Ақмолалық спортшы аруымыз 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында бокстан ел қоржынына алтын медаль сыйлады.
Жуырда ғана Болгарияның астанасы София қаласында бокстан беделді халықаралық турнир – Странджа кубогы жарысы аяқталды. Бұл жарысты осы спорт түрінің өкілдері арасында «Кіші әлем чемпионаты» деп те атайды. Осыдан-ақ, ақмолалық жерлесіміз Валерия Аксенованың осы тартысты додада қол жеткізіп отырған жеңісінің салмағы көріне түссе керек.
Валериямыз бұл алтын медальды 80 келі салмақ дәрежесінде еншіледі. Әрі оның турнирдің ақтық бәсекесіндегі қарсыласы да оңай шағылатын жаңғақ емес еді. Қазір бокстан бауырлас өзбек спортшылары Әлем чемпионаты, Олимпиада ойындарында болсын, біздің елдің былғары қолғап шеберлерінің алдын орап кетіп тұрғаны белгілі. Міне сол, Өзбекстанның спортшысы Олтиной Сотимбоеваны жерлесіміз финалда айқын басымдылықпен, яғни, 5:0 есебімен жеңді.
Осы арада біз Валерияның өзімен бірге, оның көп жылдан бергі бапкері, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Александр Высоцкийді де құттықтауымыз керек. Бапкерінің де үйлесімді сан қырлы жұмысының арқасында осындай жетістікке жетіп отырған В.Аксеноваға алда бұдан да жоғары жетістіктер тілейміз!
Күні ертең Әлем, Азия, Олимпиада сайыстарында да үмітімізді ақтап жатса, ел мерейі емес пе. Сондықтан, Ақмоланың бокс тарихында тағы бір жаңа есім жарқ етті деп айтуымызға болатындай.
Осы турнирдің қорытындысы бойынша, қазақстандық боксшылар ерлер мен әйелдер арасында жоғары дайындық деңгейін көрсетіп, жалпы саны 9 медальды жеңіп алды. Сөйтіп, командалық есепте екінші орынға ие болды.
Биыл 77-ші рет өткізіліп отырған Странджа кубогы, осылайша, көктем мерекесі алдында ақмолалық боксшыға да ақжолтай турнир болды.
Бейбарыс ШАЛАБАЕВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
![]()

