ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯ – ЖАҢҒЫРУ ЖОЛЫ!
Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінде елімізде өтіп жатқан маңызды саяси науқан – республикалық референдум қарсаңында Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің қатысуымен маңызды кездесу болып өтті.
Министрдің бұл оқу орнына алғаш келуі емес. Бұған дейін де оның қатысуымен осы университет қабырғасында жоғары білімді жаңғырту мәселелері талқыланған еді. Бұл жолғы жүздесу де ашық әрі кәсіби диалог форматында өрбіді. Кездесу ел өміріндегі маңызды саяси кезең Жаңа Конституция жобасын жалпыхалықтық талқылау аясында ұйымдастырылды. Министр «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясының өкілі ретінде сөз сөйлеп, бұл жаңа құжаттың ел дамуының келесі кезеңіне бағытталған стратегиялық шешім екенін атап өтті. Оның айтуынша, адам капиталына инвестиция салу, білім мен ғылымды ұлттық басымдық ретінде бекіту және инновацияны жүйелі қолдау – уақыт талабы.
Жиында білім беру мазмұнын еңбек нарығымен ұштастыру мәселесіне ерекше назар аударылды. Бүгінде QS халықаралық рейтингтік компаниясымен бірлесіп, еңбек нарығындағы өзгерістерді күн сайын сараптайтын жаңа алгоритм әзірленген. Егер бұрын мамандықтар атласы бірнеше жыл сайын жаңартылса, енді жүйе сұранысқа ие кәсіптерді, қажетті дағдыларды және бәсеңдеп бара жатқан бағыттарды тұрақты түрде бақылап отырады. Бұл жоғары білім жүйесін икемді басқаруға мүмкіндік бермек.
Сондай-ақ, жиында оқу орны мен OpenAI компаниясы арасындағы жасалған келісім жөнінде кеңірек айтылды. Жоба аясында 47 мыңға жуық профессорлық-оқытушылық құрам, 27 мың ғылыми қызметкер және университеттердің 2,5 мың әкімшілік қызметкері арнайы оқытудан өтеді. Оқытушыларға ChatGPT-дің соңғы нұсқасына лицензия беріліп, білім беру саласына бейімделген ChatGPT Education платформасы енгізіледі.
Министрге студенттердің шамамен 80 пайызы жасанды интеллект құралдарын еркін пайдаланылатыны айтылып, оқытушылардың да цифрлық құзыреттілігін арттыру бүгінгі күннің басты міндеті екені жеткізілді. Келісімнің маңызды шарттарының бірі деректердің Қазақстан аумағында сақталуы. Әр оқытушы жасанды интеллект мүмкіндіктерін өз пәніне бейімдеп, оқу процесіне енгізе алады. Бұл студент пен оқытушы арасындағы цифрлық алшақтықты азайтуды көздейді.
Министр өз кезегінде дәстүрлі «бір аудитория – бір оқытушы – бір мазмұн» қағидатына негізделген оқыту форматының заман талабына толық жауап бере бермейтінін айтты.
– Ақпарат көлемі күн сайын артып келеді. Осындай жағдайда білім беру жүйесі де өзгеруі тиіс. Жасанды интеллект әр студенттің білім деңгейіне, қызығушылығына қарай оқу мазмұнын бейімдей алады. Бұл тек технологиялық емес, педагогикалық көзқарастың да жаңаруы, – деді ол жиында сөйлеген сөзінде.
Сонымен қатар, кездесуде жасанды интеллектіні қолдану мәдениеті мен этикасы да қозғалды.
– Цифрлық алаяқтық, киберқылмыс, жалған ақпарат тарату сияқты қауіптер артып келеді. Сондықтан, бүгінгі күні медиасауаттылық пен цифрлық сауаттылықпен қатар, жасанды интеллект сауаттылығы да аса маңызды. «Егер біз бұл үдерістерді басқармасақ, олар бізді басқарады, – деді министр.
Оның айтуынша, технологияны меңгеру жеткіліксіз, оны жауапкершілікпен қолдану мәдениетін қалыптастыру қажет.
Жиын барысында университет ректоры Марат Сырлыбаев сөз сөйлеп, соңғы жылдары оқу орнында жүзеге асырылып жатқан оң өзгерістерге тоқталды. Ол жаңа Конституция аясындағы бастамалар жоғары білім сапасын арттыруға ықпал ететінін атап өтті. Университет ұжымы да бірауыздан реформаларды қолдайтынын білдіріп, референдумға қатысты ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының жүйелі жүргізіліп жатқандығын айтты.
– Алдағы республикалық референдум ел тағдырына әсер ететін маңызды саяси кезең. Университет оқытушылары мен ғалымдары жаңа Конституция жобасының білім мен ғылымды стратегиялық басымдық ретінде бекітуге бағытталғандығына сенімді, – деді ректор өз сөзінде.
Расында да білім мен заң үстемдігі қатар жүргенде ғана мемлекет тұрақты дамитыны сөзсіз. Цифрлық дәуірдің сын-қатерлері мен мүмкіндіктері тоғысқан шақта қоғамның болашағы сапалы білім мен берік құқықтық негізге сүйенетіні де шындық.
Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
![]()

