Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне 2018 жылдың қаңтарында төрағалық етеді.
Бұл туралы Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов Парламент Мәжілісіндегі Үкімет сағатында хабарлады.
Төрағалық кезінде белгілі бір құжат қабылданады. Бұл Қауіпсіздік кеңесінің резолюциясы болуы мүмкін. 2017 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстан Республикасы екі жылдық кезеңге Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде өз жұмысын бастады. Сондай-ақ, биылғы жылғы 2 наурызда Қазақстанның БҰҰ-дағы мүшелігіне 25 жыл толды.
Тағы талқылайды
Сирия мәселелеріне арналған Астана процесінің қатысушылары кезекті кездесуге Елордаға келе бастады.
14-15 наурызда өтетін келесі кездесудің форматы мен күн тәртібі Ресей, Түркия мен Иран сияқты кепіл мемлекеттердің пікіріне байланыс-ты қалыптасады. Тағы бір айта кететін жай, Сириядағы әскери қақтығыстарды тоқтату режимі нәтиже бере бастады. Татулық пен келіссөзге қосылғандар саны да артып келеді, – деді Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов. Еске салсақ, бұл келіссөздердің алғашқы кезеңі Астанада 23-24 қаңтарда, екінші кезеңі 16 ақпанда өткен болатын.
Балаларға обал-ақ
Сириядағы балалар өлімі адам шошырлық деңгейге жеткен.
Яғни, 2016 жылы елдегі қанды қырғыннан 650-ден астам бала қаза тапқан. Бұл туралы Біріккен Ұлттар Ұйымының балалар қоры (ЮНИСЕФ) мәлімдеп отыр. Оның үстіне осы қордың хабарлауынша 2016 жылы Сирияда кем дегенде 851 бала түрлі қарулы қақтығысқа қатысуға мәжбүр болған. Бұл көрсеткіштің өзі өткен жылдармен салыстырғанда екі есеге көп. Осыдан бір апта бұрын Save The Children халықаралық қайырымдылық ұйымы да 6 жылға жалғасқан соғыста бұл елдегі балалардың терең күйзеліске шалдыққандығын хабарлаған болатын.
Төрелігі – мектепте
«Алтын белгінің» тағдырын енді мектеп өзі шешеді.
Бұл туралы Ұлттық тест орталығының директоры Рамазан Әлімқұлов мәлімдеді. «Алтын белгіні» бұрын тест тапсырғаннан кейін Білім министрлігі өз бұйрығымен бекітетін. Енді ҰБТ-ның жаңа форматына сәйкес мектеп ұжымының өзі белгілейді. «Мектептер арасында «Алтын белгі» алудан жарыс басталады ғой. Баласына «Алтын белгі» алып бергісі келген ата-ана мектеп директорына пара ұсынбасына кім кепіл?» деген сауалға Рамазан Әлімқұлов «Сұрағыңыздың жаны бар. Бірақ, бұрын «Алтын белгі» алған бала ҰБТ-дан босатылатын. Енді босатылмайды. Алайда, оны мен жай оқушының тестідегі балы бірдей болса, грант «Алтын белгі» иегеріне беріледі» деп жауап берді.
Қытайдағы алып сәби
Қытайдың Шэнси провин-циясындағы ауруханада алып баланы кесір тілігімен алды.
Дәрігерлер баланың ірі болып туатынын болжаған, бірақ, дәл бұлай болады деп күтпеген көрінеді. Бойы 58 сантиметр, салмағы 6,7 келі сәби қалыпты нормадан екі есе үлкен. Алайда, баланың денсаулығы мен өзін-өзін сезінуі жақсы. Әкесі қатты қуанып, балаға Канг Канг есімін берді, қытайша ол «денелі» деген мағынаны білдіреді.
Оқушының олжасы
14 жастағы оқушы екінші дүниежүзілік соғыс кезінде апатқа ұшыраған ұшақтың қалдығын тапты.
Оқиға Данияның солтүстігіндегі Биркелсе елді мекенінде болды. Даниэль Кристиансен тарих пәнінен үй тапсырмасын орындау үшін металл іздеушімен артефактілер таппақшы болған. Сөйтіп, бұрын ұрыстар өткен алқапта немістің жойғыш ұшағының қалдықтарына тап болып, оны топырақтан аршып алуға экскаватор жалдапты. Артынша әлгі жерден адам сүйегі шыққан. Ұшақ шамамен 1944 жылы құлаған деген болжам бар. Қазір жергілікті полиция бұл олжа туралы ГФР елшілігіне хабар берген көрінеді.