Ғасырдан астам тарихы бар Ақмола облыстық «Арқа ажары» газеті ондаған жылдар бойы Арқа деп аталатын өңірде талай қаламгерлерді қанаттандырған қасиетті шаңырақ екені рухани ортаға мәлім. Сонау замандарда «Тіршілік» деген атаумен ірге көтеріп, Сәкен Сейфуллин, Абдолла Асылбеков секілді жақсылардың қаламының таңбасы қалған осы бір шежірелі басылымда кімдер еңбек етпеді дейсіз.
Қоғам келбетінің өзгеруіне қарай «Тың өлкесі», «Коммунизм нұры» секілді атауларды иеленген бұл газетте кезінде Қажымұрат Рахимов, Әскен Нәбиев, Мәди Хасенов, Жомарт Әбдіхалықов, Бәдуан Имашев, Алдан Смайылов, Жұматай Сабыржанов, Жылқыбай Жағыпар, Мағжан Садыханов, Амангелді Жұмабеков, тағы басқа да аты белгілі қаламгерлер еңбек етіп, қаламын ұштаған.
Осы «Арқа ажарының» шеберханасында шыңдалып, журналистика деп аталатын салада өз соқпағын салған қаламгерлердің бірі – бүгінде 70 жастың белесіне шығып отырған Талғат Қасен.
Негізгі мамандығы инженер, техника саласы болғанымен, сөз өнеріне деген сүйіспеншілік Талғат Бақтыбекұлын 1985 жылы Қорғалжын аудандық «Қорғалжын» газетіне алып келеді. Осы жерде табан аудармай, он шақты жыл еңбек етіп, аудан тірлігі жайлы небір толымды дүниелер тудырған қаламгердің қарымын байқаған марқұм Жомарт Әбдіхалық Талғатты өзі басқарып отырған Ақмола облысының бас басылымы «Арқа ажары» газетіне шақырады. Міне, Талғат Қасеннің зейнеткерлікке шыққанға дейінгі жиырма жылға тарта ғұмыры осы басылымда өтіп, газет редакциясы Көкшетау қаласына ауысқаннан кейін де бірнеше жыл газеттің бас редакторы, белгілі жазушы-драматург Жабал Ерғалиевпен де қоян-қолтық еңбек етті.
Қаламы жүйрік Талғат сол кезде облыстағы бас газеттің беделін көтеру барысында бел шеше араласып, беріле жазып, оның құлаш-құлаш мазмұнды мақалалары мен сұхбаттары оқырмандардың іздеп жүріп оқитын дүниесіне айналғанының куәсіміз.
Талғат Бақтыбекұлы сол уақытта Үкімет үйі мен Парламентке еркін кіріп, жаңадан шаңырақ көтерген тәуелсіз Қазақстанның іргетасын қаласқан белгілі саясаткерлер Өмірбек Байгелді, Ахметжан Есім, Асқар Мамин, Светлана Жалмағамбетова, Жәнібек Кәрібжанов, тағы да басқа тұлғалармен салиқалы сұхбаттар ұйымдастырып, қоғам өмірінің қатпарлы тұстарын барынша ашып, оқырмандарға жан-жақты ақпарат ұсына білді. Одан бөлек Әнес Сарай, Серік Тұрғынбеков, Алдан Смайыл сияқты танымал қаламгерлермен әңгіме-сұхбат жасап, зиялы қауымның ел болашағы жайлы ой-пікірлерін өрнекті тілмен жеткізуі басылым абыройын көтергені анық. Кейін осы мақала-сұхбаттар жинақталып, «Қаламмен өрілген өмір» деген атаумен кітап болып басылып шықты.
Біздер бүгін қажырлы қаламгер, қадірлі әріптес Талғат Бақтыбекұлын мерейлі жасымен құттықтап, бақуатты ғұмыр, әулетіне амандық тілейміз!
Өрге бұрып өміріңнің кемесін,
Өзің салған жолыңменен келесің.
Астың бүгін сау-саламат, мінекей,
Жетпіс деген бір биіктің белесін!
Сеніміңнің биік қағып шегесін,
Сезіміңді ақ қағазға төгесің.
Жарқыратып жазып келе жатырсың,
Бұл қазақтың қарасын да, төресін.
Жазылған сөз – болашаққа арызың,
Орындалған азаматтық парызың.
Соқпақ салған соны-соны қиырға,
Өшпейтұғын соңыңдағы бар ізің!
Биігіңнен төмен түспей кемді күн,
Танып жатыр Талғатым деп ел бүгін.
Бәз біреудей атақ сұрап қол жайып,
Босағасын күзетпедің шендінің!
Толғай жұтып Қорғалжынның самалын,
Серік болды қолыңдағы қаламың.
Майыспадың бәз біреудей иіліп,
Мықтылардың бағамын деп қабағын.
Құлы болмай қулық пенен сұмдықтың,
Ұлы болдың мынау Ұлы даланың!
Жетпіс жастың биігіне, мінекей,
Желбіреген туыңды әкеп қададың!
Арманыңды жетелеумен алғы күн,
Абыройыңа серік еттің ар жүгін.
Ұрпақ өсіп соңыңызда саналы,
Бір басыңда барлығы да бар бүгін!
Мекен болып ел ордасы Астанаң,
Үзілмесін өмір деген дастан-ән.
Дәл осындай қалпыңменен еңкеймей,
Сексен жастың сеңгіріне бас қадам!
Ізгі тілекпен,
қаламгер әріптестерінің атынан Сайлау БАЙБОСЫН.
![]()

