Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің депутаттары «Дәрілік қауіпсіздікті қамтамасыз ету: дәрілік заттардың қолжетімділігі, сапасы және импортты алмастыру мәселелері» тақырыбы бойынша дөңгелек үстел отырысын өткізді.
Комитет төрағасы Нұртөре Жүсіп бүгінгі таңда дәрі-дәрмектің қауіпсіздігі халықтың өмір сүру сапасына тікелей әсер ететінін айта келіп, еліміздің әлеуметтік тұрақтылығы мен ұлттық қауіпсіздігінің маңызды құрамдас бөлігі болып табылатынын атап өтті. Ол Қазақстанның дәрі-дәрмек импортына тәуелділігі баға өсіміне және әлеуметтік осал топтарға тапшылық қаупіне алып келетінін жеткізді. Сондай-ақ, дәрі-дәрмектің сапасын бақылауды күшейту және халықаралық стандарттарды енгізу қажеттігіне назар аударды.
«Импортты алмастыру саясаты дәрілік қауіпсіздікті қамтамасыз етудің стратегиялық бағыты ретінде қарастырылуы тиіс. Отандық фармацевтикалық өндірісті дамыту есебінен ғана еліміздің дәрілік тәуелсіздігін қамтамасыз етуге болады. Бұл бағытта мемлекеттік инвестициялық қолдау, өндірістік инфрақұрылымды дамыту, ғылыми-зерттеулерді ынталандыру және кадр әлеуетін нығайту аса маңызды. Отандық кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру дәрілік заттардың ассортиментін кеңейтуге, бағаны тұрақтандыруға және халықты сапалы және қолжетімді препараттармен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», — деді Нұртөре Жүсіп.
Денсаулық сақтау министрлігінің өкілі дәрі-дәрмектің қолжетімділігі мен сапасын қамтамасыз ету, баға белгілеу реформасы және реттеу мен сатып алудың жаңа тетіктері есебінен бағаны төмендету бойынша жүргізіліп жатқан жүйелі жұмыс туралы айтып берді. Ол сапаны бақылауды күшейту, таңбалау мен цифрлық шешімдерді енгізу, сондай-ақ отандық дәрі-дәрмек үлесінің өсуі мен фармацевтикалық өндірістің дамуын атап өтті. Сондай-ақ, мемлекет созылмалы ауруы бар науқастарды тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жөніндегі барлық кепілдіктерді сақтайтыны атап өтілді.
«СК-Фармацияның» өкілі өз кезегінде өндірушілерден тікелей сатып алу және логистиканы оңтайландыру есебінен қаржы үнемдеу туралы хабардар етті. Ол сонымен қатар дәрі-дәрмектердің азаймайтын қорын құру және пациенттерді үздіксіз қамтамасыз ету үшін цифрлық және логистикалық шешімдерді дамыту қажеттігіне тоқталды.
Цифрландыру, құрылыс және кәсіпкерлік салаларына қатысты заңдар қаралды
Сенаттың Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің депутаттары кеңейтілген отырыста құрылыс, цифрландыру, көлік және кәсіпкерлік қызмет саласындағы құқықтық реттеуді жаңғыртуға бағытталған бірқатар заңнамалық бастамаларды қарады.
Сенаторлар отырыс барысында сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы заңнаманы кодификациялауды көздейтін Қазақстан Республикасының Құрылыс кодексін қарады. Құжат қауіпсіз және жайлы өмір сүру ортасын қалыптастыруға, қолайлы инвестициялық ахуал жасауға, құрылыс саласында цифрлық құралдарды енгізуге және қала құрылысындағы жобаларды іске асыру ісін бақылауды күшейтуге бағытталған. Негізгі жаңалықтардың қатарында бірыңғай құрылыс порталын жасау, сейсмикалық микроаймақтандыру карталарын міндетті түрде пайдалану, құрылыс нысандарын паспорттау, ескі тұрғын үйлерді жаңарту тетіктерін дамыту және қоғамдық бақылауды күшейту бар.
Отырыста сондай-ақ қолданыстағы ережелерді Құрылыс кодексіне сәйкес келтіруге бағытталған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сәулет, қала құрылысы және құрылыс мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ілеспе заң да қаралды. Түзетулер мемлекеттік және әлеуметтік жауапты қызметтер көрсету, тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу, санитарлық-қорғау аймақтары, көлікті жоспарлау және құрылыс салушылардың қызметін реттеу мәселелеріне қатысты болып отыр.
Цифрлық ортаны реттеудің бірыңғай құқықтық негізін қалыптастыратын Қазақстан Республикасының Цифрлық кодексіне ерекше назар аударылды. Құжат азаматтардың цифрлық құқықтарын, цифрлық этика және технологиялық бейтараптық принциптерін, цифрлық нысандардың құқықтық мәртебесін және деректерге негізделген цифрлық үкімет моделі мен цифрлық архитектураға көшуді бекітеді.
Отырыс барысында сондай-ақ қарыздарға кепілдік беру тетіктерін дамытуға, байланыс, мемлекеттік мүлікті басқару саласын реттеуді жетілдіруге және заңнаманы Цифрлық кодекстің жаңа терминологиясына сәйкес келтіруге бағытталған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне цифрландыру, көлік және кәсіпкерлік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң да қаралды.
Сенаторлар сонымен қатар Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне құқық бұзушылықтарды автоматты түрде тіркеу қолданысын кеңейту, еңбек шарттарын есепке алу талаптарын бұзғаны үшін жұмыс берушілердің жауапкершілігін күшейту, сондай-ақ ӘҚБтК нормаларын цифрлық заңнамаға сәйкес келтіруді көздейтін өзгерістер мен толықтыруларды талқылады.
Комитет мүшелері отырыс қорытындысы бойынша қаралған заңдар бойынша тиісті шешім қабылдады және оларды Палатада қарауға жіберді.
Сенаторлар жедел жәрдем дәрігеріне шабуылға байланысты жазаға қатысты заңды талқылады
Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің депутаттары кеңейтілген отырыста білім беру, ғылымды дамыту және Қазақстандағы медицина қызметкерлерінің құқықтық қорғалуын қамтамасыз етуге бағытталған заңдарды қарады.
Сенаторлар «Жоғары білім беру саласындағы біліктілікті тану туралы Азия-Тынық мұхиты өңірлік конвенциясын ратификациялау туралы» заңды талқылады. 2011 жылы Токиода қол қойылған Конвенцияға қосылу Қазақстанға қатысушы елдердің ұлттық ақпараттық орталықтарының желісіне кіруге, жоғары білім беру жүйесіне деген сенімді арттыруға, шетелде қазақстандық біліктілікті тану кезіндегі кедергілерді жоюға, білім беру қызметтерін экспорттауда жаңа нарықтар ашуға, сондай-ақ озық білім беру тәжірибесі мен оқыту технологиясын енгізуге мүмкіндік береді. Заңды іске асыру студенттер мен мамандардың ұтқырлығын арттыруға, сондай-ақ Азия-Тынық мұхиты аймағындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етеді.
Сондай-ақ «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі Біріккен Ұлттар Ұйымы (ЮНЕСКО) арасындағы Қазақстанда ЮНЕСКО аясындағы 2-санатты орталық ретінде Орталық Азия өңірлік гляциология орталығының мәртебесін қайта жалғастыру туралы келісімді ратификациялау туралы» заң да қаралды. Келісім мұздықтарды, қар мен мәңгі тоңды зерттеу, сондай-ақ олардың өңірдің су ресурстарына әсерін бағалау саласындағы халықаралық ғылыми ынтымақтастықты дамытуға бағытталған. Құжат халықаралық сарапшылардың қатысуымен бірлескен жобаларды, семинарлар мен білім беру бағдарламаларын ұйымдастыруды, басқарушылар кеңесін құруды және ғылыми деректерді ашық алмасуды көздейді.
Одан басқа «Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне және Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексіне толықтырулар енгізу туралы» заң медициналық қызметкерлер мен жедел жәрдем жүргізушілерін кәсіби міндеттерін орындау процесінде зорлық-зомбылық пен қауіптен қорғауға бағытталған. Қылмыстық кодекске жедел жәрдем қызметкерлерінің өміріне немесе денсаулығына қауіпті қатер немесе зорлық-зомбылық қолданғаны үшін қылмыстық жауаптылық көздейтін ереже енгізілді. Іс-әрекеттің сипатына және ауырлататын жағдайлардың болуына байланысты айыппұлдар мен түзеу жұмыстарынан бастап 12 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға дейін әртүрлі жазалау шаралары қарастырылған. Заңның қабылдануы қауіпсіз жұмыс ортасын қамтамасыз етеді, медициналық қызметтердің сапасын арттырады және жедел жәрдем қызметкерлері үшін құқықтық қорғау шарасын жүзеге асырады.
Комитет мүшелері отырыс қорытындысы бойынша заңдарды Палатаның қарауына жіберу туралы шешім қабылдады.
Ұлттық құрылтай алаңында көтерілген бастамалар парламентте қолдау табуда
Сенат депутаты Бибигүл Жексенбай Ұлттық құрылтайдың «Азаматтық қоғам» секциясы отырысының жұмысына қатысты. Аталған секция аясында елдің қоғамдық дамуы мен ішкі саясатының өзекті мәселелері талқыланды.
Отырыс барысында өңірлік дамудың жаңа тәсілдері, мәдени-гуманитарлық күн тәртібінің мәселелері, сондай-ақ одан арғы реформалардың бағыттары қаралды. Ұлттық құрылтай мемлекет пен азаматтық қоғам арасындағы ашық диалог үшін маңызды алаң ретіндегі өз рөлін қайтадан дәлелдеді.
–Мемлекет басшысының бастамасымен Ұлттық құрылтай қоғамдық сұраныстарды нақты басқарушылық және заңнамалық шешімдерге айналдыруға мүмкіндік беретін тиімді институт ретінде қарастырылады. Құрылтай алаңында айтылған бірқатар бастамалар заңдарда, тұжырымдамаларда және мемлекеттік бағдарламаларда көрініс тапты, – деп атап өтті сенатор.
Балалардың құқықтарын қорғау, мәдени мұраны сақтау, өңірлердің теңгерімді дамуы, адами капиталды және рухани құндылықтарды нығайту мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Ұлттық құрылтай жұмысына қатысу, бастамаларды талқылау ғана емес, сонымен қатар оларды заңнамалық деңгейде іске асыруға одан әрі парламенттік қолдау көрсетуді білдіреді.
Инвестиция өңірлердің тұрақты дамуына жұмыс істеуі тиіс
Сенатта «Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласына отандық және шетелдік инвестицияларды тарту: проблемалар мен перспективалар» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Сенаттың Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің төрағасы Әли Бектаевтың төрағалығымен өткен отырыста мәселе жан-жақты талқыланды.
Отырыста Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы және Сыртқы істер министрлігі Инвестиция комитетінің төрағасы Ғабидолла Оспанқұлов баяндама жасады. Олар өз сөзінде мемлекеттік қолдаудың қазіргі шаралары мен өңдеу саласына салынған инвестициялардың серпіні және ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу жобаларына шетелдік инвесторларды тарту қажеттігіне тоқталды.
Қатысушылар шара барысында агроөнеркәсіп кешенінің өңдеу саласының қазіргі жағдайын, сектордың инвестициялық әлеуетін, сондай-ақ қосылған құны жоғары жобаларды іске асыруға кедергі келтіретін жүйелі кедергілерді қарады. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу – азық-түлік қауіпсіздігінің, экспортты дамытудың және өңірлерде жұмыс орындарын құрудың негізгі факторларының бірі екендігі айтылды.
«Тұрақты шикізат базасының болуына және инвесторлар тарапынан қызығушылықтың артуына қарамастан, өңдеу саласы әлі де бірқатар институционалдық және инфрақұрылымдық шектеулерге тап болып отыр. Біздің міндетіміз – жай ғана инвестиция тарту емес, олардың өңірлердің ұзақ мерзімді дамуына, заманауи өндірістерді қалыптастыруға және қосылған құны жоғары бәсекеге қабілетті өнім шығаруға жұмыс істейтін жағдай жасау», – деді комитет төрағасы.
Оның айтуынша, логистика, инженерлік инфрақұрылымның қолжетімділігі, мемлекеттік саясаттың тұрақтылығы және инвесторларға арналған қолдау шараларының болжамдылығы мәселелері ерекше назар аударуды талап етеді. Дәл осы факторлар бизнестің өңдеу саласындағы капиталды қажет ететін және ұзақ мерзімді жобаларға инвестиция салуға дайындығын анықтайды.
«Шикізат — өңдеу — нарық» теңдестірілген тізбегін құру маңызды, мұнда фермерлердің, өңдеушілердің және мемлекеттің мүдделері үйлестірілуі тиіс. Барлық тараптардың жүйелі тәсілі мен күш-жігерін үйлестірусіз, саланың тұрақты өсуін қамтамасыз ету мүмкін емес. Инвестициялық жобалар нақты шикізат базасына, заманауи технологияға және оларды іске асыру барысында өзгермейтін түсінікті «ойын ережелеріне» сүйенуі керек», – деп атап өтті сенатор Закиржан Кузиев.
Дөңгелек үстелге қатысушылар өңдеуші кәсіпорындарды шикізатпен қамтамасыз ету мәселелерін дұрыс жоспарлаған кезде, нарықтың өзі ауыл шаруашылығы өнімдерін өсіру, өндіру және өңдеудің тұтас кластерін құратынын атап өтті. Нәтижесінде бұл өңдеушілер үшін де, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін де тиімді.
Дөңгелек үстел аясында мемлекеттік органдар, өңірлер және бизнес өкілдерінің баяндамалары тыңдалды, инвестициялық жобаларды қаржыландыру, субсидиялау және сүйемелдеу тетіктерін жетілдіру бойынша ұсыныстар айтылды. Астықты, ет және сүт өнімдерін терең өңдеуді дамытуға, сондай-ақ әлеуметтік маңызы бар тауарлар бойынша импортқа тәуелділікті төмендетуге ерекше назар аударылды.
Талқылау қорытындысы бойынша айтылған ұсыныстар жинақталып, комитеттің алдағы жұмысында, оның ішінде Үкіметке ұсыныстар дайындау барысында және агроөнеркәсіп кешені саласындағы заңнамалық базаны жетілдіруде пайдаланылатыны атап өтілді.
parlam.kz
![]()

