Педагогика ғылымдарының докторы, профессор Сая Сабырқызы Досанова: «Арманмен қанаттанып, небары 16 жасымда білім қуып, Алматыға аттандым»

СҰХБАТ

Көптің көңіліне қуаныш сыйлайтын көктем мерекесі, 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні де келіп жетті. Әйел тек сұлулықтың символы ғана емес, оның қоғамдағы айрықша рөлімен қатар, атқаратын қызметі де, жеткен жетістігі де мол әрі маңызды. Бұл ретте, айналамызда отбасы мен қоғам жүгін қатар алып жүрген нәзік жандылар баршылық. Мереке қарсаңында өз өмірін ғылым дейтін күрделі салаға арнаған асыл да ардақты жан, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Сая Досановамен сұхбаттасқан едік. Ол өзін кәсіби, ғылыми және қоғамдық қызметте әр қырынан танытып, жоғары білімді маман даярлау ісіне сүбелі үлес қосып келеді.

 – Сая Сабырқызы, әңгімеміздің әлқиссасын өзіңізден бастасақ. Бүгінгі биігіңізге жеткізген өмір жолыңыз туралы қысқаша айтып берсеңіз…

– Менің жолым ұстаздықты жүрек қалауымен таңдаған жанның жолы дер едім. Еңбек жолымды ассистент болып бастап, кейін университеттің вице-президенті қызметіне дейін өстім. Бұл бір күндік жетістік емес, жылдар бойы үздіксіз ізденіс пен адал еңбектің нәтижесі. Мен үшін әр баспалдақ жауапкершілік пен сенімнен тұрды. Әлі де солай. Сол кездегі С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінде білім алған соң, білім беру жұмысымен қатар, ғылыммен шұғылдануды да өзіме мақсат еттім. Қай салада болсын, адал еңбек пен табандылық басты құндылық деп білемін. Ғылыми еңбектерім филология, педагогика салаларымен тығыз байланысты. Тіл стилистикасы, көркем аударма, оқыту әдістемесі, жоғары мектепті жаңғырту мәселелері бойынша бірқатар зерттеулермен айналыстым. Бұл жөніндегі ғылыми еңбектерім түрлі басылымдарда жарық көріп, жоғары оқу орындарында маман даярлау жұмыстарында қолданылып келеді. Көптеген оқу-әдістемелік құралдардың авторы ретінде білім сапасын арттыру, оқытудың практикалық бағдарланған тәсілін енгізу жұмыстарына белсене араластым. Ғылыми-педагогикалық қызметім мемлекет тарапынан жоғары бағаланып, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағымен, Ахмет Байтұрсынов атындағы орденмен, «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері» және «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгілерімен марапатталдым. Қызмет барысында қандай жетістікке жетсем де, ол ең алдымен, ұжымдық еңбектің жемісі деп білемін. Ғылыми зерттеулер, оқу-әдістемелік еңбектер, білім сапасын арттыру жолындағы ізденістердің барлығы бір мақсатқа қызмет етеді. Мен үшін ең үлкен марапат шәкірттерімнің жетістігі дер едім.

  – Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университеті бүгінде өңірдегі жетекші жоғары оқу орындарының бірі. Осы оқу орнының басты бағыттарына тоқталып өтсеңіз…

Бүгінде өзінің 26 жылдық тарихы бар білім мен ғылым ордасына айналған Абай Мырзахметов атындағы университет қабырғасынан осы уақыт ішінде ел игілігі үшін еңбек етіп жүрген, креативті ойлайтын, қаншама өз ісінің нағыз мамандары түлеп ұшты. Бұл оқу орнының ұстаздары әр студенттің бойындағы қабілетті оятып, оның зияткерлік және шығармашылық әлеуетін ашуды мақсат етеді. Мұнда тек білім беріп қана қоймай, жас мамандардың үлкен өмірге сенімді қадам басуына жол ашылады. Сонымен қатар, оқу орны профессорлық-оқытушылар құрамының кәсіби дамуына ерекше көңіл бөліп, білім беру үдерісін заман талабына сай жетілдіріп келеді. Ғылыми ізденістер мен инновациялық жобаларға кең мүмкіндік беріліп, сапалы білім алуға қолайлы орта қалыптастырылған. Университет ұжымы үшін ең бастысы,  табысқа ұмтылып, алдына биік мақсат қоя білетін, ел дамуына үлес қосатын бәсекеге қабілетті маман тәрбиелеу. Сондай-ақ, оқу орны басшылығының міндеті студенттердің зияткерлік әрі шығармашылық әлеуетін толық ашуға жағдай жасау. Оқытушылар құрамының кәсіби дамуына қолдау көрсету, білім беру үдерісін тиімді ұйымдастыру, ғылым мен инновацияны ұштастыру біздің негізгі бағытымыз болып табылады.

–Осы тұста өзіңіздің өскен ортаңыз, балалық шағыңыз, арманыңыз бен ғылым жолына бет бұрған сәттеріңізге оралсақ. Әкеңіз Сабыр Мәліковтың Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген мұғалімі болғанын білеміз. Әке тәрбиесі сіздің ғалым болуыңызға ықпал етті ме?

–Дұрыс айтасыз, кім-кімге болсын, оның қоғамда өз орнын тауып қалыптасуы үшін өскен ортасы, алған білімі мен тәрбиесі негіз болатыны рас. Халқымыз «Әке көрген оқ жонар» деп жатады ғой. Менің бүгінгі жеткен жетістіктерім мен атқарып жүрген қызметіме әкем тікелей ықпал етті. Менің алғашқы ұстазым осы әкем дер едім. Ол кісі өзінің ұстаздық жолында мені ғана тұлға етіп даярлаған жоқ, қаншама шәкірттің арманына даңғыл жол салып берді.  Ол кісінің адалдығы, білімге деген құрметі, шәкіртке деген жанашырлығы маған өмірлік бағдар болды. Осындай тәрбиенің арқасында өзім де ұстаздық жолды таңдадым. Білім саласындағы өнегелі де қажырлы қызметі кезінде Ленин орденімен де аталып өткен әкемнің көп жылдық оқу ағарту саласындағы еңбегі ескеріліп, қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы, Уәлиханов ауданының орталығы Кішкенекөл кентінің орталық көшелерінің біріне есімі берілді. Бұрындары бұл жер Көкшетау облысы, Қызылту ауданының орталығы болды. Өзіміз осы жерде туып өсіп, Қызылту орта мектебінен түлеп ұштық. Мектеп бітірген соң небары 16 жасымда арман қуып, білім іздеп, Алматыға аттандым. Қазір ойласам, қаршадай қыз бола тұра, пойызбен жападан жалғыз қалай бардым, қалай оқыдым деп ойлаймын. Үлкен қалаға оқуға түсіп, туысымның үйінде тұрып, бар арман-мақсатымды жүзеге асыруға тырыстым. Жоғарғы оқу орнын аяқтаған соң, аспирантураға оқуға түстім. Аядай ауылдан туындаған ғалым болсам деген арманым шындыққа айналып, университет қабырғасында жүргеннен-ақ, ғылыми ізденістерге қызығушылық таныттым. Сөйтіп, аспирантурада оқып жүргенде кандидаттық диссертация қорғадым. Диссертациямның тақырыбы орыстың атақты жазушысы Лев Толстойдың аталған романның қазақша аудармасы негізінде орыс тілін оқыту мен тіл стилистикасын сақтаудың перспективалары болды. Осы жұмысымды қорғап шығу үшін «Война и мир» романының орысша-қазақша сегіз томынан бас алмадым. Алматыдағы кітапханаларды тауысып, Мәскеудің орталық кітапханаларының бірінде күн ұзақ қағазға шұқшиюмен болдым. «Оқу инемен құдық қазғандай» демекші, ақыры, диссертациямды сәтті қорғап кандидат атандым. Кейін менің бұл еңбегімді Толстойдың туған жері Лясная Полянадан сұрау салып, сұратып алып, кейін мен жұмысымды жіберген соң, ол арнайы сондағы ұйымдастырылған көрмеге қойылды.

Осы күнгі отбасы мен күнделікті қызметті қатар алып жүруде кездесетін қиындықты қалай жеңіп келесіз?

– Мен жоғарыда адамның тұлға болып қалыптасуы үшін әсер ететін факторларды атап өттім. Ал, әйел адамға отбасы, ошақ қасында көп жағдайда оның өмірлік серігі тірек болады. Онсыз ештеңе мүмкін емес. Әрбір табысты әйелге міндетті түрде қолдау қажет. Өзінің ұлы мақсаттарына жеткісі келетін жас отбасылар осыны ескерсе екен деймін. Бұл тұрғыда өмірдің әрбір қиын сәтінен, дауылы мен жауынынан аман өтуге ортақ табандылық, қайсарлық, бір-біріне деген мейірім мен қамқорлық қажет. Ерлі-зайыптылар бір-бірін түсініп, қолдау танытса, алынбайтын қамал, бағынбайтын асу жоқ. Менің  жұбайым Абай Мырзахметов атындағы университеттің ректоры, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі Сағынтай Зекенұлы Елубаев маған отбасылық өмір жолымызда көп қолдау көрсетті. Әрдайым жанымда болып, ең маңызды кезеңдерде тірек бола білді. Біз барлық армандарымызға, мақсаттарымызға бірге қанат қақтық, бірге қол жеткіздік деп ойлаймын.  Бүгінде ұлымыз университет президенті, заң ғылымдарының докторы, Қазақстан Республикасы Мәжілісінің экс-депутаты Мәди Сағынтайұлымен оқу ордасының дамуына, оқу-ағарту саласына тиісті үлес қосып келеміз. Отбасы мен ортақ істі үйлестіру қаншалықты маңызды болса, бір- бірімізге деген қамқорлығымыз бен жанашырлығымыз соншалықты маңызды. Ортақ мақсат пен сенім болса, бәрі үйлеседі. Бізді біріктіретін білімге деген құрмет, университет жұмысына деген жауапкершілік дер едім.

–Жаңа сөзіңіздің арасында өзіңізді бақытты жанмын деп қалдыңыз.  Олай болса, сол бақыттың өлшемі неде?

– Бақыт  сүйікті ісіңмен айналысу, ел игілігіне қызмет ету. Жастардың жетістігін көру – мен үшін үлкен қуаныш. Арманым  білімді, тәрбиелі, отаншыл ұрпақ тәрбиелеу. Өзім де сол жолда хал-қадірімше аянбай еңбек етіп келемін. Осы ретте, жастарға, шәкірттеріме айтарым, жоғары білім жай ғана диплом емес. Ол  адамның дүниетанымын қалыптастыратын, өзіне сенім ұялататын, болашаққа жол ашатын құндылық.  Ұлы Абайдың «Еңбектен,  өзгенің бәрі жалған» деген сөзі менің өмірлік ұстанымым. Еңбек қана адамды шыңдайды, биікке жетелейді. Қалғанының бәрі өткінші. Адал еңбек еткен жан міндетті түрде сол маңдай терінің нәтижесін көреді.

Ұжымыңыз сізді талапшыл, стратегиялық ойлай білетін басшы ретінде сипаттаса, студенттер тек басшы емес, ақылшы, жанашыр ұстаз ретінде қабылдайды екен. Жастармен бұлай жұмыс істеуіңіздің сыры неде?

– Өз жұмысымда әділдік пен адамгершілікті басты орынға қоюға тырысамын. Басшы болу  бұйыру емес, бағыт беру. Ұстаз өз шәкіртінің бойынан қабілет көруге тиісті. Университет – мен үшін үлкен отбасы. Мұнда әр студент пен әр оқытушы маңызды. Жастарға сену керек. Оларға жылы сөз бен шынайы қолдау ауадай қажет. Кейде бір ауыз жігерлендіру адамның тағдырын өзгертуі мүмкін. Мен олардың әрқайсысының болашағына бейжай қарай алмаймын. Ал, білімді, ойлы, елге қызмет ететін азамат тәрбиелеу біздің парызымыз.

–Енді өзіңіздей нәзік жандылардың мерекесіне орай, әріптестеріңізге, барша әйелдер қауымына бір ауыз ізгі тілегіңізге кезек берсек…

– 8 наурыз жай ғана көктем мерекесі емес, әйелге деген құрметтің, аналарға деген алғыстың қайнар көзі. Әйел өмірдің шуағы, отбасының ұйытқысы, ұлттың тәрбиешісі. Қай салада жүрсе де, ол мейірім мен парасатты қатар алып жүреді. Мен барша аналар мен аруларымызды осы жарқын мерекемен шын жүректен құттықтаймын. Әр шаңырақта шаттық пен сыйластық болсын. Әйелдің жүрегі шексіз мейірімнің мекені. Сол мейірім ешқашан сарқылмасын.

Әйел бақытты болса, отбасы бақытты, отбасы бақытты болса, қоғамның да іргетасы берік. Сондықтан, әр нәзік жан өз қадірін біліп, арманынан айнымаса, білім мен ізденістен қол үзбесе екен деймін. Әйелдің күші оның төзімінде ғана емес, оның ақылында, сабырында, жүрегінің кеңдігінде деп білемін.

Баршаңызға көктемдей құлпырған көңіл-күй, еңбекте табыс, шаңырақтарыңызға амандық тілеймін. Арманымыз асқақ, мақсатымыз айқын болсын!

–Жан-жақты, байыпты да ұлағатты әңгімеңіз үшін көп рахмет.  Өзіңізге де төл мерекеміз құтты болсын!

–Рахмет. Еңбектенейік, ізденейік, сонда ғана елдің ертеңі жарқын болады.

Сұхбатты жүргізген Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар