Тек той-думан ғана емес, тәрбие мен тағылымның тұнығы

Бүгінгі таңда Наурыз мейрамының мазмұны байып, құндылықтары түгенделіп келеді. Ақмола өңірінде, арқаның баурайында бұл мереке ерекше сән-салтанатымен аталып өтіледі.  Дәл осы кезде бұрынырақта көшпенділер заманында Шу бойынан осы өңірге қарай көктеуге келетін болған. Салқын самал, таза ауаның саф иісі бүгінде қай жанды да баурап аларлық.

Мұсылманшылықтан ада емес, түркі халықтарының бірі де бірегейі қазекең Наурызға аса мән берген. Осы орайда ғалым-тарихшы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Аманай Сейтқасымов осы атаулы мерекенің тарихи астары мен бүгінгі сипаты туралы былай ой қозғаған еді.

– Наурыз – тек түркі жұртының ғана емес, бүкіл Шығыс халықтарының, соның ішінде иран тілдес халықтардың да ортақ қазынасы. Бұл мейрамды «Жыл басы» деп атауымыз тегін емес. Әсіресе, көшпенді халықтар үшін Наурыздың маңызы өте жоғары болған. Біз табиғаттың төл перзентіміз, сондықтан, күллі тіршіліктің тамырына қан жүгіретін осы кезеңді ерекше қастерлегенбіз. Арқаның аязды қысынан малын жүдетпей аман шығарған ата-бабаларымыз жайлаудың бетін бағдарлап, жылы шуақтың соңынан жазы салқын, суы мол құтты қоныстарға қарай бет түзеген. Бұл – табиғат пен адамның үндестігі.

Тарихқа көз салсақ, Наурыздың басынан небір қилы кезеңдер өтті. Кеңестік коммунистік идеология кезінде бұл мейрамға «діни сипатқа ие» деген желеумен тыйым салынды. Шын мәнінде, билік Наурыздың халықты біріктіруші күшінен, оның терең ұлттық рухынан сескенді. Тек 1988 жылдары ғана  бұл мейрам халқымызға қайта оралды.

Егемендіктің 35 жылында біз Наурыздың шынайы мазмұнын қайта түсіндік. Бұл – тек той-думан емес, бұл – тәрбие мен тағылымның, бауырмалдық пен қайырымдылықтың мектебі. Қыстан қысылмай шығып, жақсылыққа жарқын үмітпен қарау – басты құндылығымыз. Бүгінде Наурызнама онкүндігі аясында қоғам жаңарып, болашаққа деген сенім нығайып келеді. Біз бүгін тарихымыздың жаңа бетін жазып жатырмыз.

Келесі кезекте, Ақмола облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шиап Әлиев өз пікірін былай деп өрбітті.

– Күн мен түн теңеліп, табиғат ана ұйқысынан оянған қасиетті Әз-Наурыз келгенде, төрде отырған ақсақалдың айтар сөзі де, берер батасы да ерекше мәнге ие болады. Бұл мейрам тек той-думан емес, бұл – жаратылыстың жаңаруы мен ұлттық рухтың қайта түлеуі.

Наурыз – адамзат пен табиғаттың үндестік табатын шағы. Самарқанның көк тасы еріген бұл күнде жер бусанып, тіршілік атаулыға жан бітеді. Ескі жыл есіркеп, жаңа жыл жарылқасын деп тілек айтудың астарында үлкен үміт пен сенім жатыр. Бұл күні өкпе-ренішті ұмыту, араз ағайынды татуластыру – басты міндет. Көңілдегі кір тазарғанда ғана, жаңа жыл берекелі болады деген түсінік халқымызда берік орныққан.

Наурыздың ең асыл дәстүрінің бірі – Көрісу. Ақсақалдар үшін бұл жай ғана қол алысу емес, бұл – бауырдың бүтіндігін, елдің тыныштығын тілеу. Жасың құтты болсын деп төс қағыстыру – өткен жылдың аман-есен артта қалғанына шүкіршілік етудің нышаны. Қариялар жастарға бір-біріне деген құрметті жоғалтпауды, ағайынның арасы суымауын және іргеміздің берік болуын өсиет етеді.

Мерекелік дастарханның сәні – жеті дәмнен құралған Наурыз көже. Ақсақалдар бұл астың әрбір құрамының өзіндік мәні бар екенін ескертеді. Сүт, ет, су, тұз, бидай, тары және май – бұл тоқшылық пен молшылықтың белгісі. Ақ мол болсын, қазаның ортаймасын деген тілек арқылы халық бір жылғы ризық-несібесіне деген дұғасын білдіреді.

Әз-Наурыздың ең биік түйіні – ақсақалдың ақ батасы. Қазақ ұғымында бата – жақсы ниеттің көрінісі, жол ашатын киелі сөз. Наурызда айтылатын батаның жөні бөлек. «Уа, жаратқан ием жарылқа, ескі жыл есіркесін, жаңа жыл жарылқасын, ұлыс оң болсын, ақ мол болсын, дендерің сау, бастарың аман болсын, пәле-жаладан сақта, береке-бірлікті арттыр» деп жайылған қолдар ізгіліктің бастауы іспетті.

Иә, осы бір көпті көріп келе жатқан үлкендер Наурыз туралы пайымын ұрпақтар сабақтастығының алтын көпірі деуге болады. Бұл мейрам арқылы біз өткенімізді қастерлеп, болашаққа нық қадам басамыз. Олай болса, Ұлыс оң, ақ мол болсын, ағайын!

Бейбарыс ШАЛАБАЕВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар