Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Абыройы биік азамат - АРҚА АЖАРЫ

Абыройы биік азамат

Торғай өңірінің тумасы, бар саналы ғұмырын елін дамытып, көркейтуге арнаған Амангелді Төлеубайұлы Садырбеков ағамыздың өнегелі өмірі кеңес өкіметі тұсында  және еліміз тәуелсіздік алған кезеңде өтіп келеді. Еңбек жолын 1967 жылы  Целиноград ауыл шаруашылығы институтын бітіріп, туған ауылында мал маманы, бөлімше меңгерушісі қызметінен бастады.  Алғашқы тәлімгері бөлімше меңгерушісі Александр  Руденко болды. Кеңшар директоры Петр Тыртышный, партия ұйымының хатшысы Кенжебек Сауытов жас маманның қабілетін байқап, бағыт беріп, көмектесіп отырды.

 

Ес білгеннен ауылдың мал шаруашылығына араласып  өскендіктен, жұмысты дөңгелетіп алып кетті.  Жас жігіттің іскерлік, ұйымдастырушылық қабілетін байқаған басшылар келер жылы оны  кеңшардың бастауыш комсомол ұйымының хатшысы қызметіне ұсынды. 1969 жылы Жақсы аудандық комсомол комитетінің екінші хатшысы болып сайланды. Бұл кезде аупарткомның  бірінші хатшысы Андрей Гильгенберг, аудандық атқару комитетінің төрағасы Ізбасар Байлин еді. Олар қанатының астына алып, тәрбиелеп, қамқоршы болып жүрді. 1972 жылы Жақсы ауданынан Қима ауданы бөлініп, жеке шаңырақ көтерді. Торғай облыстық партия комитетінің хатшысы, қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтің ұсынысымен Қима ауданының комсомол комитетінің бірінші хатшысы болып сайланды. Аудандық партия комитетінің бюро мүшелігіне өтіп, ауданның барлық қоғамдық-саяси жұмысына белсене араласып отырды. Аупарткомның бірінші хатшысы Владимир Косяненко, екінші хатшысы Әмірғали Жамалиев, кейін олардың орнындағы Ғабдессәләм Жоламанов, Зейнеғабит Кенжеғалиев, басқа басшылармен етене жұмыс істеп, сыйласып кетті. Осы ауданның мақтанышы болған Социалистік Еңбек  Ері, «Ешім» кеңшарының директоры Бірәлі Нұртазин ағамыз да Әбекеңнің қамқоршысы, жастармен арадағы көптеген игі бастамаларына  тірек болып отырды.              
Әбекең комсомолдан кейін «Кеңарал» кеңшарында партком хатшысы қызметін атқарып жүргенде шаруашылықты аралауға сол кездегі Торғай облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Еркін Нұржанұлы Әуелбеков келеді. Кеңшардың басшы  мамандарымен әңгімелескенінде, А.Садырбековтың болашағынан үміт күттірер азамат екендігін байқап, қойын дәптеріне жазып алады. Көп ұзамай өзіне шақыртып, «Қараторғай» кеңшарына директорлық қызметке тағайындайды.
Алғаш шаруашылыққа келгенде үш өзеннің тоғысқан жерінде орналасқан халқы аз, жұмыс күші жоқ, облыс пен аудан орталықтарына апаратын жолдары салынбаған, өзендер тасығанда орталықпен арадағы қатынас тоқтап, ұжым тіршілігіне қиындықтар тудыратынын көрді. Бірақ, батыл, өжет жігіт қорқып жүрексінген жоқ. «Нар тәуекел!» деп білекті сыбанып, іске кірісті де кетті. Алдымен, «Сартоғай» кеңшарының өзіне тиесілі бөлімшесін қабылдап алды. Ауылдың ақсақалдарымен ақылдаса отырып, шаруашылық орталығын Қараторғай өзенінің жиегінен, жазық даладан ашатын болып ұйғарды. Қабылдап алған бөлімшенің шаруа-
сын  Ибраш Тұрыпбергеновке сеніп тапсырып, өзі бірыңғай қалған жұмыстармен айналысты. Сөйтіп, 1981 жылдың сәуір айында шаруашылық орталығының алғашқы қазығын қағу салтанаты өтті. Аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Сартай Омаров қатысып, ізгі тілегін білдірді. Сол күннен бастап үлкен құрылыс басталып жүре берді. Ауыл  Талдықорған облысының «Кербұлақ» кеңшарының бұрын-соңды болмаған жаңаша үлгісімен салынды. Осы ұсыныстың иесі Әбекеңнің курстас жолдасы, кейін Талдықорған облысының бірінші хатшысы болған Сағынбек Тұрсынов еді. Ауылдың ортасында фонтан, саябақ, оның айналасына  бала бақша, мектеп, пошта, дүкен, емхана салынса, олардың сыртына тұрғын үйлер тұрғызылды.   Құрылысқа студенттік отрядтар бар, бас-аяғы 400-ге жуық адам қатысты. Істің беталысын көруге облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Еркін Нұржанұлы Әуелбеков келді. Шаруашылықты мұқият аралап шыққан ол кісіге көктемгі су тасқынында қиындықтар туындайтыны айтылды. Көп ұзамай Автомобиль жолдары министрі Шамиль  Бекболатов пен Азаматтық авиация министрі, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Н.Г.Кузнецовты ертіп, облыстық атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары Кеңес Әубәкіров Қараторғайда болады. Шаруашылықты екі күн аралап, көпір салуға уәде беріп кетеді. Айтқанындай, екі жылдың ішінде Қараторғай, Қайыңды, Саба өзендерінің үстінен заманауи мықты көпір және Арқалық қаласы мен Аманкелді ауданының орталығына дейін көтерме жол салынып,  халықтың  көзі ашылады.  
Осылайша жанқиярлық еңбекпен өткен төрт жылдың ішінде ауыл танымастай өзгерді. Облыстың бірінші басшысы Еркін Нұржанұлы Әуелбеков келесі келгенінде,  Садырбековтың қабілеті мен іскерлігіне   қателеспегендігін айтып, риза болды.
Көп ұзамай Амангелді Төлеубайұлы жаңадан ашылған Амантоғай ауданы мен  Арқалық ауданына жоғарылап, одан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының бірінші орынбасары қызметіне ауысты. 1986 жылы 22 сәуір күні Аманкелді аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып сайланып, еліне қайта оралды. Қараторғайды аз жылда аяғынан тік тұрғызғанын білетін  халқы қуана қарсы алды. Бұрынғы бірінші басшы Торсан Нұрмұхамбетов ауданның экономикасын өркендетуге бағытталған ауқымды істерді бастаған еді. Әбекең Торсан ағамыздың бастаған істерін  одан әрі жалғастырып, ауданның тұрмыс-тіршілігіне оң жаңалықтар мен өзгерістер әкелді.  «Ауданның негізгі өндірісі мал шаруашылығы, ал, мал өз төлінен өседі. Оны өсіретін, еңбек өнімділігін арттыратын малшы-шопандар. Сондықтан, алдымен соларға  бет бұрып,  көңіл-күйін, рухын көтеруіміз, еселі еңбекке ынталандыруымыз керек» деді аудан активінде сөйлеген сөзінде. Кейін солай болды да. 1987 жылы қой саны жарты миллионнан асып, аудан шопандары әр жүз саулықтан 85-тен, келер жылы 90-нан төл алуға қол жеткізілді. 1988 жылы ауданның құрылғанына 60 жыл толған еді. Бұл мерекені аудан халқы еңбектегі зор табыстармен атап өтті. Сол жылы қолға алынған «Тұрғын үй-91» бағдарламасы бойынша ауданда үлкен құрылыс басталып, жоспар екі есе асыра орындалды. Аудан орталығынан шағын қалашық тұрғызылып, көптеген  зейнеткерлер, әлеуметтік сала қызметкерлері қоныс тойын тойлады.  Аудан орталығында Наурыз алаңы салынып, Құмкөлдің жиегінен жастарға арналған саябақ жасалды. Облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Оразбек Сұлтанұлы Қуанышев бастаған басшылар  жыл қорытындысында аудан еңбеккерлерінің табысын лайықты бағалап, республиканың ауыспалы Қызыл Туына қоса, аудан аты Қазақ КСР  Алтын кітабына жазылды. 1988 жылы Торғай облысы жабылып, аудан Қостанай облысының құрамына қосылғанда да осы табыс қайталанып, енді  Бүкілодақтық социалистік жарыс жеңімпазы атанды. Ал, ауданның бірінші басшысына арнайы «Волга» автокөлігі сыйға берілді.
Қостанай облысына қосылған кезде шалғайдағы аудандарға осы облыс  басшыларының көзқарасы көңіл көншітпейтін. Бірде облыстың бірінші басшысы В.П.Демиденко вертолетпен Жанкелдин мен Аманкелді аудандарын аралауға шығады. Бұл – шөп дайындау науқанының кезі еді. Соның алдында Әбекең кеңшар директорларын Қима ауданының «Ленин» кеңшарына апарып,  олардың озық тәжірибесін көрсетіп келген. Шабындықтағы қызу еңбектің үстінен түскен облыс басшысы Амангелді Төлеубайұлына «Мәселелеріңді өз бетіңмен шешіп жатыр екенсің. Рахмет. Еңбегің жемісті болсын!» деп жақсы ниетпен аттанып кетеді.   
Бұл аудан өміріндегі бұрын-соңды болмаған ерекше жылдар еді. Бірінен соң бірі бой көтерген мәдени ошақтар, еңселі спорт  кешендері, тұрғын үйлер аудан орталығының келбетін оңына өзгерте түсті.
Халық-ұлт аспаптар оркестрі құрылып, Алматыға, Ресей мен Түрік елдеріне барып қайтты. «Домбыра дастан» фольклорлық балалар ансамблінің концерті де теледидарға түсіріліп, алтын қорға жазылып алынды. Композитор Қалибек Деріпсалдиннің ансамблі, кәсіптік-техникалық училище ұжымының оркестрі сәтті өнерімен танылды. Ауданның халық театры Ғ.Мүсіреповтің «Амангелді», Шерхан Мұртазаның «Бесеудің хаты»   спектакльдерімен халық театрлары байқауында лауреат атанды. Жадыра Құтжанова, Әлпия Орманшина, Бүркіт Бекетов,  Серік Жұмабеков сияқты айтыс ақындары шықты.
1990 жылы А.Садырбеков қызметі жоғарылап, Арқалық қаласына ауысты.  Аудан халқы құрметтеп шығарып салды. Ағамыздың бұл жерде де  өшпес ізі қалды, тәрбиелеп кеткен кадрлары бастаған істерін әлі жалғастырып жатыр.  
1990 жылы Торғай облысы қайта ашылып, бірінші басшы болып Кенжебек Үкіұлы тағайындалды. А.Садырбеков облыстық агроөнеркәсіп кешенінің басшысы және облыстық атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары  қызметіне кірісті. Жаңа жұмыста бұрыннан танитын әріптестері Орал Мұхамеджанов, Ырысты Сариева, Виктор Мейстер, Иоган Меркель, Амангелді Жармағамбетов, Бауыржан Елубаев, Нұрмағамбет Қалиев, Әділхан Жүсіпов, Мұғидар Бірімжанов, тағы басқаларымен қоян-қолтық қызметтес болды. 1992 жылы еліміз тәуелсіздігін жариялап, басқарудың әкімдік жүйесі енгізілді. Мемлекеттік мүлік комитетінің төрағасы қызметін Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Жәнібек Сәлімұлы Кәрібжанов атқарған еді. А.Садырбеков аймақтық мемлекеттік мүлік комитетінің басшысы және  облыс әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалды.
1994 жылы Арқалық қаласында Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың қатысуымен Торғай облысы активінің жиналысы өтті. Осы жиналыста облыс басшылары Президенттің алдында есеп беріп жатты. А.Садырбеков өңірдің түйінді мәселелері, халықтың жағдайы, ел мен жердің болашағы туралы батыл ұсыныстар айтты. Ол сөзі Президенттің көңілінен шығып, Амангелді Төлеубайұлын өз аппаратына қызметке алып, Батыс Қазақстан облысы бойынша өкілі етіп тағайындап, көп ұзамай,  Президенттің Ақмола облысы бойынша өкілі қызметіне ауыстырды. Бұл жұмысты да абыроймен атқарып шықты.  Кейін Астана қаласында «Индира және К» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін құрып, аяғынан тұрғызды. Қазіргі уақытта отандық озық кәсіпорынның бірі – «Конденсат»  АҚ-ында сыртқы байланыс директоры қызметін атқарып келеді.
Міне, енді бірер күнде 70 жастың биігінен көрінгелі отырған асыл жанның қысқаша түйіндегенде, өнегелі өмір жолы осындай. Жұбайы Қарлығаш Құрманғалиқызы 50 жыл аға шаңырағының берекесін келтіріп, ағайын-туысты риза етіп келеді. Үлкен ұлы Сәбит әке жолын қуып, облыстардың ауыл шаруашылығы басқармасы басшысы қызметтерін абыроймен атқарды. Бүгінде Ауыл шаруашылығы министрлігінің құрамындағы үлкен мекеменің бас директоры. Ғабит Бас прокуратураның департамент директоры, Сәкен Мемлекеттік қызмет істері және жемқорлықпен күрес агенттігінде жауапты қызметте.   Айсұлуы кәсіпкер, Гүлмирасы есеп  қызметкері.
Әбекеңді ел-жұрты көпшіл, әділ болмыс-бітімі мен іскерлік қасиеті үшін әлі күнге ерекше сыйлайды, құрмет тұтады. Алла тағала ағамыздың әрі қарай да осы абыройын ұзағынан сүйіндіргей.    

Кеңес БЕКІШЕВ,
кәсіподақтардың Ақмола облыстық
федерациясының төрағасы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар