімізді қорытындылай келгенде, Ақмола облысының агроөнеркәсіптік кешені көктемгі дала жұмыстарына толық дайын. Ендігі басты міндет –жауапты науқанды қысқа мерзімде, ұйымшылдықпен, талапқа сай аяқтап шығу, – дей келе, Мұрат Балпан диқандарымызға алдағы береке жорығында сәттілік тіледі.

Кеңес барысында шаруашылық басшылары, аграршы ғалымдар, агробизнес және ауыл шаруашылығы құрылымдарының өкілдері, тағы басқа да қатысушылар сөз сөйлеп, биылғы жылдың ерекшеліктеріне сай, дәнді және майлы дақылдарды өсіру технологиялары, мал азығы базасын дамыту, агроөнеркәсіп саласына цифрлық шешімдерді енгізу және тәуекелді егіншілік жағдайында ауыл шаруашылығын жүргізудің ерекшеліктерін талқылады. Сондай-ақ, көктемгі және жазғы маусымдағы өрт қауіпсіздігі шараларына назар аударылды.

Іс-шара аясында «AgroKokshetau-2026» көрмесі де ұйымдастырылып, оған агроөнеркәсіптік кешенге арналған заманауи шешімдерді ұсынған 50-ге жуық отандық компания қатысты. Олар ауыл шаруашылығы техникасы мен өсімдіктерді қорғау құралдарынан бастап, оны сақтау, өңдеу және ауыл шаруашылығын цифрландыру саласындағы инновациялық технологияларға дейінгі жобаларын көрсетіп, агробизнестің тиімділігін арттыруға бағытталған кең ауқымды жабдықтар мен әзірлемелерді таныстырды.

Іс-шараның маңызды бір бөлігіне айналған облыс колледждерінің «Бос жұмыс орындары» жәрмеңкесінде осы оқу орындары агроөнеркәсіп саласында сұранысқа ие аграрлық мамандықтар бойынша білім беру бағдарламаларын, соның ішінде ауыл шаруашылығы дрондарының операторларын таныстырды.

Кеңес қорытындысы бойынша егіс алқаптарының құрылымын түзету, аграршыларды қажетті ресурстармен қамтамасыз ету және көктемгі дала жұмыстарын жүргізудің тиімділігін арттыру жөнінде тиісті тапсырмалар берілді.Кеңес жұмысын қорытындылаған облыс әкімі Марат Ахметжанов өз сөзінде ақмолалық аграршыларға биыл да сәттілік тілеп, ел ырысын молайта беретіндеріне, облыс диқандарының жылдағыдай 2026 жылы да айлары оңынан туып, елімізді мол өніммен қуантатындарына зор сенім білдірді.

Біз де өз тарапымыздан астықты Ақмола, Көкше өңірлерінде көктемгі дала жұмыстары ұйымшылдықпен өткізіліп, көктен иіп, жерден берсін дейміз.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

 Суреттерді түсірген Н.БЕКТҰРҒАНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар