ДЕНСАУЛЫҚ
Жуырда -ңірлік коммуникациялар қызметінде Ақмола облысы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Сәуле Сәдуақасова бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен кездесті. Брифинг барысында санитарлық дәрігерлердің өткен жылғы жұмыс қорытындылары сөз болды.
Соның ішінде тағамнан улану оқиғалары туралы айтылғанда, Бурабай және Ерейментау аудандарында бірден 22 адам зардап шексе, оның он бесі 14 жасқа дейінгі балалар екендігі тілге тиек етілді. Санитарлық қызмет мамандары жүргізген тексеріс барысында қоғамдық тамақтану орындарында тиісті талаптардың сақталмауы байқалған. Мәселен, медициналық кітапшасы жоқ және жұмысқа рұқсат берілмеген 23 қызметкер қызметінен шеттетілді. Ал, санитарлық-эпидемиологиялық қорытындысы жоқ нысандардың жұмысына тыйым салынып, кінәлілерге әкімшілік айыппұлдар салынумен қатар, Қылмыстық кодекстің 304-бабы бойынша іс қозғау үшін материалдар құқық қорғау органдарына жолданды.
Жыл басынан облыс бойынша қоғамдық тамақтану орындарына жүргізілген 25 профилактикалық бақылаудың барлығында дерлік заң бұзушылықтар анықталды. Тексерілген нысандардың 100 пайызында талаптар сақталмаған. Сонымен қатар, азаматтардың арыз-шағымы бойынша өткізілген 49 жоспардан тыс тексеріс нәтижесінде 6 миллион теңгеден астам айыппұл салынып, сегіз материал сотқа жолданды. Негізгі заң бұзушылықтар қатарында тез бұзылатын өнімдердің құжаттарының болмауы, технологиялық процестердің дұрыс сақталмауы және шикізат пен дайын тағамның бір жерде сақталуы сияқты өрескел қателіктер бар. Көптеген нысандарда тіпті, дезинфекциялау шаралары жүргізілмейтіні және дайын өнімдердің микробиологиялық көрсеткіштері талапқа сай емес екені белгілі болды. Бұл дегеніміз, кез келген асхана немесе мейрамхана тиісті бақылау болмаса, инфекция ошағына айналуы мүмкін деген сөз.
Уақытша жалданатын, біліктілігі төмен қызметкерлердің гигиеналық талаптарды сақтамауы да қауіпті өршітеді. Егер тағам тұтынғаннан кейін 30 минут пен 24 сағат аралығында жүрек айну, құсу, іштің түйіліп ауруы, дене қызуының 38,5 градустан жоғары көтерілуі сияқты белгілер байқалса, дереу дәрігерге жүгіну қажет. Әсіресе, 5 жасқа дейінгі балалар, жүкті әйелдер және қарт адамдар үшін бұл жағдай өте қауіпті. Өздігінен емделу алтын уақытты жоғалтуға және жағдайды ушықтыруға соқтыруы мүмкін.
Сақтық шаралары қарапайым болғанымен, олардың өмірлік маңызы зор. Өнімді сатып алғанда міндетті түрде оның сыртқы түріне, сақтау мерзіміне және құжаттарына назар аудару керек. Қолдан жасалған немесе белгісіз сауда нүктелерінен өнім алудан аулақ болған жөн. Үй жағдайында тағам дайындағанда шикі және дайын өнімдерге арналған кесу тақтайшаларын бөлек ұстау, көкөністер мен жемістерді мұқият жуу басты қағида болуы тиіс. Салаттарға майонезді тек дастарқанға қояр алдында ғана қосып, оларды бөлме температурасында екі сағаттан артық қалдырмау керек. Тағамның қауіпсіздігі тек мемлекеттік бақылаудың ғана емес, сонымен бірге, әрбір кәсіпкер мен әрбір тұтынушының жеке жауапкершілігіне жатады. Денсаулық баға жетпес байлық, сондықтан, оның қадірін білу өз қолымызда.
Бейбарыс ШАЛАБАЕВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген: Нұрболат БЕКТҰРҒАНОВ.
![]()

