Премьер-Лигадағы Қазақстан біріншілігінің алғашқы турында өз алаңында Семейдің «Елімай» клубымен тең тарқасқан Көкшетаудың «Оқжетпесі» сырт алаңға екінші турдың ойынын өткізді.
Бұл жолғы қарсыласы Ақтаудың «Каспий» командасы болды. Бұл клуб өз стадионының күрделі жөндеуден өткізіліп жатқанына байланысты қонақтарды Қызылорданың былтыр пайдалануға берілген жаңа стадионында қабылдады. Ойын ә дегеннен тартысты басталды. «Оқжетпестің» бұрынғы жылдары осы клубқа аяқ доптан жіберіп алып жүрген есесі бар. Бірде бірін-бірі ұтып, бірде тең түсіп жататын екі команданың өзара тартысында бұған дейін шешуші матчтарда «Каспийдің» басымырақ түсіп, өзекті ащы өкініш жайлаған сәттеріміз де жоқ емес.
Наурыз мейрамы алдындағы осы жолғы текетірес қалай болар екен?! Сол оймен теледидар экранына үңілдік. Бізді ә дегеннен «Оқжетпестің» ойын тізгінін өз қолына алғаны қуантты. Рас, екі клуб үшін де сырт алаң болып табылатын ойынға тақа жанкүйерлер жиналмай, бос дерлік стадионда өткен кездесуде есеп бірінші таймның орта тұсында ашылды. Алаңда үстемдік еткен оқжетпестіктер Василий Совпельдің көмегімен қарсыластар қақпасына бір гол соққан алғашқы кезең солай аяқталып, үзілістен кейін «Каспийдің» қарымта доп соғып, ойынды теңестірмек болған күш-жігері ақыры, өз жемісін беріп, 71 минутта есеп теңесті.
Бұдан кейін «Оқжетпестің» биылғы маусымда зор үміт күтіп отырған белді ойыншысы Оралхан Өміртаевтың кезегі келіп, айналдырған үш минуттың ішінде айып алаңының сырт жағынан соғылған екі әдемі голы ойын бағытын мүлдем өзгертіп жіберді. 3:1 есебі «Оқжетпестің» осы сәтте көгілдір экраннан көз алмаған қай жанкүйерінің болсын, төбесін көкке жеткізіп, жеңіс бізде деген ойға нық табан тіреткені анық еді.
Иә, шынында да солай болып, сырт алаңда қол жеткен бұл жеңіс «Оқжетпесті» бірден турнир кестесінің үшінші сатысына көтерді. Әзірше бір тең ойын мен бір ұтыс ақмолалықтар үшін жаман емес сияқты. Оның үстіне өз алаңымызда өтетін келесі ойында бұл нәтижені еселей түсетін де мүмкіндік бар. Ендеше, құрметті жанкүйерлер, 21 наурыз күні сағат күндізгі 14.00-де жерлес футболшыларымыз Жезқазғанның «Ұлытауын» қабылдайтын «Оқжетпес» стадионында жолығайық!
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
![]()

