Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Сауыншы - АРҚА АЖАРЫ

Сауыншы

 

«Мамандықтың бәрі жақсы, ең бастысы сол мамандығыңды сүйіп, жұмысыңды беріліп істеу», – дейтін анасы Мария.

 

Өмір бойы сауыншы болған анасы өзге жұмысқа ауысу туралы ешқашан ойлаған емес. Тек бұрынғы кеңшар, ұжымшарлар тарап, шаруашылықтар жекешелендірілген кезде қоғамдық мал ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетіп, сала тоқыраған тұста ол амалсыз сүйікті кәсібінен қол үзуге мәжбүр болған еді.
«Шуйское – ХХІ» серіктестігі аудандағы  егіншілік пен мал шаруашылығын қатар дамытып келе жатқан іргелі шаруашылықтың бірі. Ольганың анасының жолын қуып, сауыншы болғанына да біраз жылдың жүзі болыпты. Көп балалы ана күнкөріс қамымен әртүрлі жұмыстың басын шалып, жұмыс істегенімен ешқайсысы көңілінен шықпаған. Бала кезінде анасына көмектесіп талай сиыр сауысқаны бар. Содан болар, сауыншылық жұмысқа алғашқы күннен-ақ, білек сыбана кірісті. Анасы айтқандай, көңілің қалаған іспен айналысу адамға қанағат сезімін сыйлап, жұмысыңды құлшыныспен атқаруға көмектеседі екен. Ерте келіп, кеш қайтатын, бағымындағы сиырларын өз малындай күтетін келіншектің іскерлігі басшылар тарапынан да ескерілді.
Бүгінде серіктестікте 280 бас сауын сиыр бар. Олардың 120-ы асыл тұқымды австриялық гольштин-фризск сиыры. Осыдан екі жылдай бұрын сатып алынған бұл сиырлардың өнімділігі өте жоғары. Тәулігіне орта есеппен жиырма литрдей, яғни, екі шелек сүт береді. Ольганың бағымында 39 сиыр бар. Енді есептеп көріңіз: әр сиырдан күніне жиырма литрдің үстінде, яғни, тәулігіне 800 литрдей сүт сауылады екен. Баяғыда, анасы сауыншы болып жүрген кезде жылына  5 мың литр сүт сауған сауыншыларды «бесмыңшылар» деп атап, құрмет тақтасына ілетін. Ал, қазір Ольганың жалғыз өзі тәулігіне сегіз жүз литр сүт сауып отыр. Бұның бәрі жаңа озық технологиямен жұмыс істеудің нәтижесі. Жұмыстың бәрі автоматтандырылған. Сүт құбыр арқылы орталықтанған ыдысқа жиналады. Сауыншының міндеті автоматтандырылған жүйенің жұмысын қадағалау ғана.
Өткен жылы шаруашылық басшылары төлімен бірге тұратын сиырларға арнап жайлы қора салып берген. Мал азығын тарату механикаландырылған жүйенің көмегімен атқарылады. Сауыншылардың киім ауыстыратын, жуынатын, демалатын орны бар. Бір сөзбен айтқанда, жұмыс істеу үшін қажетті жағдайлардың бәрі жасалған.  Жұмыстың бәрі қолмен атқарылатын кеңес заманындағы анасының фермадағы таң бозынан, қас қарайғанша тынбай істейтін жұмыстарын көріп өскен Ольга үшін бүгінгі сауыншының жұмысы  жоғары білімді мамандардың арнайы зертханадағы қызметін еске салатын сияқты. Заманына қарай еңбегі  деген осы шығар, бәлкім.
Сүт цехында жастары бір-біріне қарайлас қыз-келіншектер еңбек етеді. Әріптестері Шынар Гузенко, Светлана Гавва, Мария Овчинникова, Анастасия Скрабатану – бәрі де өз жұмыстарын шебер атқаратын білікті мамандар. Бұлардың жұмысына бас-көз болып жүрген сүт блогының меңгерушісі Татьяна Вербовая қатал емес, бірақ талапшыл.   Сауылған сүт Зерендідегі  сүт зауытына жіберіледі. Шаруашылықтың ірімшік өндіретін шағын цехы бар. Сүттің бір бөлігі сонда қалады.
Көп балалы ана, бармағынан бал тамған сауыншы Ольга Райляну жылдағыдай биылғы көктемді де қуанышты көңіл-күймен қарсы алуда. Өйткені, көп ұзамай мал төлдеу бас-талады. Бұл сауыншылардың жұмысы қыза түседі деген сөз.
     Өмірсерік ШАЙХИН.
Атбасар ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар