Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Біраз мектептерге мемлекеттік аттестаттау алынбас қамал болып тұр. неге?!. - АРҚА АЖАРЫ

Біраз мектептерге мемлекеттік аттестаттау алынбас қамал болып тұр. неге?!.

«Нұр Отан» партиясы Ақмола облыстық филиалының сайлауалды бағдарламасының «Білім беру» бағыты бойынша  сараптамалық комиссиясында «Білім беру ұйымдарын лицензиялау және мемлекеттік аттестаттау» бағытында атқарылған жұмыстардың қорытындысы бойынша білім саласының күрделі мәселелері талқыланды.

  Комиссия отырысына «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Бекмағамбетов, сараптамалық топтың аймақтық кураторы, облыстық мәслихаттың депутаты Әсен Жақсылықов, комиссия мүшелері және мүдделі басқармалар мен мекемелердің басшылары қатысты.  Ақмола облысының білім беру саласын бақылау департаментінің басшысы Ерлан Әбілдиновтің  баяндамасына жүгінетін болсақ, ағымдағы оқу жылының бірінші жартыжылдығында 90 білім мекемесі мемлекеттік аттестаттаудан өтіпті. Оның 65-і мектеп болса, 25-і мектепке дейінгі мекемелер. Тексеріс нәтижесінде білім мекемелерінің тек 41-і мемлекеттік стандарттарға сай келген. Аттестаттау-
дан 9 мектепке дейінгі мекеме мен 40 мектеп өте алмай қалған. Департамент басшысының айтуынша, бұған оқушылардың білім алуының сапасының төмендігі басты себеп болыпты. Бұл мектептердің 5-еуі оқушылардың тест тапсыра алмауынан сүрінген, оған қоса құжаттары мемлекеттік стандарттарға сай келмеген. Аттестаттау аясында 4, 9 және 11 сынып оқушыларының білім деңгейі тексеріліпті.  Бұл орайда, 4 сынып бойынша 882 оқушы тест тапсырса, оның 538-і қазақ, қалған 344-і орыс сыныптарының балалары. Тексеріс нәтижесі балалардың білім деңгейінің төмендігін көрсеткен. Мектеп оқушыларының білім сапасын анықтау бойынша олар берілген мәтінді оқып, оқығанын түсінуі қажет. Сол уақытта осы сынаққа қатысқан 726 оқушының 521-і ғана тиісті нормаға сай оқып, мазмұндап айтып берген. Оқушылардың білім сапасының төмен болуының себептерін анықтау барысында өте төмен нәтиже көрсеткен мектептердің бастауыш сынып мұғалімдерінің мемлекеттік аттестаттау кезінде 6-уының еңбек өтілі 3 жылға жетпейтіндігі және 10-ының санаты жоқтығы анықталған.  Сондай-ақ, бастауыш сыныптарға сабақ беретін сегіз мұғалімнің деңгейлік курстарына қатысты деген сертификаттары бар,  1 мұғалім жоғары санатты,  21-інде бірінші санат біліктілігі бар.
Ал, тоғызыншы сыныптарды алатын болсақ, аттестаттау сынақтарына 899 оқушы қатысқан. Олардың 527-і қазақ тілінде оқитындар, 372-і орыс тілді сыныптар. Балалар биылғы тестілеуде қазақ тілі, алгебра, жағрапия пәндері бойынша тест тапсырған. Қазақ сыныптарында оқитын оқушылардың 45 пайызы қазақ тілінен «екі» деген баға алған. Ал, орыс сыныптарында оқитындардың 62 пайызы қазақ тілін қанағаттанарлықсыз бағаға тапсырған. Алгебрадан тест тапсырғандардың тең жартысы өте нашар баға көрсетіпті. Жағрапия пәні бойынша да жағдай көңіл көншітерлік емес. Мұнда да көрсеткіш тым төмен. «Екі» алған балалар қазақ-орыс сыныптарында  60 пайыздан жоғары. Тексеріс жүргізген органның мәліметтеріне сүйенсек, тест тапсырған балалардың орташа балл көрсеткіші «3» деген бағадан төмен болған. Ел тәуелсіздігінің 25 жылында қаншама жетістіктерге қол жеткіздік деп кеуде соғып жатырмыз. Алайда, осы 25 жылдықты тойлаған жылы жүргізілген мектептердегі аттестаттаудан көріп отырғанымыздай, білім сапасы тым төмендеп кеткен екен.
Білім сапасы неге сонша төмен? Ұстаздарымыз жыл сайын біліктілік деңгейлерін көтеріп, мұғалімдердің білімін жетілдіру және қайта даярлау курстарынан өтеді. Мемлекет бұл үшін қыруар қаржы жұмсауда. Мектептердің материалдық-техникалық базаларын жақсарту үшін де миллиондаған қаржы бөлінуде. Жалпы, облыс бюджетінің үштен бірі осы білім саласына беріліп келеді. Бірақ, осыған білім сапасы неге сай келмейді? Мүмкін ұстаздардың өздерінің жұмыстарына құлықсыз қарауынан шығар? Не болмаса, деңгейлік курстарын немесе біліктілік санаттарын жалақыларының көбеюі үшін оқып алып, енді оған қол жеткізгеннен кейін білім беру сапасына мән бермейтін болар? Егер солай болса, жоғары және бірінші санатты, деңгейлік курс-тарын оқып келген мұғалімдердің сабақтарына бейнебақылау қою қажет шығар. Мұғалімдер сонда ғана оқушыларына сапалы білім беруге талпынар. 2019 жылы барлық мектептер жаңартылған оқу бағдарламасы бойынша білім бере бастайды. Онда үш тілде оқыту жүйесі енгізіледі. Қазақ тіліндегі пәндерді игере алмай жатқан балалар жаңа бағдарлама бойынша қалай оқиды сонда?
Аттестаттау кезінде тиісті пәндердің мұғалімдері оқушылары екі алса, олардың сертификаттары мен санаттары алынып қойылғаны дұрыс болар. Егер оқушы екі алса, ол тек қана оқымады деген сылтау емес, оқуға қызығушылығын оята алмаған ұстаздың да кемшілігі. Міне, сондықтан оқушының құлықсыздығынан гөрі, мұғалімнің жұмысына жауапсыздығы деп түсінемін мен.  Сол сияқты 11 сынып оқушылары да аттестаттау кезінде тест тапсырған. Олар қазақ тілі, Қазақстан тарихы, физика және биология пәндерінен сынақтан өткен. Бұл ретте, бұрынғы Ұлттық бірыңғай тестілеуге қазақ тілі мен Қазақстан тарихы пәндері енген, соған орай мектеп оқушылары бұл пәндерден жақсы тапсырыпты. Ал, физика және биология пәндерінен алған бағалары өте төмен. Елу пайызы тапсыра алмады. Ал, білім сапасы жақсы дегендер 12 мен 19 пайыздың аралығында.  Осындай жоспарлы тексерістермен қатар, 34 білім беру ұйымы жоспарсыз, белгілі бір себептермен тексеріліпті. Олардың ішінде де аттестаттаудан өте алмаған 25 мектеп пен 4 балабақша, тексеріс қорытындысына сай шығарылған ұйғарымдардағы кемшіліктерді бүгінгі күні жойыпты. Ұйғарымдарда көрсетілген кемшіліктерді орындамаған, яғни, білім беру сапасы бойынша анықталған олқылықтарды жоймаған 5 мектеп қайта аттестаттаудан да өте алмаған. Атап айтар болсақ, олар – Қорғалжын ауданының Алғабас,  Ерейментау ауданының Екпінді, Бурабай ауданының Сосновское бастауыш мектептері және Шортанды ауданының Гуляйполевское, Астраханның Красно-гвардейское негізгі мектептері. Бұл кемшіліктерді жоймаған, ұйғарымдарды орындамаған мектептер бойынша хаттамалар толтырылып, соттарға 22 әкімшілік іс жолданыпты.  
2014 жылы Көкшетау қаласы бойынша 5 мектеп аттестаттаудан өте алмай қалған еді. Ондағы негізгі себеп оқушылардың білім деңгейі емес, материалдық-техникалық базаның нашарлығы. Осындай олқылықтар мен кемшіліктерді болашақта болдырмау үшін қалалық білім бөлімінің басшысы Бейбіт Жүсіпов қандай жұмыс жүргізілгенін, алдағы уақытта мұндай кемшіліктер мен бұзушылықтарға жол бермеу мақсатында қандай істер атқарылып жатқандығын айтып, баяндама жасады. Қазіргі таңда сол кезде аттестаттаудан өте алмаған мектептердің материалдық-техникалық базасы жақсарған. Енді қала мектептері аттестаттаудан 2019 жылы өтуге дайындалуда. Сол сияқты аттестаттаудан өте алмаған аудандардың ішінде Бурабай ауданы да бар. Аудандық білім бөлімінің басшысы Жангелді Төлегеновтың мәлімдеуінше, аудан бойынша биыл 12 мектеп пен бір балабақша аттестаттаудан өтіпті. Өте алмаған Первомайское орта мектебі ұйғарым бо-йынша оқу стандарттарын қалпына келтіріп, химия-биология кабинеттері тиісті құрал-жабдықтармен жабдықтапты. Екі рет аттестаттаудан өте алмаған Сосновское бастауыш мектебінде оқушылардың білім деңгейі өте нашар екендігі айтылды.  Сондай-ақ, осы аудандағы Дмитревское негізгі мектебінің оқушылары білім деңгейіне сәйкес аттестаттаудан өтуге қажетті 50 пайыз көрсеткішті жинай алмай, 44 пайызы ғана қанағаттанарлық баға алған. Аттестаттау аудан мектептерінде әлі де жалғасып жатыр. С.Сейфуллин атындағы орта мектептің де оқушылары тиісті нормаға сай балл жинай алмай, 39 пайызбен аттестаттаудан өте алмаған. Екі рет қатарынан аттестаттаудан өте алмаған
Сосновское бастауыш мектебінің директорын ортаға шақырып, неге кешенді тексерістерден өте алмай жатқандығын, қандай қиыншылықтар бар екенін, себеп-салдары мен оларды жоюдың амалдарын сұрағанда, ешқандай түсінік бере алмады. Мектеп жабылып қалады-ау деп қорқып тұрған директорды, оқушыларға жаны ашыған педагогті ол жерде көре алмадық.
Мектептердің аттестаттаудан өте алмауына орай «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Бекмағамбетов пен аталған партияның «Білім» бағыты бойынша аймақтық кураторы Әсен Жақсылықов тиісті орындарға тапсырмалар берді. Педагогтардың білімін жетілдіру және біліктіліктерін арттыру мекемесіне ерекше талап қойып, сапаға назар аударуды тапсырды. Сол сияқты облыстық білім басқармасына аттестатталатын мектептердің материалдық-техникалық базаларының толық жабдықталуына назар аударуды тапсырды. Осы орайда, екілік баға алған оқушылары бар мұғалімдердің санаттары төмендетіліп, деңгейлік сертификаттары алынып тасталсын деген талап қойылса, білім сапасы біршама жақсарар ма еді.

Ырысалды Шамшиева.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар