Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ұстаздан із қалар - АРҚА АЖАРЫ

Ұстаздан із қалар

Бала үлкендерге қарап бой түзейді, еліктеу арқылы есейіп, өмірлік ұстанымын айқындайды. Күлшайра Жүсіпбекқызының мамандық таңдауына мектептегі ұстаздары елеулі әсерін тигізген еді.

 

Олардың сөйлеу мәнері, жүріс-тұрысы, тіпті киім киісіне дейін өзгелерден оқшаулап, ерекшелендіріп тұратын. Қарапайым ауыл тұрғындары арасында жоғары білімді мұғалімдер бірден көзге түсіп, зиялы қауым өкілі екендіктері айтпай-ақ білініп тұрушы еді. Сөйтіп, Күлшайра үшін онжылдықты бітіргенде қандай мамандықты таңдаймын деген сауалға жауап іздеудің еш қажеттігі болмады. Ол  ойланбастан, теледидардан ғана көрген Украинаның Полтава қаласына педагогикалық институтқа оқуға түсті. Қиян шетке оқу іздеп баруына жергілікті басылымда жарияланған жарнама себеп болып еді. Бір жағы жер көріп, ел танығысы да келген болар, әйтеуір осындай шешімге келді. 1979-1984 жылдар аралығында  В.Короленко атындағы Полтава пединститутының орыс тілі мен әдебиеті факультетінде оқып, жоғары білім алды. Институт бітірген жас маманға жұмыс табу ол кезде еш қиындық келтірмейтін. Жарқайың ауданының Далабай ауылындағы орта мектепте ұстаздық еңбек жолы басталды. Торғай облысының құрамында болған Жарқайың ауданы ол кезде қазіргідей шалғай өңір саналмайтын.
Өмір өз ағысымен өтіп жатты. Бір кезде ортақ Отан болған КСРО ыдырап, Қазақстан тәуелсіз мемлекет болды. Сол тұста орыс ұлтының өкілдері атажұрттарына жаппай көшіп, ауылдардың біразы қаңырап қалды. Заман ағымын түсінген Күлшайра Жүсіпбекқызы 2004-2006 жылдары Қостанай әлеуметтік-техникалық университетінде тарих-география мамандығы бойынша оқып, білім алды. Осылайша мамандық саласын өзгертіп, енді мектепте география пәнінен сабақ беретін болды.  «Ұстаз – мамандықтың анасы» деген сөз адамдар арасында жиі айтылып жүреді. Шындығында, барлық мамандық иелері ұстаздан тәлім алады. Елдің ертеңгі тізгінін ұстар жас ұрпаққа тәлім-тәрбие беруден асқан жауапты және маңызды іс болмайтын шығар. Өкініштісі сол, осындай үлкен жауапкершілікті ұстаздардың бәрі бірдей түйсіне бермейді. Өз жұмысын бала-шағасын асырайтын нан табудың құралы санайтындар мұғалімдер арасында да кездесіп жатады. Ондайлар әдетте жұмысына жеңіл-желпі қарайтындықтан, шәкірттері тарапынан жақсы көрсеткіштерге жетушілер бола қоймайды. Жалпы, ұстаз еңбегінің өлшемі – шәкіртінің білім деңгейімен өлшенетіні дау туғызбас шындық. Осы орайда, Күлшайра Жүсіпбекқызын өз мамандығының кәсіби шебері деп айтуға әбден болатындай. Өйткені, оның шәкірттерінің арасында ұстазының, өздері оқыған мектептерінің, одан қалды ауылдары мен аудандарының атын шығарған озат оқушылар аз емес. Түрлі олимпиадалар мен байқауларда қатарластарынан оза шауып, жүлдегер атанған шәкірттері жетерлік.
Өмірлік негізгі мектебінде 33 жылдан бері үзбей ұстаздық етіп келе жатқан Күлшайра Әлмұхамбетова заман талабына сай білімін жетілдіруге де ұдайы көңіл бөледі. 2012-2013 жылдары Кэмбридж бағдарламасы бойынша деңгейлік курстың үшінші деңгейін аяқтап, арнайы сертификат алды. 2015 жылы өткен «WORLDDIDAC ASTANA 2015»  халықаралық технологиялар көрмесіне қатысып, еліміздің Білім және ғылым министрлігінің сертификатына ие болды. Өткен оқу жылында өткізілген Қазақстан интернет олимпиадасында аудан мектептері арасында екінші орынды иеленді. Аудандық, облыстық білім саласы басшыларының, министрліктің атынан алып жатқан Алғыс хаттары мен Құрмет грамоталары өз алдына бір төбе.
Өткен оқу жылында мектеп бітірушілер төртінші пән ретінде географияны таңдап, ҰБТ тапсырған еді және алған баллдары да өзге мектептермен салыстырғанда біршама жоғары болды. Бұл да ұстаз абыройын арттыра түскен жай болған.  Күлшайра Жүсіпбекқызы өзін өмірден орнын тапқан бақытты жанмын деп санайды. Сүйікті жар, ардақты ана, ұлағатты ұстаз болды. Ойына алған арман-мақсаттарының бәріне қолын жеткізіпті. Шәкірттері ғана емес, әріптестері де кәсіби білікті маман ретінде сыйлап, қадір тұтады. Мына бес күндік жалғанда бұдан артық қандай игілік керек…
Қалкөз ЖҮСІП.
Жарқайың ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар