Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ажалдан аман қалған сол бір шайқас - АРҚА АЖАРЫ

Ажалдан аман қалған сол бір шайқас

Кеңес әскерлерінің шектеулі тобының от-жалынға оранған Ауғанстан жерінен шығарылғанына 28 жыл толып отыр. Осынша жыл өтсе де, қайғының қара бұлты сейіле қойған жоқ. Он екіде бір гүлі ашылмаған мыңдаған жастар жат жерде нақақтан мерт болды. Мүгедек  болып оралғаны қаншама. Ал, араларында хабарсыз кеткендерде бар.

 

1989 жылдың 15 ақпанында КСРО Қарулы Күштерінің шектеулі тобы Ауғанстан жерінен шығарылатыны мәлім болды. Көз көріп, құлақ естімеген қияндағы қырғынның ішінде жүрген перзенттерінің амандығын тілеп отырған ата-аналардың қуанышында шек болған жоқ. Осы бір жаңалықты тоғыз жыл тосып еді. Таяуда сол бір мақсат-мұраты түсініксіз соғысқа тікелей қатысып, ақ ажал болып жауған оқ астынан аман келген жерлесіміз Мұрат Салықовпен жүздесудің сәті түсті.
– Мен 1980 жылдың қараша айында міндетті әскери борышымды өтеуге аттандым. Ауғанстанға жіберілген жігіттердің ішінде Ерейментаудан жалғыз өзім едім. Алдымен Термез қаласында бір ай карантиннен өттік. Кейін бір түннің ішінде ұшақпен Ауғанстанның Құндыз провинциясына ұшып бардық. Ол жерде көп болған жоқпыз. Файзабад провинциясына ауыстырды. Осы жердегі автокөлік  батальонында әскери борышымды өтей бастадым.
Мұрат Советұлының айтуына қарағанда, алғаш көргенде Кабул өркениеттен кенжелеп қалған өңірдей болып көрінген. Тұрмыс-салты да, мәдениеті де, тіпті, экономикасы да өзгеше кейіпте. Термездің аспаны тып-тыныш болса, Кабулда алақұйын арпалыс. Қас-қағым сәттің ішінде тұс-тұстан оқ қарша жауады. Ұшақтың дөңгелектері Құндыздың әуежайына тигеннен көргені сақал-мұрты рабайсыз өсіп кеткен, білектерін жалаңаштап түріп алған, бес қаруын беліне таққан түсі суық, қабақтары қату әлдебіреулер.  Қауіп деген қасыңызда, ажал аяқ астында. Соғыс жүріп жатқан майдан шебінде де, кейінгі тылда да аңдап баспасаң көмілген минаға ұрынасың. Топырақ пен құмның арасында баспалап, бұғып жатқан ажал өз алдына, бейбіт тұрғындардың бәрі дерлік тапаншамен қаруланған. Алдымен сәлем беруі мүмкін, көзің тайып кетсе ту сыртыңнан атып жіберуден тайынбайды.
– Балаларының бәрі бірдей тәрізді. Олар да  бесіктен белі шықпай жатып оқ-дәрінің иісін иіскеп өскендер. Енді қайтсін көзін ашқаннан көргені соғыс қой. Тілдесе қалсаң, қолын жайып, беріңізші деп тұрғандары ғана,–дейді Мұрат Советұлы, – біз аяп, қолда бар ас-суымызды ұсынып жүрдік. Бұрын көрмеген ел болған соң алғашқы бетте бәрі таңсық еді. Мектепте тарих пәнінен оқыған феодалдық дәуірге ұқсас. Егін егетін алқаптарын кетпенмен өңдейді. Саудасының дені бидай мен шай. Кейіпкеріміздің  айтуына қарағанда, міндетті әскери борышы оңай өтелмеген. Сан мәрте ажал аузынан аман қалған. Бірде бұлардың бөлімшелеріне межелі жерге қару-жарақ, ауыз су жеткізу тапсырылған. Сапарға шыққан бетте қоршауда қалыпты. Іле атыс басталған. Осы оқиға есіне түссе, тұла бойы түршігеді екен. Әйтеуір, артқы жақтан көмек келіп, аман қалған. Мұндай оқыс оқиғалар жиі-жиі болып тұрған. Тағы да бір қауіпті сапар. Бұл жолы да тосқауылға тап болыпты. Алғашқы бетте тасадан тап бергендер оқ жаудырған. Ендігісі қарымта атыс. Кейбір көлік жүргізушілер қоршауды бұзып-жарып, алға ұмтылған. Дәл осы айқаста Мұрат Советұлы ауыр жараланыпты. Есін әскери госпитальда бірақ жинаған. Жараланған жауынгер Ташкент қаласындағы әскери госпитальға жіберіліп, жарақатының ауыр болуына байланысты Ленинград қаласында күрделі ота жасалған. Отадан кейін ес жиса, самайын ақ қырау шалған профессор тіл қатады:
– Жаратқан жар болған екен. Енді ұзақ жасайсың.
Қарт профессордың айтқаны дәл келіп, жер басып жүр. Рас, екінші топтағы мүгедек. Ауған жеріндегі әскери іс-қимылға қатысқаны үшін «Жауынгерлік ерлігі үшін», «Ерлігі үшін» медальдарымен марапатталған.
Арада қанша жыл өтсе де сол бір сұрапыл жылдардың сұрқы бөтен, сұры қашқан сұрғылт күндерін ұмыта алмақ емес. Кей-кейде мазалап қояды. Он екіде бір гүлі ашылмай қыршын кеткен қарулас боздақтары ойға оралғанда, жан дүниесінің күйзелетіні бар. Жылыстап жылдар өтсе де, естеліктегі өңдері сол балғын қалпында уылжып тұр. Жалғыз естелікте ғана емес, уақыттың табынан сарғыш тарта бастаған суреттерде де. Бәрі де жадында. Рота командирі, капитан Валерий Кузнецов та.  Қырғын соғыстың жалғыз-ақ жағымды әсері бар. Ол өмірді бағалау, достықты қадірлеу. Бір күнгі тіршіліктің баға жетпес байлық екенін түйсіну. Қазір отбасында Жанболаты мен Жансерігі желкілдеп өсіп келеді. Енді солар соғыс деген сөзді естімесе екен.
Людмила МАРКОВА,
журналист.
Ерейментау ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар