Дұрыс таңдау мен сенім – жарқын болашақ кепілі

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов ел өміріндегі маңызды қоғамдық-саяси оқиғалар мен ұлттық құндылықтар тоғысқан ауқымды шара «Халық таңдауы – жарқын болашақ» флеш-фестиваліне қатысып, барша ақмолалықтарды Наурыз мерекесімен құттықтап, өңірдің дамуына үлес қосқан бірқатар азаматтарға мемлекеттік марапаттар тапсырды.

Бұл күні Көкшетауда орналасқан Kokshe Arena көпфункционалды спорт кешеніне облыстың 500-ден астам қоғам белсендісі мен жастар ұйымдарының жетекшілері, білім, мәдениет, денсаулық сақтау салаларының мамандары мен қала тұрғындары жиналды. Наурызнама мерекелік онкүндігі аясында ұлттық мәдениетті ұлықтау мақсатында ұйымдастырылған сырмақтан ауқымды композициялық кілем жасалған «Сырмақ» фестивалі да Наурыз мерекесін тойлауға арналған биылғы жылдың айрықша жобаларының бірі болды.

Шарада сөз сөйлеген өңір басшысы Марат Ахметжанов өз сөзінде ең алдымен, елімізде жүзеге асырылып жатқан реформалардың маңыздылығына тоқталып өтті.

– Жаңа Конституция жобасын қабылдаған республикалық референдум қорытындыларына сәйкес, осы маңызды шараға қатысып, дауыс беру жағынан Ақмола облысы еліміздегі белсенді аймақтардың бірі болды. Бұл, әрине, облыс тұрғындарының еліміздегі өтіп жатқан аса маңызды оқиғаларға бейжай қарамайтындығын білдіреді. Осы референдумда бір кісідей жұмылып, ауызбіршілік танытып, саяси науқан үдерісін қалыпты деңгейде өткізген жерлестерімізге алғыс білдіремін. Конституцияны қолдаған халықтың таңдауы ел болашағына деген жауапкершілік пен бірліктің айқын көрінісі, – деді облыс әкімі шарада сөйлеген сөзінде.

Содан соң биылғы Наурыз мейрамының елдің қоғамдық-саяси өміріндегі маңызды кезеңмен тұспа-тұс келгенін атап өтіп, жиналған қауымды келе жатқан ұлыстың ұлы күнімен құттықтаған облыс әкімі әрі қарай еліміздің дамып, нығаюы мен ынтымақ-бірлігімізге үлес қосқан бірқатар азаматтарға мемлекеттік марапаттар тапсырды.

Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен мемлекет және қоғам қайраткері, Сенаторлар кеңесінің мүшесі, жазушы-драматург, «Ақмола-«Тіршілік» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Жабал Ерғалиев Қазақстан Республикасының мемлекеттілігі мен егемендігін нығайтуға қосқан үлесі үшін І дәрежелі «Барыс» орденімен марапатталды. Сондай-ақ, жиында Көкшетау қалалық мәслихатының төрағасы Дастан Әкімовке «Құрмет» ордені, бірқатар сала өкілдеріне «Ерен еңбегі үшін» медалі табыс етілді.

Сондай-ақ, мерекелік жиында осының алдында ғана Президент қолынан «Құрмет» орденін алған Ақмола облыстық мәслихатының төрағасы, «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» өңірлік коалициясының төрағасы Бейбіт Жүсіпов референдум қорытындылары жөнінде сөз сөйлеп, жиналғандарға Наурыз мейрамына арналған ізгі тілегін жеткізді. Сонымен қатар, көп жылдар бойы ТҮРКСОЙ-дың  Бас хатшысы қызметін атқарып, түркі халықтарының мәдениеті мен өнерін әлемге танытуға зор үлесін қосқан Дүйсен Қасейнов осы шараның арнайы қонағы ретінде Ақмола, Көкше жұртшылығына деген өзінің ыстық ықыласты тілегімен бөлісті. Осы жолы «Lider» қоғамдық ұйымының волонтері Оксана Мироноваға да сөз беріліп, ол өз кезегінде жастар ұйымдары мен жастар қозғалысын қолдаумен келе жатқан мемлекет, өңір басшылығына алғысын жеткізді.

Биыл ғана пайдалануға берілген еңселі Kokshe Arenaның көркіне айналған фестивальда ұлтымыздың мәдениеті мен салт-дәстүрін дәріптеуге бағытталған мазмұнды көрмелер ұйымдастырылды. Спорт кешенінің фойесіне жергілікті қолөнершілеріміздің сәндік-қолданбалы өнер туындылары мен ұлттық киім дизайнерлерінің қолынан шыққан бұйымдар көпшілік назарына ұсынылды.

Маңызды шараның бір айшықты көрінісі Ақмола облыстық мәдениет басқармасының бастамасымен ұйымдастырылып,  әжелер қауымының  қатысуымен жасалған ұзындығы 800 метрге жететін сырмақтар көрмесі болды. Көрмеге ХІХ ғасырдан сақталған көне бұйымдар мен қазіргі шеберлердің заманауи туындылары қатар қойылды. Қолөнершілер ішінен Целиноград ауданының Қоянды ауылынан келген Мина Әбдікерқызы ұлттық өнердің бүгінгі тынысын таныстырып, сырмақ жасау дәстүрінің ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқанын әсерлі түрде әңгімелеп берді. Сөйтіп, шын мәнісінде қазақ халқының ежелден келе жатқан қолөнер туындысы саналатын сырмақтың, ұшқыр уақыт сырғып жатса да, ұлтымыз үшін қадір-қасиеті ерекше екені осы жолы тағы бір мәрте айшықтала түсті.

– Ол киізден жасалып, қошқармүйіз, шаршы, ромб тәрізді ою-өрнектермен әшекейленеді және тек тұрмыстық бұйым ғана емес, ұлттық болмысты айқындайтын рухани мұра ретінде бағаланады, – дейді Мина Әбдікерқызы бізбен әңгіме барысында да.

Сондай-ақ, мерекелік бағдарлама аясында өңірдің түкпір-түкпірінен келген өнерпаздар қатысқан тартымды концерт ұйымдастырылды. Оның барысында Целиноград, Қосшы, Шортанды, Астрахан, Жарқайың, Қорғалжын, Аршалы және Бурабай аудандарынан келген өнерпаздар мен шығармашылық ұжымдардың әншілері мен күйшілері өнер көрсетіп, көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Атап айтқанда, «Тарту», «Атбасар сазы», «Шашу», «Көкек», «Көкше әуендері», «Бұланды назы», «Сазды әуен», «Ереймен сазы», «Назқоңыр», «Арқа әуені», «Дударай», «Мирас әуендері», «Қазына», «Шертер» сынды фольклорлық ансамбльдер ұлттық музыка мен дәстүрлі өнердің көркін қыздыра түсті.  Жоғарыда айтылғандарға қоса, шара шеңберінде ұлттық киімдер дефилесі және хореографиялық қойылымдар ұсынылып, дәстүр мен заманауи өнердің үйлесімі кеңінен көрініс тапты. Осылайша, «Халық таңдауы – жарқын болашақ» флеш-фестивалі ұлттық құндылықтар мен ұлттық мұраны ұлықтап, қоғамдық бірлікті нығайтатын, елімізде жүргізіліп жатқан саяси реформаларды қолдап, мемлекет тұғырын нығайта түсетін маңызды алаң ретінде өз мәнін айқын көрсетті десек қателеспейміз.

Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суретті түсірген Нұрболат БЕКТҰРҒАНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар