8-наурыз мерекесі қарсаңында «Көкшетау» мәдениет сарайында салтанатты іс-шара өтті, – деп хабарлайды «Арқа ажары» газеті облыстық әкімдіктің баспасөз орталығына сілтеме жасап.
Салтанатты жиын қонағы португалиялық әнші Лара Алейшо қазақ тілінде ән шырқап, келушілерді тәнті етті. Мерекелік басқосуға өңіріміздегі сан саланың үздіктерінен құрылған арулар жиылды.
Айта кетсек, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, бизнес, мемлекеттік қызмет және қоғамдық ұйымдар да бар.
Облыс әкімі Марат Ахметжанов өзінің құттықтау сөзінде қыз-келіншектердің қоғамның дамуына орасан зор үлес қосып отырғандығын жеткізді.
– Қазақстан әйелдері елдің қалыптасуымен нығаюында зор рөл атқарды. Бүгінде әйелдер өндіріс пен ауыл шаруашылығы салаларында, денсаулық сақтау жүйесінде, сот және құқық қорғау органдарында, мәдениет пен спортта еңбек етуде. Сонымен қатар сіздер шаңырақтың жылуын сақтап, бала тәрбиелеп, ер-азаматтарға қолдау көрсетіп, олардың рухын нығайтасыздар, — деп, жылы лебізін білдірді аймақ басшысы.
Осынау мерейтой күні бірқатар әйел өздерінің аса жауапкершілігі мен облыс дамуына қосқан өлшеусіз үлесі үшін «Құрмет» орденімен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен және облыс әкімінің алғыс хаттарымен марапатталды.
Мерейтойда 9 көпбалалы ана «Алтын алқа» және «Күміс алқа» алқаларымен наградталды.
Айта кетейік, осы күні Ақордада өткен салтанатты жиында Ақмола облыстық жедел медициналық жәрдем станциясының пациенттерді қолдау қызметінің жетекшісі Қарлығаш Исмағамбетова «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.
Бейбарыс ШАЛАБАЕВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суреттер gov.kz сайтынан алынды.
![]()

