Тарихи-мәдени ескерткіштер – ұлттық құндылығымыз

КӨЗАЙЫМ КӨКШЕТАУ

2025 жылы Көкшетау қаласында «Көк шалғын» жобасы аясында ауқымды абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Ұзындығы үш шақырымға созылған жаңа саябақ «Мәңгілік алау» мемориалдық кешенінен басталып, Қопа көлінің жағалауына дейін жетеді. Жоба Мәңгілік алау саябағы, Даңқ аллеясы, Тәуелсіздік алаңы және М.Сағдиев көшесін қамти отырып, оларды бірыңғай сәулеттік және дизайнерлік стильдегі туристік маршрутқа біріктірді.

Осының нәтижесінде халықтың демалатын орындары жинақы, жайлы, тұрғындар мен қала қонақтары үшін заманауи келбетке ие болды. Қаланың ең көрнекті жерлерін үйлесімді сәулетімен және дизайнерлік шешімдерімен ерекшеленетін бірыңғай туристік бағытқа біріктіру өз-өзін ақтап, осындай ауқымды жұмыстардың арқасында тарихи-мәдени мұра болып саналатын «Даңқ аллеясының» маңайы ерекше, көрікті де ыңғайлы орынға айналды.

Жалпы, Көкшетау қаласының тұрған орны, тарихы және мәдениеті барлық тұрғындар мен қонақтар үшін ерекше маңызға ие. Осындай көрікті жерлеріміз бен тарихи-мәдени ескерткіштеріміздің сақталуы мен қорғалуына, қоқыстар тасталмауына, сызбалар мен жазулар жазылып, суреттер салынып, вандализм жағынан бүлінбеуіне, бұзақылық әрекеттер жасалмауына жауапкершілік біздің орталықтың да мойнында. Орталық мамандары оқу орындарында өткізілетін іс-шараларда осы туралы ұдайы түсіндіру жұмыстарын жүргізум ен келеді.

Қазақстан Республикасындағы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 448-бабында осы жағдайлар бойынша кәмелетке толмағандардың әкімшілік жауапкершілігі нақты көзделген. Он алты жасқа дейінгі кәмелетке толмағандар тарихи-мәдени мұра объектілерін, тарих және мәдениет ескерткіштерін, мемлекет қорғайтын табиғи объектілерді жазулармен, суреттермен немесе қоғамдық имандылыққа нұқсан келтіретін өзге де әрекеттермен қорлаған жағдайда, олардың ата-аналарына немесе оларды алмастыратын адамдарға он бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады. Ал, істеген әрекеттері бұдан ауыр болса, жаза да тиісінше күшейтіледі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мәселеге ерекше назар аударып, Үкіметке вандализм мен қоғамдық мүлікті бүлдіргені үшін жазаны қатаңдатуды тапсырған болатын. Жоғарыдағыларды ескере отыра, оқушылар мен студенттерден мұндай құқық бұзушылыққа жол бермеуді, яғни, қаламыздың көркейіп, дамуына нұқсан келтірмеуді сұраймыз.

Сүйікті Көкшетауымның көркейіп, еліміздің, облысымыздың дамуына жаңа серпін беретін туристік қала болатынына кәміл сенеміз. Осы ретте, тарихи және мәдени ескерткіштерімізді сақтап, қорғау барлық азаматтардың парызы.

Гауһар ЕСІЛБАЕВА,
 Ақмола облысы мәдениет басқармасының тарихи-мәдени мұраны
қорғау және пайдалану орталығының маманы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар