Шоқанның рухы бірге келгендей

Көрме

Көкшетау қаласының тарихы музейіне Шоқан Уәлиханов атындағы Сырымбет тарихи-этнографиялық музейінен жылжымалы көрме келіп жетті. Қазақтың ұлы ағартушы, саяхатшы, этнограф, ғалымы Шоқанның тұлғасын насихаттау, оның мұраларын шашау шығармай өскелең ұрпаққа жеткізу шараны ұйымдастырушылардың басты мақсаты.

Биыл Шоқан Уәлихановтың туғанына 190 жыл толды. Осыған орай, еліміздің әр түкпірінде Шоқан тұлғасына арналған түрлі шаралар, жиындар, конференциялар мен танымдық-тағылымдық бағытта кештер ұйымдастырылып өткізілуде. Өзінің қысқа ғұмырында тек қана ғалым, ағартушы емес, сонымен бірге, асқан суретші, халық мұраларын жинаған фольклоршы ретінде де өлшеусіз мұра қалдырған қазақтың жарық жұлдызы Шоқан шығармашылығын дәріптеу бүгінгі қоғамның  тікелей міндеті. Өскелең ұрпаққа Шоқан танымы мен тағылымын, оның сұңғыла болмысын үлгі етіп көрсету, осы арқылы ғылым мен білімнің тереңіне бойлату, жастарды Отанын, туған жерін, халық мұраларын сүюге баулу осы шараны ұйымдастырушылардың да ойға алған ісі екені анық байқалды.

Бүгінгі таңда көршілес Солтүстік Қазақстан облысына қарайтын Айыртау ауданындағы Сырымбет ауылынан «Шоқан Уәлиханов қазақтың жарық жұлдызы» деген атаумен келіп жеткен көрменің ашылу салтанатына жергілікті мәдениет және білім саласының өкілдері, зиялы қауым мен оқытушылар, студенттер қатысты.  Шара барысында Ақмола облысы мәдениет басқармасының басшысы Айгүл Сәбитова, ақын, журналист, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі Айтбай Сәулебек сөз сөйлеп, Шоқан мұрасының ұрпақ тәрбиесіндегі маңыздылығына тоқталып, екі музейдің бірлескен жұмысына сәттілік тіледі.

Содан соң, сөз алған Шоқан Уәлиханов атындағы Сырымбет тарихи-этнографиялық музейінің директоры Нұргүл Қабдрашитқызы арнайы әкелінген құнды жәдігерлер мен фотосуреттердің тарихи маңызын атап өтіп, бұл көрменің Шоқанның рухани ордасынан Көкшетауға жеткен сәлемі екенін жеткізді.

– Ұлы ғалым, ағартушы Шоқан Уәлихановтың туғанына 190 жыл толуына орай ұйымдастырылып отырған бұл шара оның жарқын өмірі мен өлшеусіз ғылыми-рухани мұрасын жан-жақты насихаттауға бағытталып отыр. Шоқан бабамыз арқылы өскелең ұрпақтың білімге деген құштарлығын және олардың Отаншылдық рухын  арттырып, ұлттық мақтаныш сезімін оятуға сәл де болса септігіміз тисе, ол біз үшін үлкен қуаныш. Біздің музейіміздегі Шоқан мұралары мен оның еңбектері бүгінгі күнге дейін қазақ халқының ғана емес, Орта Азия халықтарының да тарихы мен мәдениетін зерттеуде өз өзектілігін жойған жоқ. Оның шығармалары әлемдік шығыстану, география ғалымдары үшін құнды мұра. Біз бүгін сол мұралардың қолымыздағы бар бір бөлігін ғана әкеліп отырмыз. Шоқанның туған жері Сырымбет пен Көкшетау қаласының рухани байланысын одан әрі нығайта түсу де біздің басты мақсатымыз. Өйткені, күні кеше бір-бірінен ажырамастай егіз ұғымға айналған бұл екі киелі атау қашан да тағдырлас та, тамырлас болып қала бермек, – деді  Нұргүл Қабдрашитқызы жиында сөйлеген сөзінде.

Көрме бағдарламасында Шоқанның балалық шағы өткен киелі мекен Сырымбеттен бастап, оның Омбыда оқыған жылдары, әйгілі Қашқар сапары, суретшілік өнері және сан салалы ғылыми мұрасы сияқты қысқа ғұмырының ең маңызды кезеңдері қамтылған. Әкелінген әрбір жәдігер  ұлы ғалымның өшпес рухынан, дара да дана болмысынан сыр шертеді.

Сонымен қатар, шарада Ақан сері атындағы Көкшетау жоғары колледжінің талантты студенттерінің дайындаған мәдени бағдарламасына кезек берілді. Өнерпаздар күміс күймен күмбірлеген жиынға ерекше салтанат пен мерекелік рух сыйлады. Шара соңында музей директоры Алмас Темірбай Шоқанның шығармашылық мұраларына тоқталып, көрменің сәтті өтуіне атсалысқан барлық қатысушыларға шынайы алғысын білдірді. Содан соң, қатысушылар музей залының төріне қойылған ғалымның құнды экспозициясын тамашалады.

Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суреттерді түсірген Нұрболат БЕКТҰРҒАНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар