Өз еркінен тыс қудалау – нағыз заңсыздық

ҚАУІПСІЗ ҚОҒАМ

Жуырда Ақмола облысының полиция департаментінде өткен «Stop сталкинг» республикалық акциясы аясындағы форум-диалог сталкингтің алдын алуға және азаматтарды түрлі қысым мен зорлық-зомбылықтан қорғауға арналды.

Форум жұмысына облыс әкімінің орынбасары Досұлан Айтбаев, прокуратура өкілдері, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Гүлнара Жанбекова және «Сенімен болашақ» қоғамдық қоры мен «Женский луч» дағдарыс орталығының мамандары қатысып, аталмыш мәселені жан-жақты талқыға салды.

Сталкинг, яғни, адамды өз еркінен тыс қудалау қазіргі қоғамның өзекті дертіне айналып отыр. Бұл мәселе жай ғана жеке бастың кикілжіңі емес, азаматтардың бостандығы мен қауіпсіздігіне тікелей қатер төндіретін заңсыз әрекет.

Жиынды ашқан Ақмола облыстық полиция департаментінің бастығы, полковник Нұрсұлтан Мұқашев:

– Бүгінде халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру және кез келген қудалаудың, некеге тұруға мәжбүрлеудің және зорлық-зомбылықтың басқа да түрлеріне нөлдік төзімділікті қалыптастыру аса маңызды, – деп атап өтті.

Сарапшылардың пікірінше, сталкингтің артында тұрақты қоңыраулар мен хабарламалардан бастап, соңы ауыр қылмысқа ұласуы мүмкін психологиялық қысым жатыр. Мұндай жағдайларда заңның үстемдігін қамтамасыз ету үшін «үндемеу» тактикасынан бас тартып, құқық қорғау органдарына уақтылы жүгіну мәдениетін қалыптастыру қажет.

Қоғамдық қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасары Ерболат Хусаиновтың айтуынша, 2025 жыл басынан бері Бұланды және Целиноград аудандарында тіркелген сталкинг фактілері бойынша тиісті құқықтық шешімдер қабылданған.

Студент жастардың сауалдарына жауап беру барысында прокуратура өкілдері заңнама нормаларын түсіндіріп, сталкинг үшін жауапкершілік шаралары қарастырылғанын, әсіресе, егер жәбірленуші кәмелетке толмаған болса, қорқытумен, қысыммен немесе зорлық-зомбылықпен ұштасатын қудалаудың кез келген нысаны заңда көзделген жауаптылыққа әкеп соқтыратынын атап өтті.

Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар