Көп мерекелердің ішінде мен үшін бұл мейрамның орны ерекше. Өйткені, ол Ұлыстың ұлы күні, яғни, жыл басы. Бізде Наурыз мейрамының жоғары деңгейде өтуіне аудан жұртшылығы бірлесіп атсалысады. Мерекеде түрлі ұлттық ойындар ойналып, қыз қуу, ат жарыс, палуандар күресі ұйымдастырылады. Әрбір ауылдық округ киіз үй тігіп, оның сән-салтанаты, қонақжайлылығы бойынша өзара жарысады.
Ән мен күйі шалқыған думанды көріп, көңілім көкке жеткендей бір жасап қаламын. Осының барлығы ынтымақ пен ырыстың арқасы деп білемін. Мен осы қалада 1967 жылдан бері тұрамын. Бүгінгі Степногорск бұрнағы жылдармен салыстырғанда көз танымастай өзгерген. Жаңа құрылыс нысандары, ірі кәсіпорындар да бой көтеріп келеді.
Қазақ «Ынтымағы бар үйді ырысы билейді, ынтымағы жоқ үйді ұрысы билейді» демей ме? Ата-бабаларымыз қандай қиын кезеңде де өздерінің жақсы үміттерін осы мезгілмен байланыстырған. Себебі, бұл атаулы күн адамзатқа, жалпы тіршілік иелеріне күш-қуат беретін қайнар бұлақ секілді. Бүгінгі ұрпақ, бақытты ұрпақ. Елімізде жүздеген ұлт пен ұлыс бір шаңырақтың астында тату-тәтті тұрып жатыр. Степногорск қаласында өзге ұлт өкілдері көптеп шоғырланған. Алайда, менің байқағанымдай, солардың көпшілігі Наурыз мейрамында қонақ шақырып, мерекелік дастархан жаяды. Әр отбасында ет асылып, көже ішіледі. Одан бөлек түрлі жөн-жоралғылар жасалады. Өйткені, Наурыз ежелден ырыс пен молшылық, жақсылық пен құт-береке бастауы. Бәрі де адамның өзіне байланысты. Таяуда 81 жасқа толамын. Туған күнім Әз Наурыз мерекесі қарсаңында екендігін жақсылыққа балаймын. Екі ұл мен үш қызымнан өрбіген үбірлі-шүбірлі шаңырақпыз. Өз басым немере-шөберелеріме ұлттық-салт дәстүріміз туралы жиі айтып отырамын. Әр жыл сайын отбасымызда Наурыз мейрамын атап өту дәстүрге айналған. Аға ұрпақ өкілдері, яғни, біз жастарға мейрамның мәні мен маңызын мейлінше түсіндіруге міндеттіміз. Ежелден ырыс пен молшылық, жақсылық пен құт-береке бастауы саналатын Әз Наурызда әр отбасына бақ-береке, ынтымақ пен ырыс тілеймін. Ақ ниетпен жайылған әр қазақтың дастарханынан құт кетпей, несібеміз ортаймасын. Тәуелсіз елдің тұғыры биік, ғұмыры ұзақ болғай әманда.
Тоқтамыс САҒИЕВ,
Степногорск қаласының құрметті азаматы.
Степногорск қаласы.
Өткен жылы ел тәуелсіздігінің 25 жылдығын атап өттік. Кеңес заманында өмір сүрген біздер үшін тәуелсіздік жылдарында болған өзгерістердің орны бөлек. Тың игеру кезеңінде солтүстік аймақтарда өзге ұлттың өкілдері көптеп қоныстанып, ана тіліміз бен салт-дәстүріміз шеттеп қалғандығы белгілі.
Тәуелсіздігіміздің арқасында сол ұлттық құндылықтарымызбен қайта қауышып қуанып жатырмыз. Бала кезімізде ауыл тұрғындары бір-бірін қонаққа шақырып, наурыз көже ішетініміз есімде қалыпты. Ал, кейінірек ол ұмытылып, орыстың масленица, қысты шығарып салу, рождество сияқты мерекелерін тойлайтын болдық. Тіпті, бертінге дейін қазақ ауылдастарым жаңа жыл кезінде үйді жағалап бидай шашып, мәре-сәре болып жататын. Кеңес заманында өмір кешкен біздер үшін ең ұлық мереке – жаңа жыл болушы еді. Әрбір өзін сыйлайтын отбасында үлкен бөлмесіне шырша орнатып, үстел жасап, оған міндетті түрде арақ-шарап қоятын және жаңа жылды шампан атып қарсы алатынбыз. Ал, келесі күні, жаңа жылдың алғашқы күнінде үй-үйді жағалап, дастарханнан дәм татып, тілек айтатынбыз. Тілек жәй айтылмай, арақ құйылған стақан ұстап айтылатын. Әйелдер де, ер адамдар да, үлкен де, кіші де жаңа жылды осылай қарсы алатынбыз.
Мен өзім туып-өскен бұрынғы «Кеңарал» кеңшары, қазіргі Үкі ауы-лында тоқсаныншы жылдардың басында ғана Наурыз тойлана бастады. Киіз үй тігіп, наурыз көже пісіріп, атжарыс ұйымдастырылып, жергілікті өнерпаздар өнер көрсетіп, ұлттық дәстүріміз қалпына келгендей болып еді. Кеңес заманында өмір кешкен біздер қазақ тілі мен дәстүрлерінен мақұрым өстік. Қазақ ауылында туып-өскендіктен болар, орыс мектебінде оқып, жоғары оқу орнын орысша бітірсем де, қазақ тілінде жақсы сөйлеймін. Туыстармен, тұрғыластарыммен кездескенде үнемі қазақша сөйлесетінбіз. Отбасында да қазақша сөйлеп, балаларымды қазақ тілінде сөйлеуге дағдыландырдым. Өйткені, ұлттық құндылықтан аулақ қалған адам тамырынан ажыраған ағаштай адами бет-бейнесінен айрылады деп ойлаймын. Тәуелсіздігіміздің арқасында қайта қауышып жатқан ұлттық дәстүрлерімізді ұлықтап, дамытуымыз және жас ұрпақтың бойына сіңіруіміз қажет.
Қай нәрсені де бүлдіру оңай, қалпына келтіру қиын. Рас, Наурыз тойын қайта жаңғырттық дейміз, бірақ Ұлыстың ұлы күні бір күн ғана тойланып, оның өзі ресми түрде құзырлы органдардың ұйымдастыруымен өтетіні өкінішті. Бала кезімізде шет жағасын көрген едік, ауыл тұрғындары ешкімнің нұсқауынсыз өздері көршілермен бірігіп үлкен қазанға наурыз көже пісіріп, ауыл-аймақты түгел шақыратын. Келесі күні тағы бірнеше үй бірігіп, көже жасап, басқаларды шақырып, осылай
Наурыз тойы бір айға созылушы еді. Сол дәстүрді қазір де жаңғыртуымыз қажет. Қазақ үшін Наурыз жыл басы, яғни, жаңа жыл. Ендеше, жаңа жылымызды жақсылап салтанатпен қарсы алып, барша ауыл-аймақ болып атап өткеніміз жөн болар еді.
Сүйіндік АХМАРОВ.
Жақсы ауданы.
Елбасымыз жырақта жүрген қазақтарды тарихи атамекеніне шақырғанда бірден қолдап,1996 жылы Монғолиядан Қазақстанға оралдық. Сол елді мекен еткен қазақтардың Наурыз мейрамын тойлау жөнінде сөз қозғағанда, балалық шағым еріксіз еске түседі.
Ата-анам бізге үлкенді сыйлап, кішіге ізет білдіріңдер деп жиі айтатын. Бұл ұлттық тәрбие бізге өмірлік қағида болып қалыптасты. Ұл-қыздарымды да осы бағытта тәрбиелеудемін. Туған жерімнен қоныс аударғалы жиырма жылдан асса да Наурыз мейрамында жасалатын салт-дәстүрлерді ұмытқан емеспін. Бұл мерекені ескі жылдан жаңа жылға аман-есен қауышып, бір-бірімізге тілек айтып жүретін бақытты күндер деп ойлаймын. Ұзынның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілетін кезі деп аталарымыз айтып отыратын сөздері есімде қалыпты. Міне, көктемнің шуақты күндері жылы леп әкеліп, адамдардың көңіл-күйін өзгертті. Күн мен түн теңеліп, жер бетіндегі тіршілік ояна бастады. Монғолияда тұратын қазақтар да көктемді тағатсыздана күтеді. Үй ішін алаша, түскиіз, оюлы сырмақ алашалармен безендіреді. «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деген аталы сөзге орай, 21 наурыз күні шек беріліп, марқұмдарға құран оқылады, мешітке садақа беріледі.
22 наурыз жаңа жыл мерекесі ретінде тойланады. Таңертең ауыл ақсақалдары облыс орталығында өтетін Наурыз шеруіне қатысады. Таң ата тайларына мінген ауыл балалары ақсақалдар үйінің оң жағына барып, тойға шақыру әні – жарапазан айтады. Бұл балаларға сый-сияпат беріледі. Наурыз ағайын-туысты береке-бірлікке шақыратын мереке болғандықтан, әжелер соғымнан сақтаған жал-жая, қазы-қарта тәрізді сүрін пісіреді. Орталықта киіз үй тігіліп, қазан көтеріледі. Ет, тары, арпа, қатық, тұз, айран, күріш салынып, наурыз көже пісіріледі. Наурыз мерекесінде жұртқа көже, қуырдақ, бауырсақ, құрт, май, ірімшік, жент тәрізді тағамдар таратылады. Көпшілік жиналған алаңға қазақтың ұлттық ойындарын ойнау үшін жастар шақырылады. Алаңның төрінде ақындар айтысы өтеді. Сөз додасының жеңімпазына ат мінгізіп, шапан жабады. Бұдан кейін жұрт палуандар күресін, қыз қуу мен ат бәйгесін тамашалайды. Жастар шоғырланған ортада алтыбақан құрылады. Мұнда арқан тарту, асық пен ақсүйек ойындары ойналады. Біраз жылдар өтсе де ұлттық ойындар мен салт-дәстүрімізді ұмытқан жоқпын. Бұл жөнінде жиі айтып, балаларымның санасына сіңіріп отырамын.
Наурыз мерекесінде туыс-туғандар, дос-жарандар, көршілер бір-біріне қонаққа барады. Осы орайда, 40 үйден дәм тататын жақсы дәстүр бар. Үй иесі өзі қыдырып кеткенде дастарханын жа-йып, есігін ашық қалдырады. Меймандар дастарханнан дәм татып, келгендерін білдіретін жора жасап кете береді. Ауыл жастары мінетін аттарын бір апта бұрын дайындайды. Бойжеткен қыздар шашбауларын тігіп, мерекеде киетін ұлттық киімдерін сәндейді. Монғолия қазақтары Наурыз мерекесін үш күн тойлайды. Мерекеде ата-әжелеріміз ұрпақтарына жақсы тілектер айтып, еліміздің амандығын тілеп тарасатын.
Жәрдемгүл ҚАБАЙ,
аудандық мәдениет үйінің
көркемөнерпазы.
Астрахан ауданы.