Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
«Мұғалім апай, сізді құшақтайыншы...» - АРҚА АЖАРЫ

«Мұғалім апай, сізді құшақтайыншы…»

 

немесе ұстаз еңбегінің өтеуі

 

8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында облыстық білім басқармасы мен білім беру қызметкерлері облыстық кәсіподағы ұйымы бірлесіп, оқушы  жастардың ардагер ұстаздармен кездесу кешін ұйымдастырды.

 

Ұстаз – қай кезеңде де жас ұрпақты жақсылық пен ізгілікке тәрбиелейтін қастерлі мамандық. Себебі, ұлт болашағы – ұлағатты ұрпақ қолында. Бұл аса зор жауапкершілікті талап ететін мұраты биік ізгі жол. Абыройлы міндетті асқақ атқаратын ұстаз қашанда зор құрметке лайық.  Салтанатты шарада сөз сөйлеген облыстық білім басқармасының басшысы Балым Ізбасарова осындай ойларды ортаға салып, ардагер ұстаздарды келе жатқан мерекемен шын жүректен құттықтап, жүрекжарды тілегін жеткізді.
–Бұл күнде Қазақстан қоғамдық тұрақтылықтың, экономикасы мен саяси жүйесі қарқынды дамыған және қалыптасқан жаңа мемлекеттің жарқын үлгісі болып отыр. Бұл Елбасының көрегенділігі мен салиқалы саясатының арқасында екендігі сөзсіз. Бұл бағытты барша қазақстандықтар қолдайды. Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев білім беру саласының, оның ішінде ұстаздар  алдында жаңа интеллектуалды ұлт қалыптастыру мен дамыту міндетін қойып отыр. Бүгінгі күні облысымыздың білім ордаларында еңбек етіп жүрген ұстаздар қауымының 82,5 пайызын әйел адамдар құрайды. Нақтырақ айтар болсақ, облысымыздағы 21846 педагогтың 18022-сі  әйелдер.  Осы орайда, Сіздердің жоғары кәсіби біліктіліктеріңіз бен терең білімдеріңіздің арқасында ел келешегіне еселі еңбек етуге дайын әлеуеті биік, зерделі жастар өсіп келе жатқандығын зор мақтанышпен айрықша атап өткім келеді,–деді Балым Советқызы өз сөзінде.
Сахна төріне жайғасқан білім саласына еңбегі сіңген 5 ардагер ұстазға осы күні ерекше құрмет көрсетілді. Бұл заңды да. Себебі, олардың қатарында қолынан мыңдаған шәкіртті ұшырған, ұлағатты ұстаз дейтін аяулы есімге лайықты, өз ісінің кәсіби шеберлері бар. Атап айтсақ, ұлты басқа болса да, тілім қазақ деп жастайынан қазақтың тілі мен ділін, ұлттық тәрбиесін
насихаттап жүрген «Құрмет» орденінің иегері, «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің үздігі», «Қазақ тілінің жанашыры» төсбелгісінің иегері  Ольга Мырзагелдинова, бойында таланты бар балаларға ерекше қамқорлық көрсетіп, жарғақ құлағы жастыққа тимей бала деп бәйек болған, білгір маман, білікті басшы, «Ерен еңбегі үшін», «Ыбырай Алтынсарин», «Дарын» төсбелгілерінің иегері, Астана қаласындағы дарынды балаларға арналған №2 облыстық мамандандырылған мектеп-интернаттың директоры Сәруар Смағұлқызы, «Құрмет» орденінің иегері, «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері», «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Астрахан ауданындағы агротехникалық колледждің директоры Валентина Быс-трицкая, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет» орденінің иегері, Біржан сал атындағы Көкшетау музыкалық колледжінің оқытушысы Шолпан Дүкембаева, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Құрмет грамотасымен марапатталған, Қазақстан Республикасының «Білім саласына қосқан үлесі» медалінің иегері, Біржан сал атындағы музыкалық колледжінің оқытушысы Айнагүл Әубәкірова болды.
Жиында  білім беру қызметкерлері облыстық кәсіподақ ұйымының төрағасы Бейсембай Әбдірахманов сөз сөйлеп, ардагер ұстаздардың еселі еңбектеріне алғыс айтты. Мәдени шарада өнерпаз дарынды балалармен жұмыс жүргізу жөніндегі облыстық оқу-әдістемелік орталығының талантты балалары мен Біржан сал атындағы музыкалық колледжі және Ақан сері атындағы мәдениет колледжі өнерпаздарының орындаған ән мен күйі, шалқыған биі жиналғандарды бір серпілтіп тастады. Кездесу кешінде оқушылар құрметті қонақтарға сұрақтарын қойып, ардагер ұстаздардың өнегелі ғұмыр жолымен жақынырақ таныса алды. Кеш соңында ұстаздарға арнайы сый-сияпат жасалып, құшақтары гүлге толды.
Р.S.  …Сұрақ-жауап кезеңінде залда отырған өрімдей бір қыз қолын көтеріп, лебізін білдіруге рұқсат сұрады. Көкшетау қаласындағы №1 құрылыс техникалық колледжінде оқитын Айлана Әлімбаева өз сөзінде Краснояр селосындағы №1 мектебінің 4 сыныбында оқығанда қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ берген Ольга Мырзагелдиноваға алғысы зор екендігін айта келіп, «Рұқсат етсеңіздер, мұғалім апай Сізді құшақтайыншы» деді өтініп. Бұл көріністі көрген залда отырған жұртшылық көзіне еріксіз жас алды. Ұстазға деген шәкірттік пейіл, риясыз көңіл осындай болса етті. Мұғалімді анасына балайтын шәкірттер, бала көңілін қабағынан танитын ұлағатты ұстаздар қатары көп болса игі! Ылайым солай болсын!..

Ұлмекен Тыныштыққызы.

Суреттерде: кездесу кешіне қатысушылар; шәкірті Айлана Әлімбаеваның ұстазы Ольга Мырзагелдиноваға  ақ алғысы.

Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар