Ақмола облысында сыйымдылығы 870 миллион текше метрден асатын Есіл контррегуляторын салу жобасы мемлекеттік сараптамадан өтті. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігі хабарлады.
Нысан 873 миллион текше метрге дейін тасқын суды жинақтауға мүмкіндік беріп, көктемгі су тасқыны кезінде Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарындағы елді мекендерді су басудан қорғауды қамтамасыз етеді.
Жобаны іске асыруды Азия даму банкінің қолдауымен биыл бастау жоспарланып отыр. Еске сала кетейік, 2025 жылғы желтоқсан айының басында Су ресурстары және ирригация министрлігі мен халықаралық қаржы ұйымы өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойған болатын.
– Контррегулятор тасқын сулардың бір бөлігін ұстап қалып, қайта бағыттауға мүмкіндік береді. Бұл Есіл өзенінің төменгі ағысында судың қауіпсіз өтуін, сондай-ақ, Солтүстік Қазақстан облысындағы Сергеев және Петропавл су қоймаларының тұрақты жұмысын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, нысан 25 мың гектарға дейін суармалы жерді суаруға мүмкіндік береді, – дейді өз сөзінде Су ресурстары және ирригация вице-министрі Ерболат Ибрайханов.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
![]()

