Қаламгер шоқтығы

Көкшетауда белгілі журналист Бақыт Смағұлдың 60 жылдық мерейтойына арналған шығармашылық кеш өтті. Кеш барысында қаламгердің «Бір тамшы жас», «Сыр мен мұң» атты кітаптарының тұсауы кесілді.

«Құрмет» орденінің иегері, Ақмола облыстық Журналистер одағының төрағасы Бақыт Смағұл талай жыл бойы табанды еңбек етіп, журналистиканың жауапкершілігі мол ауыр жүгін абыроймен көтеріп келе жатқан білікті майталман. Ол қаламын ақиқат пен әділдікке арнап, қоғамдық мәселелерді кәсіби тереңдікпен, азаматтық ұстаныммен көтере білді. Журналистің шығармашылығы ұлттық құндылықтарға адалдығымен, ел болашағына бейжай қарамайтын принципшілдігімен ерекшеленеді. Оның мақалалары мен публицистикалық еңбектері оқырманын ойландырып қана қоймай, қоғамдық пікір мен әділдіктің орнығуына ықпал етіп келеді.

Мерейлі кешке Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, ақын Қазыбек Иса арнайы қатысып, мерейтой иесін атаулы жасымен құттықтады. Депутат өз лебізінде Бақыт Смағұлдың журналистикадағы қажырлы еңбегін, азаматтық биік болмысын атап өтіп, қаламгердің ел мүддесі жолындағы қызметіне жоғары бағасын берді.

– Бұл басқосу бір журналистің ғана емес, тұтас бір дәуірдің шежіресіндей болған еңбекті қадірлеудің көрінісі. Қаламын халыққа қызмет етуге арнаған Бақыт Смағұл сынды азаматтарға көрсетілген құрмет журналистикаға, әділ сөзге деген құрмет, – деді Қазыбек Иса өз сөзінде.

Сондай-ақ, шараға Қазақстан Республикасы Сенаторлар кеңесінің мүшесі, мемлекет және қоғам қайраткері, жазушы-драматург Жабал Ерғалиев, Ақмола облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Нұғыманов, Қазақстан Республикасының халық әртісі Жібек Бағысова, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанындағы республикалық бас мешіттің бас имамы Қанат Қыдырмин, Ақмола облысының бас имамы Қуаныш Сәбит, «Ақ жол» демократиялық партиясының Ақмола облыстық филиалының төрағасы Саят Сыздықов, тағы да басқа елімізге белгілі тұлғалар қатысып, кеш иесінің қоғам өміріндегі белсенділігі мен принципшілдігін тілге тиек етіп, мерейтой иесіне ізгі тілектерін жеткізді.

Кеш барысында қаламгердің шығармашылық жолы, журналистикадағы қолтаңбасы, қоғамдағы орны кеңінен сөз болды. Әріптестері мен замандастары оның кәсіби адалдығын, сөзге деген жауапкершілігін, ұлт мүддесіне қызмет етудегі табандылығын ерекше атап өтті.

Осы кеште тұсауы кесіліп, оқырманға жол тартқан «Бір тамшы жас» кітабында автор тарапынан адам баласын адастырмас темірқазықтың өзегіне айналған имандылық жайы кеңінен сөз болады. Кітаптағы имани хикаяттар ислам дініндегі ең абзал істер жайлы сыр шертеді. Адамдар арасындағы ізгілік пен мейірімділік, қарапайымдылық пен қамқоршылық құндылықтар кеңінен әңгіме өзегіне айналады. Адам пешенесіне жазылар тағдыр жолы имани асқақ ұғыммен астасады.

Ал, «Сыр мен мұң» кітабына автордың ұлт қамы, ел жайы, адам тағдыры туралы публицистикалық танымдық мақалалары топтастырылған. Сонымен қатар, қаламгердің қолынан туған бұл еңбегінде қазақ тарихы мен туған жердің шежірелі тарихына қатысты тағдыры әрқилы адамдардың өмір өткелдерінен сыр шертіледі.

Жалпылама алғанда, осы бір мәнді де мағыналы кеш қоғамдық ашық пікірдің қалыптасуына сүбелі үлес қосып келе жатқан қаламгердің мерейлі белесі ғана емес, сөз құдіретін қадірлеген, елдік мүддені биік қойған азаматқа көрсетілген зор құрметтің айғағы десек, артық айтпаспыз. Оған қаламгердің кеш барысында туған жері – Солтүстік Қазақстан облысы «Уәлиханов (бұрынғы Қызылту) ауданының құрметті азаматы» атанғаны және «Қазақстанның құрметті журналисі» төсбелгісі мен басқа да марапаттарға ие болғаны айқын дәлел.

Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суретті түсірген Нұрболат БЕКТҰРҒАНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар