Пайда ойлап, жазаға тартылып жүрмеңіз

ҚЫЛМЫСҚА ҚАРСЫ КҮРЕС

Ақмола облысының кәсіпкерлер палатасында мемлекеттік органдар өкілдерінің бизнес-қоғамдастықпен кездесуі өтті.

Талқылауға облыс прокурорының орынбасары Марат Бақтыбекұлы, полиция, экономикалық тергеу, мемлекеттік кірістер, сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменттерінің өкілдері қатысты.

Құқық бұзушылықтардың алдын алу және бизнестің қоғамдық процестерге толыққанды және жауапты қатысушы ретіндегі рөлі кездесудің негізгі тақырыбы болды. Прокуратура мен полиция өкілдері азаматтардың мас күйінде жасаған құқық бұзушылықтар проблемасына назар аударды. Қолданыстағы заңнамалық тыйымдарға қарамастан, алкоголь өнімдерін түнде заңсыз сату ерекше алаңдаушылық туғызады.

Облыс прокурорының орынбасары Марат Бақтыбекұлының айтуынша, жыл сайын өңірде адамдар мас күйінде жасаған 600-ден астам қылмыстық құқық бұзушылық тіркеледі.

–Қылмыстық іс материалдарында «мен түнде дүкенге бардым, арақ сатып алдым, содан кейін қылмыс жасадым» деген әдеттегі тұжырым жиі кездеседі. Алкоголь қылмыскерді ақтамайды және жауапкершілікті алып тастамайды. Бірақ, көбінесе заңсыз әрекеттер тізбегін тудыратын себепке айналады, – деді ол.

Түнгі уақытта алкогольді ішімдіктерді сатуға тыйым салынғанына қарамастан, кейбір кәсіпкерлер  коммерциялық пайданы ойлай отырып, заң бұзуды жалғастырып келеді. Прокурордың орынбасары атап өткеніндей, бизнес иелерінің мұндай теріс әрекеттеріне кез келген жағдайда сол меншік иесі жауап береді.

«Заң және тәртіп» идеологемасы шеңберінде Ақмола облысы бойынша прокуратураның 2026 жылға арналған жоспарына түнгі уақытта алкогольді тұтынуды азайтуға және заңды бизнесті қорғауға бағытталған арнайы іс-шара енгізілді. Мұндайда басымдық жазалау шараларына емес, ескертіп, алдын алуға беріліп отыр.

Жиында Ақмола облыстық прокуратура басқармасының аға прокуроры Айым Алтай жедел талдау деректерін келтірді. Өңірде 3 491 сауда нүктесі жұмыс істесе, оның 3327-сінің алкогольді сатуға лицензиясы бар. Биыл мастықпен жасалған 620 қылмыс тіркелген. Осы ретте, 289 кәсіпкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды, оның 207-сі алкогольді белгіленбеген уақытта сатқаны үшін жазаланды, 28 субъект жыл ішінде екінші қайтара бұзушылықтарға жол берді.

Қабылданып жатқан шараларға қарамастан, Ақмола облысы алкогольдік қылмыс деңгейі жоғары өңірлер арасында қалып отыр. Өткен жылдың қорытындысы бойынша мұндай қылмыстардың үлес салмағы 22,8 пайызы құрады. Бұл орташа республикалық көрсеткіштен екі есе дерлік көп. 2025 жылы алкогольді заңсыз сатудың жолын кескен фактілердің саны 20 пайызға өсті, алайда, ол  сауда нүктелері лицензияларды қайта ресімдеу есебінен жұмысын жалғастырып жатыр. Биылғы қаңтарда алкоөнімдерді заңсыз сатқаны үшін жауапқа тартылғандар саны тағы 53 пайызға артты.

Облыстық полиция департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасары Ерболат Құсайынов өңірдегі жалпы көше қылмысының төмендеуі аясында, ең алдымен, ірі қалаларда ауыр және аса ауыр қылмыстардың өсуі тіркелгенін атап өтті.

–Көшеде жасалған барлық қылмыстың 41 пайызы мас күйінде болған, – деп атап өтті ол.

Бұл ретте, ойын-сауық мекемелері басты проблема болып қала береді. Айталық, бір жыл ішінде оларда 30 қылмыс және 800-ден астам полиция шақырулары тіркелген. Жұмыс режимі бойынша заңнамалық шектеу болмаған жағдайда полиция іс жүзінде жеке бизнесті қорғау функцияларын атқаруға мәжбүр.

Сонымен қатар, бүгінде бизнесті қауіпсіз әрі ашық етуге, заңды түрде сауда жасауға және айыппұл алмауға көмектесетін құралдар бар. Атап айтқанда, «Smart Programs, Gold partner UMAG» компаниясының негізін қалаушы және директоры Дамир Тілеубаев Umag бағдарламасын – дүкендер, супермаркеттер және қызмет көрсету салалары үшін тауарларды есепке алу, сатуды басқару, персонал мен қаржыны бақылауды жеңілдететін, тауарлардың дайын базасын, интуитивті интерфейсті және мобильді қосымша арқылы қашықтан қол жеткізуді ұсынатын бөлшек сауданы автоматтандыру жүйесін енгізуді ұсынады. Бағдарлама егжей-тегжейлі есептер мен интеграцияларды ұсыну арқылы шығындарды азайтуға, тиімділік пен пайданы арттыруға көмектеседі.

Сауда саласындағы «Заң және тәртіп» қағидатын іске асыру туралы Ақмола облысының сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысының орынбасары Самат Сайдалин да хабарлама жасады. Оның деректері бойынша, 2025 жылы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына шекті үстемеақыларды асырғаны үшін 201 сауда субъектісі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сөйтіп, оларға ескертулер де, қаржылық санкциялар да қолданылды. Оның айтуынша, бұл шаралар мемлекеттік бақылаудың алдын алу сипатын көрсетеді.

Сонымен қатар, мемлекет әлеуметтік маңызы бар өнімдер тізімін 19-дан 31-ге дейін кеңейте отырып, бағаны реттеу құралдарын күшейтуге күш салынуда. Бұл бағаның өсуін тежеудің неғұрлым ықпалды тетігін құруға, мониторингті күшейтуге және өңірлік комиссиялардың жұмысы арқылы алыпсатарлық сұлбалардың жолын кесуге мүмкіндік береді.

–Тұстастай алғанда, бұл шаралар тұтыну нарығында болжамды және әділ ортаны қалыптастырады, оның барысында ережелерді сақтау нормаға айналады, – деп атап өтті Самат Сайдалин.

Кездесу ашық диалог және әріптестік форматында өтті, құқық бұзушылықтардың алдын алу және заңды кәсіпкерлікті қолдау саласындағы Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қоюды қоса алғанда, бірлескен шешімдер әзірлеуге бағытталды.

Өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Ерқанат Мұсылманбек «Атамекеннің»  бизнес пен мемлекет арасындағы байланыстырушы дәнекер ретіндегі рөлін ерекше атап өтті.

– Біз іс-шараларымыздың тиімділігін арттыруды жалғастырамыз. Бүгінде «Атамекен» – кәсіпкерлер мен мемлекет арасындағы нақты көпір. Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектенов Ұлттық палатада өткен кездесуде де айтып өтті. Біздің палата бизнес өкілдері өз сұрақтарын жеткізе алатын, олардың сол сауалдары қолдау табатын және алда тұрған міндеттерді шешуге ат салыса алатын негізгі алаң болып қала береді, – деп түйіндеді бұл ретте, өз сөзін кәсіпкерлер палатасының директоры.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар