Жер тамыршысы десек болмай ма?!

Халқымызда «Жұмыстың көзін тапқан, байлықтың өзін табады» деген қанатты сөз бар. Бүгінде айналамызда талмай еткен еңбегімен жетістікке жетіп, марқайып марапат алып жатқан жандар баршылық.

Президент қолынан орден алған аға агроном Әсел Ағзамова туралы бір ауыз сыр

Сондай жанның бірі жақында өткен Республика күні мерекесіне орай, үшінші дәрежелі «Еңбек даңқы» орденімен марапатталған «АF Бурабай -2007» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің аға агрономы Әсел Ағзамовамен әңгімелесіп, өз мамандығының қыр-сырын білуге тырыстық.

Тегінде ауылдарда орналасқан шаруашылықтарда агрономдар қатарын ер азаматтарымыз толықтырып жатады ғой. Алғашында кез-келген жұмыс қол таңдамайтыны сияқты кейіпкеріміздің мамандығына онша таңданбағанымызбен, осыншама шаруаны әйел адамның қалай атқарып, қалай еңсеретініне қызығушылық білдірмей тұра алмадық.

Әсел Ағзамова агроном болу үлкен жауапкершілік пен қырағылықты талап етеді дейді. Оның мамандығы ауыл шаруашылығының басты бір саласы – диқаншылықпен, жерден өнім алумен тікелей байланысты болғандықтан, маман ретінде атқарар шаруасы шаш етектен. Күзгі жиын-теріннен кейін келер жылы жерден ойдағыдай өнім алу үшін дайындық басталады. Бұл уақта да жер жырту, тыңайтқыш салу, арамшөптерге қарсы шара қолдану сияқты толып жатқан жұмыстар бір толастамақ емес. Қыстыгүні қар тоқтатып, жер жағдайын бақылауда ұстау да аса маңызды. Бұдан бөлек тұқымды сақтап, оны жерге сіңірген уақытқа дейін дәннің қасиетін жоғалтып алмай, оған қамқорлық жасап қадағалау мен бақылауда ұстау да үлкен жұмыс. Көктем шыға топырақтың ылғалдылығы мен құнарлығы жойылмай тұрып, уақтылы дән себу де барша диқандар үшін қажырлы еңбек. Міне, осындай толып жатқан өзге де шаруалардың басы-қасында агроном Әсел Ағзамова жүреді. Ол көбінесе, керзі етігі мен қалпағын киіп, қажетті құрал жабдығы, өлшеу, тексеру құрылғыларымен егістік алқапта жүреді.

Әсел Ағзамова 1984 жылы 5 маусымда Қорғалжын ауданында туған. Тайынша ауданында балалық шағы өткен ол Көкшетауда мектеп бітірген соң, Алматыдағы Қазақ ұлттық аграрлық университетінде агроном мамандығы бойынша білім алады. Туған еліне ерекше мамандықтың иесі болып оралып, еңбек жолын ауыл шаруашылығы саласында әртүрлі қызмет етуден бастайды. Жұмысына жанашырлықпен қарайтын өз ісінің маманы ғана емес, агроөнеркәсіп тірлігін ширатып, еңбектің жандануына үлес қосып жүрген ол бүгінде осы саланың нағыз майталманына айналған. Әсел қазіргі уақытта Бурабай ауданында орналасқан «АF Бурабай -2007» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас аграномы болып қызмет атқарады. Жақында 25 қазан –Республика күні мерекесіне орай, ауыл шаруашылығы саласындағы көпжылдық ерен еңбегі үшін ел Президентінің Жарлығымен үшінші дәрежелі «Еңбек даңқы» орденімен марапатталды. Ал, өткен жылы Ақмола облысы әкімдігінің ұйғарымымен «Жыл агрономы» атанып, Әсел Ағзамоваға 1 миллион теңге ақшалай сыйлық табыс етілген еді.

Бүгінде елімізде кәсіби кадрға сұраныс жоғары. Расында, кәсібилік қай саланы болмасын алға сүйрейтін дағды. Сондықтан, кейіпкеріміздің өзі нәзік жанды болғанына қарамастан, диқаншылық өнерді жетік меңгеріп, жылдар бойы тәжірибе жинақтап, оны еселі еңбекпен ұштастырғаны әрине, сүйсінерлік жайт.

– Ақмола облысы ауыл шаруашылығының маңызды бір бағыты – егін өсіруден алда келе жатқан аймақтардың бірі. Бұл ретте, биылғы егістік науқанында  аймақ диқандары 7,5 миллион тонна астық жинап, республикада рекордттық көрсеткішке қол жеткізді. Бұл межеге біздің шаруашылықтың да қосқан үлесі бар деп есептеймін. Әрине, ондай нәтижеге маман ретінде қажетті барлық қоректік элементтердің балансын сақтап отырып, тыңайтқыштарды өз нормасында беріп, зиянкестермен, өсімдік ауруларымен күресу жұмысын дер кезінде әрі сапалы атқарғанның арқасында жеттік. Сонымен қатар, диқандарға мемлекет тарапынан жасалып жатқан қамқорлық та аз емес. Шаруашылықтарға беріліп жатқан жеңілдік пен көмектің барлығы диқандарға мол өнім алуға мүмкіндік береді, – дейді ол.

Биылғы егін жинау науқанында «АF Бурабай -2007» серіктестігі 60 мың тоннаға жуық өнім алған. Жыл сайын шаруашылықтың да жұмысы жанданып, өңір экономикасын әртараптандыру мен жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамту бағытында жүйелі жұмыс істеп келеді. Бүгінде 27 мың гектар алқапқа бидай, арпа, күнбағыс, зығыр, ас бұршақ сияқты дәнді дақылдар өсірумен айналысатын шаруашылықтың он шақты себу техникасы мен 25 егін орып жинайтын комбайны бар. Жыл басында серіктестік «Кең дала-2» бағдарламасы арқылы жеңілдетілген несие мен арзан бағаға дизель отынын алған. Соның нәтижесінде шаруашылықта тағы қосымша екі комбайн мен екі егу кешені сатып алыныпты.

Бүгінде көп балалы ана бола жүріп, білдей бір шаруашылықтың аға агрономы болып, шаруашылықтың қым-қуыт жұмысын тең алып жүрген кейіпкеріміздің, әсіресе, ауыл шаруашылығы саласына жолағысы келмейтін жастарға да айтары бар екен.

–Жастардың қала тіршілігіне аңсары ауып тұратыны жасырын емес. Жайлы шаһарда білім алған соң, сол жерде қалып жұмысын жалғастырып, жетістікке жеткісі келетін жастарымыз көп. Алайда, берекенің бастауы ауылда. «Қалауын тапсаң қар жанады» демекші, өз арманыңды ауылда жүріп те іске асыруға болады. Оның үстіне қазіргі таңда елімізде ауыл шаруашылығы саласы жанданып, қанат жайып келеді. Ауылға барып кәсіп ашып, жер жыртып, егін салып, мал өсірем деушілерге қашан да жол ашық. Абай атамыз «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» дейді ғой. Бұл ретте, мемлекет тарапынан да жеңілдіктер жеткілікті жасалып жатыр, – деп ойлаймын дейді Әсел Ағзамова әңгімелесу барысында.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы Жолдауында 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялағаны мәлім. Президент: «Кәсібіне адал әрі жауапкершілікпен қараған адам қашанда лайықты бағасын алады», – деген болатын. Бұл ретте, Әсел Ағзамова сияқты ауыл еңбеккерлерінің еңбегі ерен, олар қандай марапатқа да лайықты. Сол үшін де олардың мәртебесін арттырып, жұмысшы мамандықтарын таңдаған жастарға қолдау көрсетудің маңызын жақсы түсінеміз. Біз өз тарапымыздан бүгінгі кейіпкерімізді де, барша сала еңбеккерлерін Ауыл шаруашылығы, тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібі қызметкерлерінің кәсіби мерекесімен құттықтап, еңбектерінің жемісі мол болуын тілейміз!

Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар