Газетіміздің өткен санында хабарлағанымыздай, Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов бастаған «Әділетті және прогрессивті Қазақстанның халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясының мүшелері осы аптада Ақмола облысында болды.
Олар Көкшетау қаласының тұрғындарымен және еңбек ұжымдарымен кездесулер өткізді. Одан кейін жалпыұлттық коалиция мүшелерінің Ақмола облысының спорт саласының өкілдерімен кездесуі Зеренді ауданының мамандандырылған балалар мен жасөспірімдердің спорт мектебінде өтті. Бұл спорт мектебі заңсыз алынған активтерді қайтарудан түскен қаражат есебінен бой көтергенін айта кеткен жөн.
Бапкерлермен, спортшылармен және секция басшыларымен әңгіме барысында коалиция мүшелері жаңа Конституция жобасында әділеттілік ұғымы алғаш рет мемлекет пен биліктің жаңарған моделінің қағидаларының бірі ретінде бекітілгенін атап өтті. Кездесуде жергілікті спортшылар барлығына тең мүмкіндіктер туғызу, әсіресе, өңірлерден шыққан талантты жастардың дамуы үшін маңызды мүмкіндік екеніне назар аударды.
Ақмола облысының туризм және қолөнер саласы өкілдерімен кездесуде Ата Заң деңгейінде табиғатқа қамқорлық, ұлттық мәдениетті қолдау және шығармашылық еркіндіктің ерекше маңызы сөз болды.
Өз кезегінде туризм саласының өкілдері жаңа Конституция жобасында азаматтар мен мемлекеттің міндеттері арасындағы теңгерім қамтылғанына назар аударды. Олар атап өткендей, әрбір қазақстандықтың дербес жауапкершілігі арқылы еліміздің қайталанбас бай мұрасын болашақ ұрпаққа аман жеткізе аламыз.
Кездесулерге қатысушылардың барлығы 15 наурыздағы референдумға қатысып, жаңа Конституцияны қабылдауға дауыс беруге ниетті екенін білдірді.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
![]()

